Соңында қалған ізі бар

Зымырап өтіп жатқан қайран уақыт десеңізші?! Орыс ағайындарда «Дни идут, недели бегут, а годы летят…» деген ойлы әрі бейнелі бір сөз бар. Оның қазақы мағынасы «Күндер өтеді, апталар зырлайды, ал жылдар зулайды…» болып шығады. Күні кеше ғана болған сияқты көрінгенімен, міне, биылғы қазан айында марқұм Әзімбек Әкімбековтің дүниеден озғанына аттай тоғыз жыл толады екен.

Иманды болғыр Әзекең 1954 жылғы 10 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әкесі Қыздарбек Әкімбеков – Нұра ауданының тумасы. Ағайынды егіздер Қыздарбек пен Дәулетбек Әкімбекұлдары берісі облыс, әрісі республикаға танымал журналистер болған. Қыздарбек ағай шебер публицист ретінде белгілі. Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романы бойынша пьеса жазған. Бұл кісінің жұбайы Бәтжан Жүкенқызы да көп жылдар Қарағанды облыстық телерадиокомитетінде қызмет атқарған.

Егер тірі болса, Әзекең биыл 65 жасқа толып, мерейтойын атап өтер еді. Ол өзі ұзақ жылдар қызмет атқарған білім ордасымен түйдей құрдас болатын. Қазақстан өнеркәсібіне құнды кадрлар даярлайтын қара шаңырақ – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің (ҚарМТУ) құрылғанына да 65 жылдан асып отыр. Білікті мамандар мен сапалы кадрлар ұстаханасына айналған университет қабырғасында білім алған түлектердің ел өнеркәсібінің қарқынды дамуына ауқымды үлес қосып келе жатқаны баршаға аян.

Іргелі білім ордасының алпыс жылдық тарихы бар «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасы соңғы жылдар шамасында ҚР БҒМ рейтингісінде алдыңғы орыннан көрініп, жемісті жұмыс атқарып келеді. Халық шаруашылығының барлық саласында, мемлекеттік қадағалау мен еңбекті қорғау, ғылыми-зерттеу ұйымдарында, колледж, жоғарғы оқу орындары (ЖОО) үшін қажетті жоғары білікті мамандар даярлауды мақсат тұтқан кафедраның ілгері қадам басып, биік белестерді бағындыруына техника ғылымдарының докторы, профессор Николай Гращенковтың қосқан жеке үлесі зор. Кафедраның дамуы тек оқу-әдістемелік жұмыспен ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де байланысты екенін түсінген талантты ғалымның маңайына пікірлестері – шәкірттері мен әріптестері шоғырланды.

«Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» демекші, Н.Гращенков бастаған көшті әрі қарай жалғаған білікті ғалымдардың бірі және бірегейі – техника ғылымдарының докторы, профессор Ә.Әкімбеков. 1995 жылдан бастап «Кеніштік аэрология және еңбекті қорғау» кафедрасының меңгерушісі болған Әзімбек Қыздарбекұлы өзі басшылық жасаған жылдары ұжымды биік мақсаттарға жұмылдырып, зерделі шәкірт даярлауда университет тарихына есімін алтын әріппен жазып кеткен тұлға. КСРО және Қазақстан Республикасының тау-кен өндірісі кәсіпорындарының техника және технология қауіпсіздігі мәселелеріне, оның ішінде желдету, өрт-жарылыс қауіпсіздігі, көмірдің кенеттен лақтырысын болжау бойынша жан-жақты зерттеп, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау және алдын алу мәселелерін шешуге үлкен ғылыми еңбек сіңірді. Профессор Әкімбековтің ғылыми жетекшілігімен 4 докторлық, 12 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол – баспадан жарық көрген 150-ге тарта ғылымизерттеу жұмыстарының, 5 кітаптың (оның ішінде монографиялар мен оқулықтардың), 7 өнертапқыштық ғылыми еңбектердің авторы.

2001-2008 жылдары ҚарМТУ-дің ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметін атқарды.

2009 жылдан өмірінің соңына дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазақ мемлекеттік таукен өнеркәсібінде жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі ғылыми-зерттеу институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорнында директор болды.

Ізденімпаз әрі талапшыл ғалым университетімізде «Өндірістік және өрт қауіпсіздігі» бағытында кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес ашып, өзі төрағалық етті. Кеңестің нәтижелі жұмысының арқасында республикамыздың көптеген ғалымдары ғылыми жұмыстарының қорытындыларын осы диссертациялық кеңесте қорғады. Сол себепті кафедра профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми атағы болу көрсеткіші бойынша университетте алдыңғы қатарда тұр.

Университетіміздің қазіргі ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының және Ресей Федерациясы тау-кен ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі Марат Ибатов «Әзімбек Қыздарбекұлы кен өндіру саласының өнеркәсіптік қауіпсіздігінің дамуына зор үлес қосты» – деп, оның кәсібилігі мен ғылыми жетістіктерін аса жоғары бағалайды.

Тағдыр маңдайына дарынды ғалым болуды жазған Әзімбек Қыздарбекұлы мезгілсіз қайтыс болса да, соңында айшықты із қалдырды. Кафедра ұжымының жайдары мінезді, қадірлі басшы бола білген жанның рухына деген құрметтері күні бүгінге дейін ерекше.

«Әзімбек Қыздарбекұлын – Әзекеңді есіме жиі аламын. Оның басты себебі – қазіргі уақытта қауырт қозғалыс, есепсіз іс-қимыл, тоқтаусыз іс-әрекет, бір сөзбен айтқанда, жанталас өмір орын алып кеткенінен де шығар. Міне, сондай кездерде Әзекеңнің «Асықпай істе ісіңді, ауаға шашпай күшіңді», «Сабыр түбі сары алтын» деген нақыл сөздерді аса байыппен, жымиып отырып айтатыны есіме түсіп, асығыс қимылдарымның тізгінін тарта қоямын»,– деп еске алады ғалымның докторант шәкірті, аталмыш кафедра доценті, аймақтық «Нұр құрыш» ақындар қоғамының мүшесі Байжұма Мақашев.

Шәкірттері ғылыми жұмыстарынан кейін уақыт тауып, Әзекеңмен спорт залына баратын. Ол кісі өзінің жас кезінен бастап «қол тұзақ – айкидо» өнерімен айналысатынын және оны үйренудің ешуақытта кеш болмайтынын айтып, бұған көңілдері ауған кейбір шәкірттерін баулитын да.

«Жігітке жеті өнер де аз» деп данагөй халқымыз айтқандай, ұлағатты ұстазымыз шын мәнісінде сегіз қырлы, бір сырлы абзал азамат еді. ЖОО проректоры болып жүргенде уақытының тығыздығына қарамастан, ағылшын тілін өз бетімен оқып зерделеді. Бос уақытында гитарада ойнап үйренді, йогамен айналысты. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты дамыған, өмірге құштар адам болғандықтан, қолға алған барлық ісінде жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Елу алты рет қар басып, бақилыққа сапар шегіп кеткен аяулы ағамыз сол сонарда ізі қалған саңлақ жандай болып көрінеді. Иә, үлкен ұжымның белді мүшесі болған қажырлы қайраткер, отбасына ұйытқы болған ардақты әке, әулетіне өнеге болған ақылгөй аға Әзекеңнің жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды. Әріптес ағамыздың адами келбеті, кішілік пен кісіліктің өнегесіндей өмір жолы оның замандастарының, шәкірттерінің, кейінгі толқын інілерінің жадынан ешқашан өшпейтіні, күндер өтіп, апталар алмасып, жылдар жылыстап, уақыт өткен сайын сағындырып, толғандыра берері хақ.

Нұрбек ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚарМТУ-дің Кеніштік аэрология және еңбек қорғау кафедрасының меңгерушісі,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент.