Балқаш

Сот билігінің жаңа бастамалары

Сот-құқықтық реформасы белгілі бір мақсатқа жеткеннен кейін тоқтап қалатын құқықтық құбылыс емес, керісінше, ол қоғамдық қатынастармен бірге дамитын, әр кездегі қоғамның саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ететін, қоғамның сұранысын ескере отырып, үнемі жаңашыл өзгерістермен толықтырылып, жетілдіріліп тұратын процесс.

Барлық жаңашылдықтар құқықтық деңгейде бекітілді, атап айтқанда судья кадрларын іріктеу мен даярлауды жетілдіруге, судьяларды іріктеу талаптары мен тетіктерін қатаңдатуға, олардың жауапкершілігін күшейтуге айрықша назар аударылды. Жоғарғы Сот құрылымы өзгертілді. Оның құрамында ірі инвесторлар қатысатын инвестициялық дауларды қарайтын, жаңа мамандандырылған сот алқасы құрылды, ал, қалған инвестициялық даулар Астана қаласы сотының заң құзыретіне енгізілді және ол осындай дауларды бірінші сатыдағы сот ережелері бойынша қарайтын болады. Бұл еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беріп,  инвестициялар мен кәсіпкерлікті құқықтық тұрғыдан қорғауды жаңа деңгейге көтереді, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызады және инвесторлардың қазақстандық сот төрелігіне деген сенімін арттыруға жетелейді. Тергеу судьясына азаматтардың құқықтарын шектейтін тергеу іс-қимылдарының барлығын санкциялау жөніндегі өкілеттіктерді кезең-кезеңімен беру есебінен соттарда қылмыстық сот ісін жүргізуде айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету жұмысы атқарылу үстінде. Бұл ретте енді адамның құқықтарына байланысты барлық іс-қимыл тек соттың санкциясы арқылы жасалатындығын атап айтқан жөн. Бұдан былай тергеу органдары тергеуге алынған адам мен оның адвокатының қатысуымен өтетін толыққанды сот отырысы аясында күдіктіге қатысты қамаққа алу, үйқамақта ұстау, кепіл және басқа шараларды қолданудың  қ

ажеттілігін дәлелдеуге тиісті. Бұл халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді. Жаңартылған заңнамада азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуын қысқарту, тараптардың жарыспалылығы принципінің мәнін күшейту, істерді сот талқылауына дайындау сатыларын жетілдіру, тараптарды шақырусыз, бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту қарастырылған.

Сот процестерін міндетті түрде дыбысбейнежазу ойдағыдай енгізілуде. Жазуды тоқтату немесе дыбысбейнежазу материалдарын редакциялау мүмкіндіктерін болдырмайтынын атап өту керек. Бұл, бір жағынан, нақты сот істерін қарау кезінде судьялардың объективтілігін қамтамасыз етудің елеулі кепілдерінің бірі болса, екінші жағынан, судьяларға, сот мәжілісіне қатысушы тараптарға талапты арттырудың, олардың өз тәртібін нығайтуының ықпалды құралы болуға тиіс. Мұның өзі түпкі нәтижесінде судьялардың іс-қимылдарына байланысты түсетін негізсіз шағымдар мен арыздардың санын азайтуға әкеледі. Мемлекет басшысы қазақстандық соттардың төрағалары өздерінің құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екендіктерін ұмытпаулары маңызды деп атап айтты. Бұл заң жүзінде бекітілген. Қазақстан Республикасының барлық соттарының судьялары Президент Жарлығымен тағайындалады, Жоғарғы Сот судьяларын Президенттің ұсынуымен Парламент Сенаты сайлайды. Судья сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады. Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту шараларына айрықша назар аударылған. Судьялар тәуелсіздігінің маңызды әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында елімізде құрметті зейнетке шыққан судьяларға өмір бойы берілетін ай сайынғы қамтылым төлеу оң шешімін тапты. Бұл судьялардың сот төрелігін барынша объективті атқаруға бар ықыласын аударуға мүмкіндік береді.

Бұл өзгерістердің барлығы сот жүйесінің беделін арттырып, тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен бірге, әрбір судьяның сот төрелігін атқаруда өзіне сеніп тапсырылған өте маңызды да жауапты жұмысында жауапкершілігін күшейтуге ықпалын тигізеді.

М.Башанов,

Балқаш қалалық сотының

судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button