Шортанбай: шындық пен шырғалаң…

Шортанбай жырау ҚАНАЙҰЛЫНСЫЗ қазақ әдебиетін елестету мүмкін емес. Алаш әдебиетінің тұтас бір дәуірі Шортекеңнің «Зар заманымен» айдарланғанын неге ұмытайық? Қазақ руханияты ғана емес, тіпті, Түркі дүниесіне ортақ тұлғаның есімін мына тұрған Шет ауданы орталығындағы аудандық мұражайдан кезінде ешбір себепсіз алып тастағанын біз жақында жазушы Кәмел Жүністегінен естіп, қайран қалдық. «Бұл не сұмдық, бұл не лаң?» дейді «Құрмет» орденінің иегері Кәмел ата.

Қолды бір сілтеп, жылы жауып қоя салатын ұсақ-түйек шаруа емес. Асқақ рухты жырлары ақырып теңдік сұраған Кенесары сарбаздарының басты ұранына айналған Шортанбай жырау есімі өзінің туған әрі жерленген топырағы Шет өңірі тұрмақ, Қазақстанның қай түпкіріндегі рухани-мәдени орынға берілсе – әбден лайықты, біздіңше. Аудандағы мұражайды айтпағанда, Астана, Алматы, Қарағандыдан көше, даңғыл берсе де артық емес дейді ішкі ойым. Бірақ, бұл – біздің жеке пікір ғана. Ел не дейді? Әңгіме сонда? Бірбір несиеге байланған қара халық әлде бұған бас қатырғысы келмей ме?

Жыраудың 200 жылдығында, биыл ғана бүйректен сирақ шығарып отырса, «әй, мұның не?» деуге болатын шығар? Мәселе, республикалық көлемде тойланған Шортекеңнің 175 жылдығында (1993 жылы) Ақсу-Аюлының басындағы аудандық мұражайға жыраудың есімі берілген екен. Ғұлама Мұхтар Мағауиннің «Бұл күндері Сары-Арқада, атақты Ақсу-Аюлы өңірінде қазақ халқының ұлы ақыны Шортанбайдың 175 жылдық тойы өткеріліп жатыр. Ресми дәрежедегі салтанатты жиын, Қазақстанның ең білікті ғалымдары қатысқан ғылыми-теориялық кеңес, көне зират басында мүсінделген ескерткіш, қан жайлаудағы дүбірлі мереке, әлденеше дүркін ат бәйгесі, ұлттық ойындар, көл-көсір дастарқан, бата мен дұға – осының бәрі Шортанбай рухына жасалған тағзым ғана емес, ежелгі қазақ елінің қайта көтерілуінің кезекті бір белгісі» деп жазатыны осы тұс. «Егемен Қазақстан» газетіне де шыққан екен хабары (1993 жыл, 16 шілде, №159). Мұражайдың бір бөлмесін тұтасымен жырау мұралары алып тұрса керек. «Содан беріде Шортанбай Қанайұлы атындағы мұражайдан жырау есімін 18 жылдан соң ешбір себепсіз алып тастаған. «Неге?» деген сұрақ бар да, жауап жоқ. Биыл, Шортекеңнің 200 жылдық мерейтойында музейге есімін қайтаруды қолға алып, әрекет еткенбіз. Аудан әкімдігіндегі лауазымды тұлғалар «бұл мұражай бізге бағынбайды» дейді. Аудандық мәслихаттағы қызметкерлер «біздің шаруамыз жоқ» деп құтылды. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ауданнан ресми хаттама түспей, қимылдай алмаймыз. Бір мекемеден арнайы хаттама түссе, музейді Шортанбай есіміне беруге қазір дайынбыз» деген. Соны айтып, мұражайдың қазіргі басшылығына барсам, олар «бұл орынды Шортанбай атына беру жөнінде хаттама жасай алмаймыз» деп ат-тонын ала қашты. Мұражайды ол баста Шортанбай жырау есіміне берудің қам-қарекетін қылғанымызда, сыртымыздан арыз түсіргендерден қорқады. Сонда қараңыз, осы мәселенің ара жігін ашып, қазығын қағатын бір мекеме болмай отыр Қарағанды облысы көлемінде», дейді белгілі жазушы ғана емес, шортанбайтанушы Кәмел Жүністегі.

Осыдан 25 жыл бұрын жазушы Мұхтар Мағауиннің «Соңғы кезде айқындалған кейбір деректерге қарағанда, Шортанбайдың дүниеге келген жері – қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы. Ықтимал жағдай» дегенін кейінгі зерттеушілер дәлелдеп жазған да болатын. Одан беріде жыраудың Шет ауданы, Қатпар деген жерде дүниеге келгенін оның ұрпақ, үрім-бұтағы, жергілікті көнекөз қарттар да сан мәрте айғақтап берген, түрлі дерек көздерінде. Ендігі уақытта оған талас тудырудың қажеті жоқ. Басы ашық бір жағдай, Шортанбай ұлы жырау, көреген әулие! Мағауинше айтса, «Шортанбай үлгісі, оның өзгеше сыпатты мұрасы – бүкіл қазақ жұртының асыл қазынасы. Отаршылдық бұғауға мойымаған, еркіндік аңсаған халықтың асқақ рухының көрінісі. Қазақ әдебиеті ғана емес, түрік дүниесі ғана емес, бүкіл әлемдік рухани өмір өлшеміндегі өзгеше құбылыс». Ар жағы патша көңіл оқырман мен уақыт еншісінде!

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.