Шыңырауда шыңдалған әулет

Кеңес үкіметінің солақай саясаты – ұжымдастырудың зардабын шеккендердің бірі – Мүсілімнің отбасы. Жанбағысқа ұстап отырған қолдағы азын-аулақ ірі-ұсақ малы тәркіленіп, «енді қайттық, қайда барып күн көрдік?» деген ой оны қазіргі Бұқар жырау ауданының Ақжарық ауылынан Қарағандыға алып келген еді. Жарын ертіп, екі ұлы – Мұқым мен Ғалымды жетектеп, осы жерге қоныстанды, кейін үшінші ұлы – Кәрім, қызы Гүлсім дүниеге келді. Бұрын-соңды мұндай кәсіптің барын білмесе де, жер астына түсіп, кенші мамандығын игерді. Содан бері үш ғасырға жуық өтсе де Мүсілімнен басталған еңбек жолы – кенші жолы әлі үзілген жоқ. Балалары, немерелері ата жолын әлі де жалғап келеді…

Мүсілімнің немересі – Ислам отбасының тарихи суреттерін, архив құжаттарын, әкесі, ағалары, жалпы кеншілер жайлы жазылған мақалалары бар газет қиындыларын көзінің қарашығындай сақтап келеді. Атасының қай жылдары және қай шахтада жұмыс істегені туралы қолында нақты деректері болмағанымен, бала кезінен оның кенші болғанын естіп өсті.

Тағдыр осы әулеттің маңдайына кенші болуды жазды ма, Мүсілімнің үш ұлы – Мұқым, Ғалым, Кәрім де 1930 жылдары шахтаға түсті. Кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда, өз еріктерімен майданға аттануға өтініш танытқандарымен, кішісі, 17 жасар Кәрімге ғана рұқсат етілді. Ол 2-ші Украин майданының 6-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында соғысты. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары, сондай-ақ, бірқатар мерейтойлық наградалары бар.

Оттың ортасынан аман оралғанымен, соғыста алған жарақаты денсаулығын ойсыратып кетті. Соған қарамастан, Кәрім әке жолымен №3 шахтада монтажшы, кейін «Долинка» шахтасында жер асты моторшысы болды. Зейнет жасына келгенде кенші ретінде атқарған еңбегінің құрметіне Шахтинскіден пәтер кілтін сыйға беріп, құрметті демалысқа шығарып салды.

Тылда қалған Мұқым мен Ғалымның да өмірі оңайға соқпады. Күн-түн демей бел жазбастан еңбек етіп, жеңісті жақындатуға үлестерін қосты.

Мұқым соғыс жылдары №106 шахтада жұмыс істей жүріп, 1945 жылдың 6 маусымында «Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ғалым болса парторг, кейін учаске басшысы болды.

– Әкем адал, әділдікті жаны сүйетін еңбекқор адам еді. Бір айтқанын екі қайталамайтын талапшылдығы өз алдына. Бала кезімізден еңбекке баулыды. Таң бозынан оятып, бауырларыммен бірге қол шалғымен шөп шабуға алып кететін, – деп есіне алады Мұқымның ұлы – Ислам.

Ат-арбамен екі сағатта әзер жететін шабындыққа келген соң да бала болып ойнамады. Шалғыны дұрыс ұстауды, шабылған шөпті жинап, арбаға дұрыстап үюді үйреніп, күні бойы тыным таппай, күн ұясына отырғанда үйге шаршап жететін. Ал, шөптен қолдары қалт ете қалса, жаз бойы «Долинка» шахтасының жанындағы үйінділерден көмір кесектерін жинады. Еңбек бала Исламды шыңдай түсті. Шымыр денесі ұршықша үйіріліп, асау үйреткенде алдына жан салмады. Долинка кентіндегі №1 интернатында күрес секциясы ашылғанда алғашқылардың бірі болып жазылғаны да содан. Спорттың осы түрінен облыс бойынша чемпион атанып, Қазақстан бойынша күміс жүлдеге ие болған Исламның алдында спорттың даңғыл жолы ашылғандай еді. Бірақ, 10-сыныпты бітірген жылы Соқыр өзенін жалаңаяқ кешіп өтіп, №5 «Долинка» шахтасына келгенде ойы күрт өзгерді. Еш ойланбастан жер астына түсіп, әскер қатарына шақырылғанға дейін үш ай жұмыс істеді. Екі жылдан кейін үйіне оралғанда «кеншілер әулеті жалғасуы керек» деген оймен, ата кәсібін жалғады.

Ислам «Қазақстан» шахтасында жұмыс істеп жүргенде Гаврил Петраковтың үңгушілер бригадасында болу бақыты бұйырды. Орыс, қазақ, украин, кәріс, тіпті, сығаны бар көпұлтты бригада сағат тіліндей мүлтіксіз жұмыс жасап, бір отбасындай тату болды. Жұмыста ғана емес, күнделікті өмірде де бір-біріне қол ұшын созуға даяр тұратын. Содан да болар, аты аңызға айналған Петраковтың бригадасы үңгу жұмысында талай рекорд орнатты.

– Гаврил Петраков ерекше адам-тын. Зейнетке шықса да бизнеспен айналысып, қала инфрақұрылымын көтеруге атсалысты. Жайдан-жай ешкім де көмір өнеркәсібінің құрметті жұмыскері және Шахтинск қаласының Құрметті азаматы аталмайды ғой, – деген Ислам Мұқымұлы осы қаладағы көшелердің біріне оның аты берілсе болар еді деген ұсынысы барын айтады. Соғыс жылдары шахтада жұмыс істейтіндер барақтарда күнелтті. – Бала болсам да, анам Нағипа ның әкемді жұмысқа шығарып салатын кездері есімде қалыпты. Көмірдің тозаңына оранып, қапқара болған жұмыс киімін анам қолымен жуатын. Ал, су болмаған қыстың күндері өзеннен мұз ойып, шанаға салып сүйреп, үйге келген соң ерітіп алатынбыз, – дейді, сол кезді есіне алған Ислам Мүсілімов.

Соғыс жылдары барақтың аядай бір бөлмесін зауыт училищесінде оқыған үш қызбен бөліскендері бар. Қолдағы азын-аулақ тамақпен бөлісіп, ұлты басқа болса да бөтенсімей, бір үйдің баласындай болды.

– 1960 жылдары сабақтан соң үйге кірсем, үш орыс әйелі анамды құшақтап, ағыл-тегіл жылап тұр. Түкке түсінбеген анам олардың кезінде қолында болған қыздар екенін біраздан кейін түсінді. Содан бері жақсылықтың ешқашан ұмытылмайтынын, ізсіз кетпейтінін түйсіндім. Ата-анамның шапағатын көрген көзі тірілер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып отырады, – дейді Ислам Мұқымұлы.

Мүсілімнің ұлы – Мұқым беделді кенші ғана емес, жастарды жер астындағы жару жұмыстарына үйреткен қамқор ұстаз да еді. 1943 жылы Қарағанды қазақ драма театрында Қарағанды көмір бассейніндегі озық техникаларының бірінші слетінде үздік көрсеткішке қол жеткізген №105 шахтаның делегаты ретінде қатысқан Мұқым Мүсілімовтің еңбегі ерекше аталды. Мұқыммен бірге Ғалым да 105- ші және 106-шы шахталарда жұмыс істеді. Адал еңбегі үшін бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Мүсілімнің қызы – Гүлсімнің жұбайы Ғазиз Абдрахманов та соғыс жылдары шахтада жұмыс істеп, жоғары көрсеткіштері үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 14 сәуірдегі Жарлығымен Ленин орденімен, басқа да үкіметтік марапаттармен марапатталған. Олардан өрбіген ұрпақтар да кеншіліктен қол үзген жоқ.

Осы кәсіптің нәсібін Ғалым мен Кәрімнің балалары да көріп келеді. Исламның бірге туған бауырлары да кенші атанды. Даратхан 20 жыл үңгуші болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан соң 20 жыл қатарынан қоғамдық жұмыстармен айналысып келеді. Руслан болса, 37 жыл «Тентек» шахтасында монтаждаушы болды.

Ғалымның ұлдары мен қыздары да ата жолын жалғаған. Ертарғын – 122 шахтада электр ұстасы, Ахмет, Келден, Берден атты ұлдары «Октябрь революциясының 50 жылдығы» шахтасында еңбек етуде. Қызы Шолпан да 37-шахтада – бухгалтер.

Исламның ұлы, Мүсілімнің шөбересі Ержан болса, «Казахстанская» шахтасында үңгуші ретінде 5 жыл жұмыс істеді.

– Алаңсыз еңбек етуге бар жағдайды жасаған аналарымызға, адал жарымызға алғысымыз шексіз. Күн сайын жұмысқа шығарып салып, екі көзі төрт болып, күтіп отыратын солардың арқасында ғана кеншінің еңбегі жемісті, абыройы жоғары, – дейді Ислам Мұқымұлы.

Зейнеткерлікке шықса да жұмыстан қол үзбей, кеншінің жайын күйттеген Ислам Мүсілімов қазір қоғамдық жұмыстармен айналысады. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жанындағы ардагер кеншілер қоғамы төрағасының орынбасары.

Мүсілімнің төрт баласынан өрбіген 21 бала бүгінде ордалы елге айналған. Олардың көбісі ата кәсібі – кеншілікті таңдап, абыроймен еңбек етуде. Әлбетте, бір тақырып аясында осы әулеттен шыққан кеншілердің барлығына тоқталу мүмкін емес. Қалай болғанда да, үш ғасырға жуық кенші атағын абыроймен алып жүрген әулеттің әлі де талай асуларды бағындырары сөзсіз. Себебі, бұл – олардың қанына сіңген қасиет.

Салтанат ІЛИЯШ