Бас тақырыпРуханият

СОНАРДАҒЫ САЛБУРЫН

Шет ауданында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала мұрасы» атты халықаралық құсбегілер сайысы өтті. Шараны ұйымдастырып, өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі, «Қансонар» республикалық қауымдастығы және Шет ауданының әкімдігі ұйытқы болды.

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы, қазақтың аяулы ұлы Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 125 жыл. Ақынның тойы жыл басынан аймағымызда кең көлемде аталып өтілуде. Мерейтой шеңберінде ұлы қайраткер атындағы мұражайлар жаңғыртылып, аудандық, облыстық деңгейдегі түрлі мәдени шаралар көрініс тапты. 8-10 қарашада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сәкен Сейфуллиннің мерейтойы құрметіне бүркітшілер турнирі – соның бір параасы. Оның басты мақсаты – түп-тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту.

Қарашаның сонарлап атқан ақ таңын табиғатымен тамсандырған Аюлы тауы баурайында саятшылар ит жүгіртіп, құс салды. Сөйтіп, ата-бабаларымыздан бізге мұра боп жеткен ұлттық өнерді паш етті. Сайысқа Қырғызстан мен Моңғолиядан келген, сондай-ақ Қазақстанның әр аймағынан ақсүйек өнерді жанына серік еткен саятшылар қатысып, қырандарының қырағылығын сынға салды.

Екі күнге созылған дүбірлі додаға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, «Қансонар» аңшылық бірлестіктер және аңшылық шаруашылықтар субъектілері республикалық ассоциациясының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Кеңес Одағының Батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының «Қыран» федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы және Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов қатысты.

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалалары жарық көргеннен бері өңірлерде төл спортымыздың айтарлықтай серпін алғанын атап өтті.

– Ұлттық спорт түрлерін дамыту және қолдау патриоттық идеялармен тығыз байланысты. Қарағанды облысында ұлттық спорт ойындары кеңінен етек жайып келеді. Мұндай жарыстар жас ұрпаққа жағымды әсер етіп, қазақы дәстүрлерімізді құрметтеуге үйретеді. Ертеде тазы жүгіртіп, жыртқыш құс салып аң аулау ерекше маңызға ие болған. Бұл адамдарды батылдық пен сабырлылыққа тәрбиелейді, ой ұшқырлығын дамытады. Жас ұрпақ ата-бабаларының мұраларын ұмытпай, дәріптеп келе жатқаны көңілімізге қуаныш ұялатады, – деді Абзал Нүкенов.

Ақсу-Аюлы аспанын қыран құстың кереге қанаттарымен көмкеріп, салт-дәстүріміз жаңарып, жаңғырған жарысқа алыстан ат арытып жеткен шетелдік қонақтар да турнирді ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты.

Шырайлы шарада сөз алған «Ұлы Дала мұрасы» халықаралық турнирінің бас төрешісі Қанат Ахметов «Бүгінгі өтіп жатқан салбурынның мән-мағынасы, маңызы – бізге ата-бабамыздан аманат болып қалған құсбегілік, аңшылық өнерді кеңінен насихаттау, яғни, жаңғырту. Бұл үгіт-насихатымыз – кешегі бабалар мен сал-серілер өнерінің жұрнағы» – деді.

Ұлттық рух кернеп, дүбірлі думанға бөленген Аюлы бөктері бұл күні қазақы ауылдың көрінісін берген. Мұнда келген қонақтар қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлерден дәм татып, бабалар дәстүрін дәріптеген тарихи көрмелерді аралап көрді. Көрмеде саятшылардың киген киімдері мен тұтынған заттары қойылған. Назарға ұсынылған бұйымдардың барлығы да өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Қазіргі ұрпаққа бейтаныс бұйымдардан бөлек мұнда бүгінгі күннің саятшылары салтанат құрып тұр. Олар жаңа дәуірдегі аңшылардың көрінісін паш етуде.

Дархан дала төсінде бабалар үрдісін жаңғыртқан салбурында, ең алдымен, жарысқа қатысушылар киген ұлттық нақышта тігілген киім, құстың жем сауыты, томаға сияқты құсбегіге қажетті құрал-жабдықтар назарға алынып, бүркіттің тұрпаты бағаланды. Сонымен қатар қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшу кезеңдерінде саятшылар құстың бабын көрсетті.

Екінші күні қырандар еркін түрде аңға түсіп, жиылған жұрт нағыз салбурынды тамашалады. Сайыстың мейлінше тартысты һәм қызықты өрбіген тұсы да осы еді.

Баянөлгей өлкесінен келген қандасымыз Кенжебек Байтолда құс салу өнерінің төресін көрсетсе, еліміздің әр өңірінен жиылған саяткерлер желден де жүйрік құмай тазыларын аңға қосып, қиқулатты.

Қырғызстандық бүркітші Түгелбай Абдықадыров: «Салбурын сайысына арнайы келдік. Қазақстанда құсбегілік пен саятшылық өнер жақсы дамуда. Жылда әдемі сайыстар ұйымдастырылып келеді. Мына жарыстың деңгейі өте жоғары» – деді.

Сайыстың тағы бір ерекшелігі – жас ерекшелігі сақталмаған. Мұнда кәнігі саятшылармен бірге құсбегілік өнерге құлшынған жас жеткіншектер де бар. Солардың бірі – Тараздан келген жас бүркітші Берікбол Бабажанов. 12 жасар Берікбол бұл кәсіпті әкесінен үйренген екен. Айтуынша құсшы болу – үлкен бақ. Себебі, қазаққа ғана тән дәстүр атадан балаға мирас болып қалмақ.

Жарғақ құлақ тазы, дүрек, қоян шалатын тазыны шараға жетектеп келгендер ит баптау да үлкен шығармашылық деп есептейді.

– Тазы – аңшы ит. Мен бұрыннан тазы асырап, оларды баптап келемін. Өте ақылды, алғыр, тазалықты жақсы көреді. Бұрында ата-бабамыз киіз үйдің ішіне өзінің шапанын төсеп, жанына тазысын бірге жатқызған. Өйткені, олар иесімен аң аулап, бір елді асыраған асыл тұқымды үй жануарлары, – деді Қарағандыдан келген Рамазан Үсеевті сөзге тартқанымызда.

Ұлттық өнердің бойына қан жүгірткен жарыс та қорытындыланып, жеңімпаздар ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бүркіт салушылар сайысында Жамбыл облысы, Меркі ауданынан келген С.Жалғасұлының «Жанқияр» аты қыраны жеңімпаз болса, екінші орынды атыраулық А.Қошқаровтың «Нарыны», үшінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген С.Күнтуғанның «Алғыры» иеленді.

Қаршыға салуда бірінші орынды қырғызстандық А.Қуатов, екінші орынды маңғыстаулық Е.Сахарбай, үшінші орынды Жамбыл облысынан келген құсбегісі Б.Бабажанов қанжығаларына байлады.

 Ал, ителгі сайысында М.Шалиповтің (Алматы облысы) «Дауыл» атты ителгісі бірінші орын алса, Қырғызстаннан келген Т.Абдықадыровтың «Ышқырығы» – екінші орын, атыраулық Е.Серіктің «Ұшқыры» үшінші орынды еншіледі.

Құмай тазы жарысында бірінші орын павлодарлық Б.Искаковқа бұйырса, екінші және үшінші орындарды Ж.Кеңесбаев (Алматы қаласы) пен Р.Мағзұмов (Нұр-Сұлтан қаласы) өзара бөлісті.

Басқа материалдар

Back to top button