Бас тақырып

“Шура да аң-таң, мен де аң-таң”

Оқулық дайындайтындар авторларды да ажырата алмайтын болған ба?! Жақында нұрсұлтандық оқушының анасы Оксана Барановская  тоқсаныншы жылдардың соңында танымал болған ресейлік әншінің өлеңдері қазақстандық 4-сынып оқушыларына арналған «Самопознание» оқулығында жарияланғанын әлеуметтік желіге жазған болатын. Білім және ғылым министрлігінің Шураның шығармашылығы енген оқулықты мектеп бағдарламасына қосқанына ол да аң-таң. Оқырманға түсінікті болуы үшін «Твори Добро» әні – тоқсаныншы жылдары танымалдыққа ие болған ресейлік әнші Александр Медведевтікі екенін айтайық. Оның ресейліктерге белгілі бүркеншік аты – «Шура».

Қарағандылық оқушылар ата-аналарының редакцияға хабарласып, «Шураның» жайын айтқаны бізді де бейжай қалдырмады. Балама зияны тиіп кетер деумен, аты-жөнін көрсетуді қаламаған қарағандылық әке:

– Кітапқа тапсырыс беретін бір орталық, оны сараптайтын басқа адамдар, қабылдайтындары да бөлек ұйым екенін білеміз. Осындай «шуралардан» кейін оқулық дайындайтындардың кітап материалдарына мүлдем мән бермейтіні де белгілі. Олар бірбіріне сілтеп, оқулық жайына қалады. Өріп жүрген қателерге кім жауапты екенін білгім келеді, – дейді.

Ата-аналардан бұрын, өзінің қазақстандық оқулықта жүргені эстрада әншісі «Шура» үшін де айтарлықтай жаңалық болған секілді. Әнші Instagram парақшасында интернетті шулатқан Оксана Барановскаяның жазбасымен бөлісіп қойыпты. Бірақ, пікір қалдырмаған.

Ал, аталған мәселені көтерген ата-аналардың сұрағына оқулықты құрастырушы «Бөбек» орталығы жанындағы адамның үйлесімді дамуы институтының директоры Ирина Калачева өлеңдердің оқулықтағы  «Жүректен жүрекке» айдарына жариялағанын, сондай-ақ оқулықта классика жанрындағы авторлар мен мәтіндер де бар екенін айтумен шектелген.

– Мұғалім балаларға бірге ән айтуды ұсынады немесе жақсы өлең оқиды. Нақты Шураның әнін оқушылардың орындауы міндетті емес. Ол опция ретінде ұсынылатындықтан, үйрету ұсынылмайды. Балалар оқулықты ашады, көз алдындағы мәтінді көреді, мұғалім фонограмманы қосқанда балалар мұғаліммен бірге ән орындайды. Мұғалім әнді сабақты жақсы сөздермен аяқтау үшін пайдаланады, – деп түсіндірген екен институт директоры Ирина Калачева.

Өкініштісі сол – биылғы Тамыз кеңесінде жаңа оқу жылының басталуына 3 апта уақыт қалғанда, қатесі бар оқулықтардың жартысына жуығы өңірлерге жіберілгені айтылған болатын. «Сапалы оқулық болмайынша, сапалы білім сұрамаңдар»,– деген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

– Жақсы мұғалімнің бәрі мықты сарапшы емес. Кез келген мұғалім оқулыққа сараптама жасай алмайды. Біз бұрын сараптама жасап көрмеген ұстаздарды жинап аламыз да, қолдарына оқулық ұстатамыз. Жүйенің өзі дұрыс болмаған соң нәтижесі де белгілі. Оқулық сапасын нағыз мамандар сараптауы тиіс, – деп атап өтті.

Сол олқы тұсы көп оқулықтарды әзірлеудің өзіне биыл бюджеттен 2 миллиардқа жуық қаржы бөлініпті. Өкінішке қарай, соның бірі – «Шураны» бақытқа бөлеген «Самопознание» болып тұр. Бұл туралы 4-сыныпта оқитын оқушының анасы Арай Бектемірова (аты-жөні өзгертілген):

– Қазіргі оқулықтарда көрші елдің күмәнді әншілерінің поэтикалық ән үлгілері жазылып жүр. Біздің уақытта оқулықтарда отандық авторлардың өлеңдері, патриоттық әндері жазылатын. Авторы туралы шағын мағлұмат болатын. Авторға күмәндану былай тұрсын, жаттап айтатынбыз. Қазіргі кітаптан қате теріп отырамыз. Бастауыш сыныптарға арналған оқулықтардың деңгейі түсіп кетті. Кейбір оқулықтардың мазмұнында қателік бар. Балалар оны түсінбейді, – дейді.

Жалпы, Қазақстанда «Өзін-өзі тану» пәнін оқу бағдарламасына енгізу 2014 жылдан басталды. Жасыратыны жоқ, жаңартылған білім мазмұнына көшу науқаны қарқын алған осы аралықта сапасыз оқулықтар әзірленіп, баспаға шығып үлгерді. Олқылықтарға «Оқулық» республикалық ғылыми практикалық орталығының қызметкерлері, оқулық авторлары мен сарапшыларының қалай жауап беретіні – маңызды. Олай дейтініміз, бір оқулық бүтін ұрпақтың көзін ашып, санасезімінің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

– Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылмай-ақ қояйық. Бұл әннің сөзі дұрыс деген күннің өзінде, алдымен оқушыны автордың өзі, өмірі қызықтыратыны рас. Ертең балам: «Әке, осы әнді айтатын адамды маған көрсетші. Кім ол?» деп сұраса не деп жауап беремін? – дейді қарағандылық Мақсат Айдосұлы.

Авторлардың «Өзін-өзі тану» оқулығының негізгі міндетін естен шығарғаны атааналар қауымын алаңдатып отыр. Олардың айтуынша, «Өзін-өзі тану» – алдымен өнегелі ұрпақ тәрбиелейтін өзекті пән. Міндеті де – рухани құндылықтарды негізге алған, ойы, сөзі мен ісі бір жерден шыққан нағыз мінезді адамды тәрбиелеу

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button