Соғыс «бағын ашқан» кеніш

Қаныштың Жездіге қатысы қарастырылғанда, алдымен Ұлы Отан соғысының бастапқы кезінде болат қалқанның (бронь) беріктігін нығайтатын шикізат қоры жау қолында қалып, қысқа мерзімде марганец кен орны қатарға қалай қосылғаны ойға оралады. Шынтуайтында, оның тамыры тым тереңде жатыр. Соғыс – соның салдары ғана! М.Төрекелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейіндегі Қаныш 1936 жылы 3 ақпанда қағазға түсірген қолжазбаның түпнұсқасы мен 1942 жылы қаңтарда жоғары жаққа жазған хатының көшірмесі көп жайттан сыр шертеді.

Қолдағы құжатқа қарасақ, табиғатынан талантты жас ғалымның жіті назары Қарсақбайдан қозыкөш жердегі Жезді жүлгесіне бірден түскені байқалады. «Нарсай» мен «Найзатастың» маңайындағы қойнауға бұрғы бойлатып, өткен ғасырдың отызыншы жылының аяғына дейін-ақ браунит (марганецтің техникалық атауы – авт.) кенінің қоры барын анықтайды.

Алайда, ол кезде марганецке сұраныстың кемшіндігінен стратегиялық маңызы бар кен көмбесіне жете көңіл аударылмай, бар күш мыс кен орнын барлауды ұлғайту мен оның жалпы қорын анықтауға жұмсалады. Соған қарамастан, бөлінген қаражаттан үнемдеудің көзін тапқан Қ.Сәтбаев сенімді серігі И.Богданчиков пен С.Сейфуллиннің (геолог – авт.) көмегіне сүйеніп, «Найзатас» шоқысын шолып шығады, азды-көпті дерек жинайды.

1936 жылғы 3 ақпандағы қолжазбасында Қаныш геологиялық-барлау жұмысын жүргізудің жай-жапсарын «жіліктеп» жеткізеді, қай жерге қандай бұрғылау қондырғысын қою мен қанша тереңдікте ұңғыма өту керектігін, тіпті, бұрғылау тәсілін көрсетеді. «Үлкен Жезді» өзенінің осы бір аңғарында жатқан марганецтің қоры түбі бір кәдеге жарайтынын қалтқысыз түйсінген сыңайлы.

Ұлы Отан соғысы басталған жылы тамызда болат қалқан жасауға қажетті шикізат қоры саналатын Никополь бассейні жау қолында қалды, қарашада Қап тауындағы Чиатура кен орнымен байланыстыратын шойынжол істен шықты. Марганец мәселесі күн тәртібіне өте өткір қойылды. Сол сәтте Жезді ферромарганец кен орнының қорын анықтауға қатысты қым-қиғаш күрес қалай жүргені Қ.Сәтбаевтың 1942 жылы қаңтарда КСРО ХКК Геология ісі жөніндегі комитет басшысы И.Малышевқа жазған хатының көшірмесінде көрініс тапқан.

«Құпия» деп белгі соғылған, машинкаға басылған 9 беттік хабарламада 1941 жылғы желтоқсаннан басталған, бірақ бір ай бойы түбегейлі шешімін таппаған Жезді кен орны қорының көлемін анықтау мәселесі орынсыз тығырыққа тірелгені тілге тиек етіледі. Аумақтық қор комиссиясының күмәнді шешіміне күдікті сейілтетіндей нақты айғақ, жан-жақты дәлелмен жауап береді.

Майданға марганец қажеттігі ауадай артып, Отанға төнген қатер алқымнан алған алмағайып тұста тәуекелге бел буған академик біліктілік пен батылдық көрсетеді. Марганец жолындағы бұл «мылтықсыз майдан» немен аяқталғаны, Жездінің тағдыры қалай шешілгені тарихтан белгілі: кеніш бір ай бір аптада өңдеу кәсіпорнына шикізат жөнелтті. Ұлы Отан соғысы кезінде Одақта өндірілген марганецтің 70%-дан астамы Жездінің үлесіне тиеді…

Қаныш Имантайұлы қолданған геологиялық құрал-жабдық пен 1993 жылы қарашада Қарағандыдағы «Қазжерқойнауы» орталығынан алынған академиктің сирек металдар коллекциясы да осы музейден орын алған.

Қанекең қолы боста аңшылықпен де әуестенген сыңайлы. Мәкен Төрекелдин коллекционер Ф.Галиев өзіне сыйлаған оның сирек кездесетін, шамамен 1891 жылға дейін жасалған, №18899 «Dreyse sommerdа» маркалы қосауыз мылтығын ашылуына өзі ұйтқы болған музейге 1999 жылы өткізіпті.

 

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»