Бас тақырыпРуханият

Симфония оркестріне Еркеғали Рахмадиевтің есімі беріледі

25 мамыр қазақ өнері үшін айтулы күн болмақ. Қазақ өнерінің шоқтығы биік тарланы, композитор, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ музыкасының симфониялық күй жанрының негізін салушылардың бірі профессор Еркеғали РАХМАДИЕВТІҢ есімі Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің симфония оркестріне беріледі.

Еркеғали Рахмадиевтің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Аякөз өңірінде дүниеге келген. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясын аяқтаған соң, қиын да қызықты, күрделі әрі жарқын еңбек жолын бастайды.

Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер (1967). Қазақ КСР халық әртісі (1976). КСРО халық әртісі (1981). 2010 жылы оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. 27 жыл бойы Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, КСРО Композиторлар одағының хатшысы болды. Оның шығармаларында қаһармандық-патриоттық тақырып негізгі орын алады, онда қазақ халық музыкасының бай мұрасы мен классикалық музыка өнері шебер пайдаланылған. Рахмадиевтің симфониялық, опералық, вокалды-аспаптық, камералық шығармалары кәсіби ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жанрлық салаларын байытты. Композитордың «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Тың тынысы» операларының, «Амангелді», «Толғау», «Дайрабайдың күйі», «Мейрам күні», «Құдаша-думан», «Ортпа» симфониялық поэмалары, «Сәлем саған Аястан», «Мерекелік кантата», «Конституция туралы поэма» кантаталары, хорға арналған вокалдық шығармалары, көптеген ән-романстары Қазақстанда және шетелдерде жоғары бағасын алды.

Қазақ өнерінің өсіп-өркендеуіне бар күші мен білімін сіңірген Еркеғали Рахмадиұлының есімін Қарағанды симфония оркестрінің иемденуін қарағандылықтар қуана қолдап отыр.

Игі шара «Шалқыма» концерт залында ұйымдастырылып, Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік «Астана-Опера» театрының жеке орындаушылары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Жан Тапин, Бағдат Әбілханов, Шахимардан Әбілов өнер көрсетеді.

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,

өнертанушы.

Басқа материалдар

Back to top button