Бас тақырыпОблыс әкімі

Шырайлы шырша тойы

Қарағандыда облыс әкімінің «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» атты балаларға арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Оған облысымыздағы қалалар мен аудандардан, мамандандырылған мектеп-интернаттардан, балалар үйлерінен, түзету мектеп-интернаттарынан, оқу үздіктері, конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары және ерекше сұранысы бар балалар қатысты. Дәстүр бойынша «Voguе» мейрамханасында бас қосқан балғындар түрлі мерекелік киімдер мен ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдаған. Мерекелік кешке аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек арнайы келіп, ізгі тілегін білдірді.

Шырайлы шараға 9 бен 13 жас аралығындағы 180 бала қатысты.

– Сіздермен осындай кеште кездескеніме қуаныштымын. Бұл мереке – бала кезімнен бері жақсы көретін атаулы күндердің бірі. Жаңа жылдық шыршаға оқуын жақсы оқып, түрлі сайыстардың жүлдегері атанған балалар қатысып отыр. Мемлекетіміздің болашағы – өздерің. Осы жолда сендерге бақыт тілеймін. Армандарың орындала берсін, – деді облыс әкімі.

Бұл күн – бүлдіршіндердің ұмытылмас сәттерінің бірі. Өздері ұнататын ертегі, мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, түрлі ойындар ойнады. Естелікке суретке түсті. Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, дайындап келген тақпақтарын оқыды. Аң бейнесі мен қуыршақтардың ролін сомдаған әртістермен театрландырылған қойылымдарға қатысты. Би билеп, ән шырқады.

– Мен түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атандым. Оқу озатымын. Сол себептен мені осы мерекелік кешке шақырды. Мұнда батырдың киімін киіп келдім. Қуанышымда шек жоқ. Кеш керемет өтіп жатыр. Тарту еткен сыйлықтары маған қатты ұнады. Келер жылы осы жерге тағы да келемін деген мақсат қойдым, – дейді Жезқазған қаласы Қ.Сәтбаев атындағы №7 лицейдің оқушысы Нұролла Арсланов.

Мерекенің әр қатысушысына жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Алпыс мың теңгелік сертификаттар мен тәтті шоколадтар, планшет секілді бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, кеш соңында шыршаға шақырылғандарға арналған мерекелік дастархан жайылды.

 – Мені осында шақырғанына өте қуаныштымын. Ерекше көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік жасаған тарапқа алғыс айтамын. Маған мереке қатты ұнады. Ең бастысы менің тілегім – бұл барлық адамдардың дені сау және ештеңеге мұқтаж болмауы, – дейді мерекелік шараның қонағы, Қаражал қаласынан келген Степан Логинов.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button