Жаңалықтар

Сольналь – бақытпен бөлісу

         «Елдос» Корей-Қазақстан қайырымдылық қоры Достық үйінде Корей мәдениетінің фестивалін өткізді. Фестиваль Алғыс айту күніне, Астананың 20 жылдығы мен корей халқында шығыс күнтізбесі бойынша мерекеленетін Жаңа жыл – Сольнальді тойлауға арналды.

«Сольналь» – Кореяның ұлттық мерекесі. Ол қуаныш пен бақыт әкелетін Наурыз мейрамы іспетті. Бабаларды құрмет тұтып, көктем алдында кешірімді болу сияқты ғұрыптар өте ұқсас. Үш күн қатарынан тойланатын отбасылық мерекеде корейліктер отбасы үлкенінің үйіне жиналып, тағзым етеді. Ал, үлкендері болса, өз кезегінде, жасы кішілеріне сыйлықтар жасайды.
– Бүгін біз үшін аса маңызды күн. Биылғы жыл, сонымен қатар, Астананың 20 жылдық мерейтойымен есімізде қалмақ. Осы жылдар ішінде Астана көркем қалаға айналды. Қарағанды да қарқынды даму үстінде. Бұл – ең алдымен, сіздердің, қарағандылықтардың үлесі. Осы тамаша күні біз өздеріңізбен бірге Корей мәдениетінің фестивалін өткізгенімізге қуаныштымын. «Елдос» қайырымдылық қоры ашылғалы бері 8 мыңға тарта қарағандылық әр түрлі мамандық бойынша оқудан өтті. Ол – оқытушылардың және осы қордың президенті Сонг Джан Хун еңбегі. Баршаңызды Шығыс жаңа жылымен құттықтаймын, – деді мерекеге арнайы келген қонақ, Қазақстан Республикасындағы Корей Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Хан Ман Чун.
«Елдос» қайырымдылық қорының күшімен дайындалған концертте студенттер корей халқының ұлттық әуендерімен қатар, қазақша ән айтып, биледі.
Ал, «Самульнори» тобы чангу, бук, квэнгвари және чин аспаптарында дәстүрлі корей әуенін орындады. Сөзбе-сөз аударғанда «самульнори» төрт аспапта ойнау дегенді білдіреді екен. Табиғат құбылыстарын, атап айтқанда, жаңбыр, бұлт, жел, найзағайды бейнелейтін аспаптарда корей халқының дәстүрлі әуендерін орындау арқылы жиналғандарға бақыт тіледі.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button