Сингапур – Табысты тәжірибелер елі

       «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Сингапур Республикасының Ұлттық күні өтті.

Аталған іс-шараға «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов, Сингапур Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ұлттық даму министрі Доктор Ко По Кун, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Вице-министрі Ерлан Хаиров қатысты.

Доктор Ко По Кун өз сөзінде Сингапур энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық бәсекеге қабілеттілік және экологиялық тұрақтылық бойынша мақсаттарға қол жеткізу үшін жаңа идеяларды тәжірибеден өткізіп, тестілеп жатқандығын атап өтті.

– 2009 жылы Сингапурдың ғимараттарды құру бойынша агенттігі өз Академиясының аумағындағы нысанды жаңартты. Және ол – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы энергияны аз мөлшерде қолданатын ғимарат. Аталған нысан өз қажеттілігін өтеу үшін жеткілікті энергияны өндіреді. Уақыт өте келе жетілдірілген дизайн мен жаңа технологияларға байланысты ғимарат жыл сайын өзіне қажетті энергиядан әлдеқайда көп энергияны өңдіреді, – деді Ко По Кун.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Вице-министрі Ерлан Хаиров еліміздегі көптеген реформалар Сингапурдың табысты тәжірибесіне негізделетіндігін атап өтті. Мысалы, еліміздегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл- ауқат қоры» Сингапурдың «Темасек» үлгісі негізінде құрылған.

– Сингапур – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Сауда, қаржы және технологиялық орталық ретінде Сингапурдың әлем елдері мойындаған беделі бар. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық – екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі салалары. «ЭКСПО» аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығының құрылуы Сингапур инвесторлары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатындығы рас. Сунгапур азаматтары үшін визасыз режим барлық салалардағы ынтымақтастықтың дамуына мүмкіндік беретіндігіне кәміл сенемін, – деді Ерлан Хаиров.

Сингапур Республикасы Ұлттық күнінің ресми салтанатынан кейін Сингапурдың дәстүрлі би және әндерінен тұратын мәдени бағдарлама ұсынылды.

Сахнада «Jungledelics» тобы және 20 биші мен музыканттардан құралған ұжым өнер көрсетті. Сонымен қатар, аталған іс-шара аяқталғаннан кейін ресми делегация Қазақстан Республикасының Ұлттық павильоны – «Нұр-Әлемге» және Сингапур Республикасының павильонына жол тартты.

Қуаныш Аманқұлов,

«Орталық Қазақстан»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.