Тарих

Шындәулет (Сармантай) батыр

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын

көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қасиетті мекен – Түркістанға сапар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ғасырлар бойы тапталған еңсені тіктеп, Тәуелсіздік алғаннан бері жүріп өткен жолды одан әрі тиянақтап, ұлттық рухымызды жаңғыртуға қатысты ой салды. Осы орайда, ұлт тәуелсіздігі үшін аттың жалында, түйенің қомында жүріп, елін, жерін қорғаған ерлер, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен азаттығына арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдің маңызды мәселелерін шешкен хандар мен Қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен батырлардың ерліктерін келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің міндеті.

Сондай тарихи тұлғалардың бірі – халыққа Сармантай атымен танымал Шындәулет батыр. ХVІ ғасырда өмір сүрген Мейрамсопы бабаның бір баласы – Қуандық. Қуандықтан – Алтай, одан Мойын, одан Рахманқұл, одан Әлібек, Әлібектен – Сармантай. Сармантайдың азан шақырып қойған аты – Шындәулет. Әкесі еркелетіп «Сартайым – Сармантайым» дейді екен. Содан Сармантай аталып кеткен. Кешегі Кеңес үкіметінің тоталитарлық саясаты кезеңінде көптеген жағдайлар бұрмаланып, Сармантай ұрпақтары көп теперіш көрген, қуғынсүргінге ұшырап, шетел асқандары да баршылық.

Енді еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген шақта осы олқылықтардың орнын толтыру міндетіміз деп ұққан ұрпақтары – Қуаныш Сәрсембаев бастаған бір топ азамат 2018 жылдың қазан айында өткеніміз бен бүгінімізді жалғап тұрған, кешегіміз бен келешегіміздің арасындағы алтын көпір іспетті қасиетті мекен Түркістанға аттанды. Мақсат – Әзірет Сұлтан кесенесінде жатқан баба рухын тербетіп, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Олар бабаларына тағзым етіп, құран бағыштады. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында болып, көптеген мұрағат материалдарымен танысып, зерделеді. Бұл сапар жайында «Яссауи мұрасы» республикалық мәдени-танымдық газетінің 2018 жылғы №9 санында мәдениеттанушы Кәрім Әбдісадықтегінің «Қазақта Шындәулеттей батыр өткен» атты мақаласы жарияланған болатын.

Сармантай баласы Жұман ер жетіп, балалы-шағалы болғанда жылқы саны он жеті мыңға жетеді. Сол кезде Жұман Әзірет Сұлтан кесенесінен екі жүз ат беріп, бес кісіге орын сатып алады. Осы бес орынға Ерназар, Алда, Жұман, Қорамның әйелі Болған бәйбіше және Қошқарбай жерленген. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайынан 8 қаңтар, 2018 жылы берілген №03-05/07 ресми анықтамада: «Жұман Сармантайұлы, Ерназар Сармантайұлы, Алда Сармантайұлы, Қошқарбай Жұманұлы, Болған бәйбіше Жұман келіні Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгенін растаймыз және Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тұлғалардың тізіміне енгізілгенін хабарлаймыз» делінген.

Тарихи тұлға

Шындәулет батыр ХVІІ ғасыр соңында дүниеге келіп, ХVІІІ ғасырдың аяғында дүние салған. Тарихи деректерде Шындәулет тек батыр ғана емес, би де атанған. Шындәулет батырдың өмір сүру кезеңі Жоңғар шапқыншылығымен тұспа-тұс келеді. Ол осы қақтығыстарда асқан табандылық пен қаһармандық көрсетіп, қантөгіс шайқастарға қатысқан. Шындәулет батыр мемлекетаралық келісім-шарт мәселелеріне де белсене араласып, ел мен жер мүддесін қорғауға атсалысқан. Осындай мақсатпен 1742 жылы Орск қаласында Әбілқайыр ханның басшылығымен келісім-шарт қайта қаралып, үш жүздің өкілдерінің қатысуымен ант қабылданды. Ханның ақылгөй кеңесшісі ретінде Шындәулеттің мемлекетаралық келісім-шарттардағы ролі өте зор болды. Батыр бабаның балалары да сол кездің заманына сай тәрбие алды. Шындәулет ұрпақтары арасында ел билеген көсем де, ел қорғаған батыр да аз болмапты. Қазақ халқының мүддесін қорғап, әртүрлі дәрежеде ерлік жасаған үлкен ұлы Өмірзақ Абылайханның қасына еріп жүрген батырлардың бірі болды. Екінші баласы Ерназар батыр да халқы үшін жан аямай ерлік көрсеткен, Ерназардан – Алшағыр батыр, одан туған Бижан батыр кешегі КенесарыНаурызбайдың ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, ерлік істерімен танымал болған. Байдәулеттің төртінші баласы – Тайтақ батыр, үшінші баласы – Елші батыр, Елшіұлы Мақатай батыр, Байдәулет ұлдары Әлімбайұлы Доскей ақын, Ерназардан Байқара – Дайрабай күйші, Қарағандының көмірін ашқан Апақ Байжанов та Сармантай ұрпағы. Ерназардан: Тоқтамыс – Байжан – Апақ, Қошқарбай бидің баласы Байхан батыр, оның ұлы Ешмағамбет қажы, Ғалымшайқы қажы және тағы басқалары.

Жұман би туралы ақиқат

Ал, Сармантайдың баласы Жұман би сол кезде Алтай-Мойын болысының басқарушысы болып, ресми түрде сайланады. Жұман – патша әкімшілігінің ықыласына әлденеше рет ие болған тұлға. 1828 жылы оған құрметті шекпен жабылады, ал 1833 жылы старшина Жұман Сармантаев капитан дәрежесіне көтеріледі. Бірақ, бұл шенді қабылдап алуға үлгермей, 1834 жылы қайтыс болады. Жұман бабамыз бірнеше әйел алған. Бәсентин руынан – Мапаштан төрт ұл: Қошқарбай, Сәттібай, Тәті, Сәти. Тәті «жақсы Тәті» атанған Қуандық, Сүйіндікті бір ауыл, бір бауыр қылып билеген. Әкесі Жұман қайтыс болған соң Тәті 1834 жылы Мойын-Алтай болысының басқарушысы болып сайланады. 1835 жылы оған поручик шені берілген.

Жұманның тетелес інісі Алда да өз заманында елге сыйлы, белгілі тұлғалардың бірі болған адам. Алда ұрпақтарының бірі – елге танымал Ұлы Отан соғысының ардагері, кезінде облыс басшыларының бірі болған Тиышбек Аханұлы ағамыз.

Бірақ, «Оянған өлке» романында жазушы Ғабит Мүсірепов Жұман байды өте жағымсыз кейіпкер ретінде суреттеп, қатты боранда жылқы соңында оппаға құлатып, қырылған жылқымен бірге айдалада қатырып өлтіреді. Ал, шындығында, Жұман – аруақ қонған, Қызыр жебеген, адалдан өскен байлығы мол, кісілікті, ұлағаты мол ұрпақ өсірген адам. Жұман бабаның дүниеге келуінің өзі бір хикая. Сармантайдың тоқалы Тотия анамыз ауылы күзекте отырғанда қатты боран соғып, үдере қозғалып бара жатқан отарды қайырам деп жүргенде қоймен бірге ығып кетеді. Сонда аяғы ауыр екен. Хабар тиген соң Сармантайдың үлкен баласы Өмірзақ қалыңжал айғырды жетекке алып, жалдың астына піскен қазы мен сары май байлап, үш кісі ертіп іздеуге шығады. Қойдың сүрлеу ізімен бесінші күні табады. Күн ашылған, отар жайылып жатыр. Қойдың ығында еңбектеп, тұрып-жығылып, «Үлкен балам, үлкен балам» деп сандалып жүрген өгей шешесін көрген Өмірзақ аттан ұшып түсіп, «Қайран, анам!» деп еңіреп қоя беріпті. Тотия шешесі Өмірзақты атын атамай «Үлкен бала» дейді екен. Ізгілік пен сыйласым – осындайақ болған да. Шешесінің аузына май мен қазы салып, біраз уақыт есін жиғызып, айғырға мінгізеді. Атқа отыра алмайтын болған соң артына кісі мінгестіріп, орап-байлап тастап, қонаға елге жетеді. Қарашаның қары кетіп, күн қайта жылынған соң жайлаудағы ел тарамай тұрып, Сармантай үлкен той жасайды. Тойға Шөже ақын да келеді, ол былай деп құтты болсын айтады:

«Сармантай, ұлы тойың құтты болсын,

Қыдыр дарып, басыңа бақыт қонсын.

Оттың басы алтын тақ, төрің жұмақ болып,

Шаңырақ асты жарқырап нұрға толсын.

Айтайын саған ойымды, Аянбай жаса тойыңды.

Алланың саған бергені – Қыдыр бақты қойыңды».

Шөжені құрметтеп, ат мінгізіп, шапан жабады.

Шөженің бұлай деп отырған себебі: Тотия келген соң ақсақалдар жиналып: «Қарағым, қойға қалай ие болдың, өзің қалай аман қалдың?!» – деп сұраса керек. Ол болған жағдайды былайша баяндаған екен: «Адасқаннан кейінгі екінші тәулікте түнге қарай заулап жүріп келе жатқан қойдың алды тоқтап, ұйлығып қалды. Мен қой арасына кіріп, шықпай тығыла бердім. Үшінші күні таңға жақын ұйықтап кетіппін. Көк есекті бір ақсақал келіп: «Қарағым, күн ашылды. Аман-есен боласың, нәрестең жазым бола ма деп қойыңды бақтым. Нәрестеңнің атын Жұман қой, қош! – деп ғайып болды». Ақсақалдар: «Ой, қарағым-ай, ол Қыдыр ғой, сені де, қойды да аман сақтаған. Нәрестең бақытты, киелі болып, қыдыр дариды екен», – деп баталарын береді.

Той тараған соң кешікпей Тотия босанып, ер бала туып, атын Жұман қояды. Жұманда бес ұл болған. Үлкені Қорам, бәйбішеден – жалғыз Қорам. Тоқалдан – Сәттібай, Сәти, Қошқарбай, Тәті. Жұман қайтыс боларында: «Мал үшін түс шайысып қалар, көзім тіріде еншілеріңді бөліп беріп кетейін», – депті. Балалары риза болып: «Мал үшін ренжіспейміз, батаңызды берсеңіз болды, әке», – деп ризаласыпты. Тәтиді шақырып алып, бетінен сүйіп, оң қолын ұстап отырып, бес саусағын санапты да (ақылды әке «Сендер бес саусақ, яғни, бір қолсыңдар, бірлікті, ұжымды болыңдар» дегені шығар) көз жұмыпты. Мінеки, Жұман елі ардақтаған, балалары қадірлеген адам. Мәйітін Қорам деген үлкен баласы Түркістанға Хазірет Сұлтан жанынан өздері сатып алып қойған бес орынның біріне апарып жерлеген. Тәті ақылға бай, ойға терең, сөзге шешен, ақылымен елді аузына қаратқан адам болыпты. Халық оны «Жақсы Тәті» деп атаған. Тәті мал жайылымын ретке келтіру үшін қысы жылы Жетісу – Әулие ата жақтан қоныс алмақ болып, сол кездегі билеушісі Қоқан ханына бармақ болады. Қасына жүз кісі алып, көп заттай сыйлық, екі жүз меңсіз қара ат алып, жүріп кетеді.

Онда барған соң Құдияр хан Тәтінің сыйлықтарын қабылдап, қандай жомарт адам деп қатты риза болады. Құрметтеп, өз үйіне де қонақ қылып күтеді. «Тәті мырза, сіздерде мынандай үлкен кілем бола ма?» – деп төселген кілемді көрсетеді. Сонда Тәті: «Алдияр, Арқаның кілемі сіздің кілемнен үлкен болады», – дейді. «Бұдан үлкен кілемді қалай жинап жүреді?». «Жиналмайды, сол көшкен жұртта қалады», – дейді. Хан Тәтіге сұраған жерін бермек болып уәде етеді. Бірақ, төңірегіндегі ақылшылары: «Мынау ақыл-айласы мол адам, алған соң бұл жерді бізге қайтарып бермейді», – деп ханды азғырады. Сөйтіп, қоқандықтар қайтарында Тәтіге у беріп, Тәтекең жолда қайтыс болады. Тәтінің өлер алдындағы айтқан қоштасуы:

«Жұманның баласы едім Тәті атым,

Шықпаған аймағыма жаман атым.

Құрбан боп елім үшін кетіп барам,

Орта жүзде Сармантай бергі затым.

Іздегенім еркіндік қой елім үшін,

Үш арысқа шалқып көшер жерім үшін.

Аңғал басым айла сөзге алданып,

Осымен бітті менің барлық ісім».

Он жеті мың жылқы біткен Тәті атамыз жер үшін Қоқан ханының қолынан қаза тапты. Тәті өзінің сұрауы бойынша Ташкент қаласының маңайында Майқалпе ишанның жанына жерленген.

Бұлар – тарихта болған адамдар. Халық оларды кешегі озбыр байдың ұрпағы демейтін, қайта құт қонған, елге ас пен ат болған қара шаңырақ деп құрмет тұтып, сыйлайтын. Кезінде бұл ұрпақ түгел тәркіленіп, жер аударылып, қуғын көрген. Енді Тәтінің ұрпақтары туралы. Тәті дүниеден озғанда артында ұлы Азына он төрт жаста, қызы Әйімкүл сегіз жаста, әйелі Бәтима отыздың жобасында қалады. Бұларды Сәттібай ағасы қолына алып, тәрбиелеп бағады. Әйімкүл ержете бастаған кезде алыс-жақын елдің атақты адамдары құда түсуге келе бастайды. Сәттібай: «Әйімкүл әлі жас, жасы он үшке толғанда таңдау өзінен болады», – деп қайтарады. Оның ішінде Дәулетбике елінің (Жаңаарқа) биі Жанкелдінің де жіберген кісілері бар. Қараөткелде Приходская школада оқып жүрген шөбересі Шоңға атастыру үшін бір жыл өткен соң Жанкелді би Сармантай еліне екінші рет адамдар жібереді де, осы жолы олар келісіп, Әйімкүлді Шоңға айттырып қайтады. Кейін тойын жасап, ұзатып салады.

Бабалар салған сара жолмен

Сармантай баба ұрпақтары да қол қусырып отырған жоқ. Тектілігін білдіріп, 2015 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Доскей ауылында Шындәулет батырдың 328 жылдығына арнап ас беріп, басына ескерткіш орнатылды. Ағайынның бір шеті Дубайдан атбасын бұрса, бір шеті Қытайдан – Пекин университетінің профессоры Талип Абдрахманұлы ұрпақтары келді. Бұл игі істердің бастаушысы Тілеуғабыл Тәуішұлы Мұқашев 1999 және 2015 жылдары «Шежіренің көне бөлігі» атты Сармантай ұрпақтарының шежіресін екі тілде жазып жарыққа шығарды. Екінші ағамыз Зейнитдин Әлімшайқыұлы Есмағамбетов 2002 жылы «Атадан қалған алтын тамыр», 2012 жылы «Бабалардың тарихи шежіресі», 2015 жылы «Шындәулет – тарихи тұлға» атты Сармантай руының шежіресін толықтырып шығарды. Зейнитдин ағамызды ел ішінде «Бопаш аға» дейтін. Ол кісі Сармантай бабамыздың жерленген орнын анықтап қайтты көзі тірісінде. Бабамыз Ақтоғай ауданының Сарытерек ауылынан 15 шақырым жердегі Сармантай қорымы деген жерде жерленген екен. Сармантайдың немересі Алшағыр батыр Ерназарұлы да 1730- 1780 жылдар аралығында өмір сүріп, қазаққа танымал батыр болған. 2017 жылы қыркүйек айында Алшағыр батырдың Сарепта ауылының маңында жатқан жері анықталып, басына тас белгі орнатылды. Бұл күнде Сармантай ұрпақтары өсіп-өніп, рулы елге айналған, балалары еліміздің түпкір-түпкірінде әртүрлі салада қызмет етуде. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында тағылымы терең тарихымызды зерделеп, санамызда қайта жаңғырту жайы атап көрсетілді. Ұлт Тәуелсіздігі үшін елі мен жерін жаудан ерлікпен қорғаған Шындәулет батырдың да талай жылдар дағдарған сана мен езілген рух, тоқыраған ой түзеліп, қайта жаңғырған тұста ел тарихынан алар орны айқын.

(Материал әртүрлі тарихи дереккөздерге сүйене отырып жазылды).

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button