Шымбайға батқан шындық

         Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы: «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген болатын. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде екендігінде ашық айтты. Сонда да, таңдайдағы тілдің, маңдайдағы соры бес елі болып тұр. Өз ана тілімізді құрметтеуден қалып барамыз. Шымбайға батқан шындық – осы.

Жақында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, отандастарымыз банк пен банк қызметі туралы ақпаратты орыс тілінде алғанды жөн санайды екен. Ең сорақысы – банкоматтан ақша алғанда қазақ тілді нұсқасын пайдаланатындар тек қана 5 пайызды құраған. Осыдан кейін-ақ, банк қазақ тілінде қызмет көрсетуден басын алып қашатындығын пайымдай беруге болады. Өйткені, келтірілген жағдайлар таңдалған тақырыптың өзектілігін айқындайды. Кей банктегі, қазақша батырмаларды басқаныңызда «Сіздің транзакцияңызды орындау мүмкін емес» деген мәтіннің шығатындығы осыдан екен. Қай банкті алсақ та, қазақша мәліметке қарағанда орыс тіліндегі мәліметі басым. Десек те, қазақ тіліндегі банк мәтіндері жылдан жылға түсінікті болып келеді. Бұл орайда көпшіліктің «қазақ тіліндегі ақпарат түсініксіз» деген жауабы бүгінде қисынсыз. Қазақша біле тұра, түсіне тұра банкоматта өзге тілді таңдайтын адамдарға таңым бар. «Соқырға таяқ ұстатқандай» бадырайып-ақ тұр емес пе? «PIN енгізіңіз», «алуға болатын сома», «қолма-қол ақша беру» деген сөздер. Сөйте тұра, бірінші тұрған қазақшаны емес, екінші тұрған орысшаны таңдау рухани ергежейліктің көзге көрінбес синдромы дерсің. Қазақ тіліне деген құрмет өзімізден басталуы керек.

Мамандардың айтуынша, пластикалық карточка – бұл Қазақстанның төлем жүйесінің болашағы. Барлық әлемде 2,5 миллиардтан астам адам тауарлар мен қызметтерге төлем жасау, жалақы алудың құралы және есептеудің тағы басқа түрлері ретінде пластикалық карточкаларды таңдаған. Ұлттық банктің деректері бойынша, 2005 жылдың ақпанда банктер 2,42 млн. төлем карточкаларын шығарды, ал берілген төлем карточкаларын ұстаушылар саны 2,33 млн. адамды құраған. Ал, 2017 жылы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және Ситибанк Қазақстан жергілікті картасы — «Ситибанк Қазақстан» АҚ төлем карточкаларын қолданушылар санының өзі 16,7 млн. жеткен. Бүгінгі есептеу одан да жоғары. Банкоматта қазақша тетік қанша рет басылатынын анықтайтын сараптама жүргізіліп отыратындығын ескеріңіз. Айналып келгенде, сол банкоматтың тіліне тіреліп қалған түк те жоқ деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, әрқайсымыз жан-жағымыздағы адамдармен қазақша сөйлессек, қазақ тілін техникада, тұрмыста жүйелі қолдансақ тіліміздің дамитындығы сөзсіз.

Әлемнің кез келген дамыған немесе дамушы мемлекетіне бара қалсаңыз, жергілікті xалық өзінің мемлекеттік тілінде сөйлейді. Бүгінде жаһандану деген ұғымды жиі айтып жүрміз. Сол әлемдік жаһанданудың босағасын қазақ болып аттасақ нұр үстіне нұр болар еді. Мәшһүр Жүсіптің: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі», – деген қанатты сөзі бар. Гауһарымызды жоғалтсақ, бөгде өркениетке жұтылып кететіндігіміз анық. Қазақы қалпымызда қалу үшін ауадай қажет ана тілімізді ардақтауды қазақ қазақпен тек қазақша сөйлесуден бастағанымыз абзал.

Нұрдос КӘРІМ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.