Бас тақырыпЖаңалықтар

Әскери міндеттілердің арнайы жиыны неше күнге созылады?

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы Жарлық шығарды. Осыған орай, бүгін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев “Хабар 24” арнасының тікелей эфирінде арнайы жиынға шақыру тәртібін түсіндіріп берді. Сонымен қатар, жиынның қанша уақытқа дейін созылуы мүмкін екенін айтты. 

«Бұл Жарлықтың негізгі мазмұны – әкімдерге әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруға құқық және мүмкіндік беру. Басты мақсат – халқымыздың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау. Жиын заңға сәйкес үш айға дейін созылуы мүмкін. Әйтсе де жиынның мерзімін өз қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орган белгілейді. Олар өз қаулысымен жиындарды ұйымдастырып, өңірдегі қажеттілік пен барлық шараның орындалуына қарай ертерек аяқтауы мүмкін», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, кейбір аймақтарда әскери міндетті азаматтарды жинаудың мүлдем қажеттілігі болмауы мүмкін. Сонымен қатар, ол арнайы жиынды жұмылдырумен (мобилизация) шатастырмау қажеттігін де атап өтті.

«Жұмылдыру – мемлекеттің барлық саласын, халқын, ұйымдарды, әскери құрылымдарды әскери уақыт режіміне өткізу дегенді білдіреді. Қазір бұл туралы айтылып отырған жоқ. Арнайы жиындар жылына бірнеше рет өткізіледі. Аймақ әкімдерінің барлығында мұндай  жиындарды өткізу тәжірибесі бар. Әкімдер әскери міндетті азаматтардың денсаулық және отбасылық жағдайын ескере отырып, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер мен әскери комитеттер арқылы жиынға шақырады”, – деді Қорғаныс министрі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда арнайы жиынға өз еркімен қатысуға ниет білдірген азаматтар көп екен. Сондықтан да, арнайы жиындарды ұйымдастыру кезінде өз еркімен сапқа қосылғысы келетіндерге басымдық берілмек. 

Нұрлан Ермекбаевтың мәлімдеуінше,  арнайлы жиын кезінде әскери міндетті адамдар әскери қызметкер мәртебесіне және заңға сәйкес әлеуметтік сипаттағы жеңілдіктерге ие болады. Яғни, олар  тамақпен, заттай, медициналық көмекпен қамтылады. Сондай-ақ әскери міндеттілердің арнаулы жиын кезінде жұмыс орны, лауазымы сақталады. Егер жұмыссыз болса, онда  ең төменгі айлық мөлшері (42 500 теңге) беріледі.

 

Басқа материалдар

Back to top button