Жаңалықтар

“Сиыр бақтым, сидаң қақтым”: келмеске кеткен ұғым

Зеңгі баба тұқымын бағыпқағу қиындығын, шығынсыз өсіру оңай еместігін, бақташыдан қажырлы еңбекті, темірдей төзімді талап ететіндігін қазақ «Сиыр бақтым, сидаң қақтым» деп білдірген. Әлбетте, қыстың күні тебіндеп, тамағын өзі тауып жей алмауы мен жылы жерге ділгірлігі өзге малдармен салыстырғанда қадірін кеміткенімен, бір бас сиырдың өзі бүтін бір отбасын асырағанын білеміз. Бүгінгі таңда еліміздегі ірі қара саны 7 миллион шамасында екен. Бұл көрсеткішті алдағы жылдары екі есеге дейін арттыру – жоспарда.

Қазақтың ақбас сиыры

Ресми мәліметтерге сүйенсек, кезінде саны 1 жарым миллионға жуықтаған қазақтың ақбас сиырының қазір небары 270 мыңы ғана қалыпты.

Егер ақбас тұқымды сиыр өсіруді қолға алсақ, жылына 60 мың тонна ет экспорттауға мүмкіндік туады екен. Себебі, қазақтың ірі қарасы ет беру жағынан шетелдік асыл тұқымды сиырлардан еш қалыспайды. Олар жайылым таңдамайды. Шөлге де, табиғат қолайсыздықтарына да шыдамды дейді мамандар.

Қазақтың ақбас сиыры ТМД-да алғаш болып шығарылған арнаулы етті бағыттағы ірі қара тұқымы. Жергілікті жердің табиғи өзгешеліктері мен азықтық ерекшеліктеріне әбден бейімделген. Жазда ыстыққа, қыста аязға өте төзімді.

Облысымызда қазақтың сиырының осы тұқымын ғана өсіріп отырған шаруа қожалықтары да бар. Солардың бірі – Шет ауданындағы «Женет» шаруа қожалығы.

Ерлан ТҮСІПХАНОВ, «Женет» шаруа қожалығының басшысы:

– Әу баста қолымдағы отыз шақты сиырмен шаруамды бастадым. Қазір 500-ге тарта қазақтың ақбас сиырын өсіріп отырмын. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен берілген 9 миллион теңге несиенің жұмысты одан әрі жандандыруға көп көмегі тиді. Кезінде Шет ауданындағы Просторный совхозында рекордсмендер болған. Яғни, 3 жасар бұқаның өзі 1 тонна 600 келіге дейін басқан. Шетелден әкелмей-ақ, солардың тұқымынан өсіріп жатырмыз. Климатқа өте қолайлы. Қар қалың болса да, қолға қараған жоқ, әлі жайылымда. Бұзаулары облыс қана емес, Қазақстан көлемінде сұранысқа ие.

Ауыл шаруашылығын, оның ішінде, етті бағыттағы асыл тұқымды мал санын көбейту мақсатында облысымызда өткен жылы асыл тұқымды ірі қара өсіретін 2035 шаруашылыққа 2 миллиард 300 миллион теңге бөлініп, бес мыңға таяу асыл тұқымды ірі қара әкелінген. Ал, биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін артпақ. Яғни, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы биылдың өзінде 10 мың сиыр әкелеміз деп жоспарласа, бүгінгі таңда шетелден екі мың мал жеткізілген. Етті экспорттауды мақсат еткен еліміз үшін мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия көлемі жеткілікті. Қазірдің өзінде «ҚазАгро» АҚ 7,5 мың шетелдік ірі қара мал сатып алу үшін 4,6 млрд. теңге жеңілдетілген несие берген.

Неміс сиырының несі артық?

Өзгенің сиырына көзімізді сатып, оларды шетел асып елімізге әкелу тиімді ме? «Өзімізде де шетелдік етті бағыттағы герофорд және ангус сиырларына төтеп беретін ақбас сиырымыз бар емес пе?» деген мәселе кейінгі кезде жиі көтерілуде. Тіпті, «тасымалдауға кететін шығынды жергілікті жердің сиырларының басын көбейтуге жұмсаған тиімді болмай ма?» деп те айтылуда.

Облыс фермерлерінің басын қосқан «Қазақстан фермерлер одағының» конференциясында республиканың бас фермері Әуесхан Дарыновқа қарағандылық фермер Әуесхан Төлеу де осы сұрақты қойып, «болашақта ақбас сиырдың тұқымын жоғалтып алмаймыз ба?» деген сауал қойған болатын.

Бағамдасақ, оның өзіндік себебі де бар екен. Біріншіден, Ресейден әкелінетін герофорд тұқымының қазақтың ақбас сиырына бөтендігі жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақтың сиырларымен будандастыру арқылы пайда болған. Демек, екеуі де етті  бағыттағы тұқым болып есептелетіндіктен, бір-бірінен айырмасы шамалы. Герофорд тұқымы да ерекше күтімді қажет ете қоймайды.

Екіншіден, мал тұқымын асылдандыру үшін өзге елден әкелінетін етті бағыттағы малдармен будандастыру арқылы өзіміздегі сиыр етінің сапасы ғана емес, мал басының көлемі де біршама артпақ.

Облыстың ішіндегі малды бір-біріне сапырғанмен, тиімді әсері болмайды. Мәселен, 100 мың мал болса, сол жүз мың не өспейді, не сапасы артпайды, тек айналымда жүре береді. Ал, биылдан бастап шетелден әкелінетін аналық өзіміздегі ірі қара мал тұқымының сапасын одан әрі арттырады. Сонымен қатар, жыл өткен сайын, шетелдік сиырлар да біздің табиғатқа бейімделіп, күтіп-бағу аса қиындық тудыра қоймайды, – дейді мамандар.

«Екі сиыр – айран…»

Көзін таба білгенге, сиыр малының пайдасы шаш етектен. Оның үстіне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау арқылы өз жағдайын күйттеп қана қоймай, дүйім жұртты етпен қамтамасыз етуге болады. Тіпті, шетелдің өзінде табиғи тағамға деген сұраныстың жоғары екенін Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан Елбасы экспортқа шығарылатын тауарлар мен өнімдер көлемін ұлғайтуды тапсырды. Әрине, оның ішінде сиыр еті де бар. Сиыр еті болғанда да, біздегідей асып жейтін емес, шетелдіктер сүйсініп жейтін, «мәрмәр ет».

Мал басын асылдандыру бағытында облыста биыл шетелден аналық сиырларды әкелу жоспарланған. Мәселен, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 10 мың бас аналық әкелуге 7 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның екі мыңы әкелінген, қалғаны биылғы ақпан, наурыз айларында жеткізілмекші. Егер осыған дейін облысымызға Ресейден қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, ангус тұқымдары әкелінсе, биыл Германиядан симментал тұқымы жеткізілмек. Оны жерсіндіру мақсатында жергілікті сиырмен будандастырып, өзіндік ерекшелігі бар, өңір климатына бейім сиыр тұқымы алынады.

Сырым БОШПАНОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Биыл «Евразияинвест LTD» ЖШС Германиядан етті бағыттағы симментал тұқымының аналықтарын әкелуді жоспарлауда. Облыстағы басқа шаруашылықтарға да бірге барып әкелуге ұсыныс жасап отырмыз. Себебі, неғұрлым көбірек сатып алынса, көтерме бағамен құны да арзандай түседі. Қазір Ресейде сыртқа сататын мал азайып кетті, оның үстіне біздің тарапымыздан сұраныс көбейгендіктен, бағасы да тым қымбат.

Германиядан әкелінетін симментал тұқымының аналықтарының әр басына мемлекет тарапынан 225 мың теңге субсидия беріледі. Ал, егер несие алса, бір бас үшін төлеген 600 мың теңгенің, 225 мыңы мемлекет тарапынан қайтарылады.

Сонымен қатар, «Жәке» және «АПХ Сарыарқа» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқаны күзге дейін тегін жалға алады. Бірақ, келесі жылы осы бұқадан тараған бұқашықтарды жоғарыда аталған шаруашылықтардың бордақылау алаңдарына тапсырады. Демек, шаруа сиыр өнімінің өтетіне осы арқылы кепілдік алады. Бұрынғыдай өткізетін жер іздеп табанынан таусылмай, тіке бордақылау алаңына әр бұқашығын 350-400 мың теңгеден өткізеді. Сиыр баққанның пайдасы шаш етектен деген осы. Оның үстіне, асыл тұқымды болмаса да, 25 аналық басыңыз болса, 1 бұқаны тегін жалға аласыз. Әр аналыққа мемлекет тарапынан берілетін 10 мың теңге тағы бар. Сиыр асыл тұқымды болса, селекциялық жұмыстар үшін 25 мың теңге төлейді мемлекет. Асыл тұқымды мал өсірудегі мемлекет тарапынан қойылар талапты орындасаңыз болғаны.

Түйін

Қазақстанның, оның ішінде Қарағанды облысының сиыр етін экспорттауда өзгелермен бәсекелесе алатын қабілеті жетерлік. Оған ең алдымен жайылым жерінің ауқымдығы мен азық қорының мол болуы арзан ет өндіре алуы әсер етпек. Оның үстіне, табиғи-климаттық жағдайы мен географиялық орналасуының өзі етті қай елге өткіземін десе де қолайлы. Бұған тіпті, мал өсірудегі тәжірибесінің өзі басымдық бермек. Ал, ерінбей еңбек етемін, пайда табамын дегенге қазақтың ақбасы, немістің герофорды болсын, айырмасы жоқ.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button