Үштілділік – кемел келешек кепілі

Жанна Оспанова,

«Алтын сақа» балабақшасы ҚМҚК директоры

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы үштілділік саясаты сіз басқарып отырған балабақшада қандай деңгейде жүргізілуде?

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» — деп атап көрсеткеніндей балабақшамызда келешекте бәсекеге қабілетті ұрпақты тәрбиелеу жолында жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтар болсам, тәрбиешілер де, мамандарда өткен тақырыптарына қатысты сөздерді балаларға үш тілде қайталап айтқызуға тырысады. Осындай жұмыстың нәтижесі балалардың үш тілділікке деген қызығушылығын тудырып отыр.

Мектеп жасына дейінгі балалардың үштілді қатар меңгеруі ана тілінде еркін сөйлеуіне кедергі келтірмей ме?

Кедергі келтірмейді. Өйткені балабақшада ағылшын тілі ересек топта жүргізіледі. Ересек топтағы (4-5 жас) бала таза, анық сөйлей алады. Таза ана тілінде тілі шыққан балаға басқа тілдерді үйренуге ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Ал ІІ кіші топ пен ортаңғы топтарда вариативтік бөлім ретінде жүргізіледі. Қайта осы жастағы балалардың тілдерді үйренуге қабілеттілігі жоғары болады.

Елімізге үштілділіктің пайдасы қандай деп ойлайсыз?

Үштілділіктің пайдасы, жоғарыда айтқандай, біріншіден, еліміздің бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуына септігін тигізсе, екіншіден, бірнеше тілді үйренген баланың болашағы жарқын болатынына сенімдімін.

Балалардың тілді меңгеруге деген қызығушылығы қандай?

Тілді үйренуге деген қызығушылықтары жақсы. Өйткені балабақшада қай оқу қызметі болмасын ойын түрінде өткізіледі. Ойын түрінде берілген тапсырмаларды бала қызығушылықпен орындайды. Сонымен бірге, қазіргі таңда ата-аналар тарапынан да баласының тіл үйренуіне қызығушылық танытуда.

Балабақшада балаларға тілді үйрету үшін оқулықтар, әдістемелік құралдар бар ма?

Иә. Ағылшын тілі мұғалімдері Г.С.Каримова, Т.В.Башта балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты бағдарлама және жұмыс дәптерін, яғни авторлық әдістемелік құрал жазып, дайындады. Балалар осы жұмыс дәптері бойынша жұмыс істейді.

Ағылшын тілінің мамандары жеткілікті ме?

Мамандар жеткілікті. Башта Т.В. жоғары санатты, Каримова Г.С. бірінші санатты педагогтер.

Балабақшада тілді үйренуге баулитын қандай іс-шаралар өткізіледі?

Балабақшамызда қазақ тілі мұғалімі Ибраева К.М., орыс тілі мұғалімі Қасымбекова Л.З., ағылшын тілі мұғалімдері Каримова Г.С., Башта Т.В. бірлесіп іс-шаралар жиі өткізіледі. Сонымен бірге, ертеңгіліктерде балалар үш тілде тақпақ, ән айтып, қысқаша көріністер дайындайды. Жақында ғана сәуір айында «Балауса» балабақшасымен бірігіп «Үштілділік – тұғырым» атты семинар өтті. Және «Қазақстан – Қарағанды» телеарнасынан үштілділікке байланысты жүргізілген «Ойталқы» бағдарламасына біздің педагогтер қатысып, пікірлерімен бөлісіп қайтты.

Үштұғырлы тіл саясатына өз ойыңызбен бөлісіңіз.

Үштұғырлы тіл саясатын қолдаймын. Менің ойымша, бірнеше тіл үйренудің, оны балабақшадан бастап үйретудің пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Бірнеше тілде сөйлей алатын білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің міндетіміз.

«Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысы бойынша.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.