Шын мұқтажға — шарапат

Баспанаңыз жоқ па, балаларыңыз көп, баспана алуға мүмкіндігіңіз жоқ па, «ASYL ADAM» қорына қосылыңыз. Қызмет қылыңыз, еңбек етіңіз, баспаналы боласыз. Бәлкім емес, шынымен солай. Аталған қордың директоры Көңілбай Шүкеновтің айтуынша, біреуге қамқорлық қылу – байлықтан емес, ақ адал, таза ниеттен. Басында мен де сенбегем, алайда, осы жолы толық көзім жетті. Қазір бұл қордың жігіттері Қарағандыда (Михайлов шағын ауданы, Седов, 42 үй) көктемде өртеніп кеткен 8 пәтердің орнына 12 пәтерлі үй салуға кірісіп те кетіпті. Айтпағымыз алда әлі.

«Асыл адам» мұқтаж отбасын баспана және жұмыспен қамту қоры деп аталады. Біз де енді естіп жатырмыз. Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында «Қазақстан» ұлттық арнасының қолдауымен есеп беру ретіндегі концерті өтті. Онда атақты деген өнер жұлдыздары ән салып, осы күнге дейін «Асыл адам» арқылы баспаналы болған отбасылар сөйледі. Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Сәпиев, облыс әкімі Ерлан Қошанов тамашалады концертті. Осыдан кейін мұндай мейірімді топтың барына сенбей көр. Қор директоры Көңілбай Шүкеновтің айтуынша, бұл концерт бір жағынан есеп беру ретіндегі шара болса, екіншіден – шын мұқтаж жандарды баспаналы етер қордың барына елді сендіру әрі халыққа кеңінен таныстыра түсу. «Үйіңізді су шайып кеткен екен, біз көмекке келеміз, үй салып береміз десек, сенбейді көбісі. Мұның астарында не саясат жатыр деп ойлайды. Осындай концерт арқылы Астанада, Ақмола облысында үйсіз қалған жандардың баспаналы болғандарын көрсетейік, жариялайық дедік. Концертімізге қайта баспаналы болған бірнеше отбасы жұмыстарынан босап келе алмай қалды», – дейді Көңілбай аға.

2014 жылы құрылғалы бері Астанада, Ақмола облысында 40 шақты көпбалалы отбасын баспаналы еткен «Асыл адам» қорының еңбегін елеп, есептік концертіне Алтынай Жорабаева келіпті. Екі бірдей ән шырқап, елдің ықыласына бөленді. 2017 жылы Ақмола облысының Семенов ауылында үйін көктемгі тасқын ағызып, шиеттей бала-шағасымен далада қалған Таңат Маратұлы сахнаға отбасымен көтерілді. Қазір бұл шаңырақ «Асыл адамның» қамқорлығының арқасында зәулім үйлі болған. Балаларының әрқайсының жеке бөлмесі бар. Экраннан көрсеткен үйі де айтарлықтай зәулім. Отағасы әуелі Аллаға шүкір десіп, Елбасының саясаты мен Көңілбайдың қайырымдылығына шексіз алғыс білдірді ел алдында.

Концертте өнер көрсеткен жарасымды жұлдызды жұп Әліби мен Гүлнұр, Индира Расылхан, Мәдина Сәдуақасова, Қыдырәлі мен Қарақат, Ғазизхан Шекербеков – бәрі осы қайырымдылықтың атын әйгілеу мақсатында ән салды десек, артық айтқандық емес. Эстрада жұлдыздарының арасында баспаналы болған көпбалалы отбасылар да шығып, жылы лебіздерін жұптап отырды.

«Көктемде Қарағандыда орын алған жағдайға байланысты қор басшысы «сегіз отбасы барынан айырылып, далада қалғанда, қоғам бейжай қарап отырмауы тиіс деп ойлаймыз. Сол себепті, «Жақсы адамдар бірге» атты қайырымдылық кеш ұйымдастырып отырмыз. Оған қордың ықпалымен өз өмірін жақсартып алғандар ғана емес, бизнесін дөңгелетіп жүрген атымтай азаматтар да ат салысса – нұр үстіне нұр болар еді», – дейді қор жетекшісі.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.