Тарих

Ширек ғасырдан – сирек тұлғаларға

Тәубе!

Байтақ даламыздың бай өлкесіне Астана тұрғызып, шекарамызды шегелеп, Ақ Ордамыздың биік күмбезіне Тәуелсіздіктің көк Туын қадап, мемлекетімізге «Алаш» деп ат қойып, азан шақырғанымызға да – ширек ғасыр өтіпті!

Мыңжылдықтардың мұрагер ұрпағы – қазақия дербес Ел деп төрткүл дүние таныды! Елұранымызды жүз отыздан астам ұлт шырқап, Ата Заңымызды қастерлеп, Ана Тілімізге жоғары мәртебе бердік!

Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің тартуы!

Құдайға шүкір, санымыз 17 миллионнан асты.

Бірақ… Одан кейін ше? Тұрақтылық пен тұтастықты сақтау – егемендікке жету жолынан да ауыр екенін сездік.

Етек-жеңімізді жинаған күннен бастап, ономастика мәселесін қолға алу керегін түйсіндік. Осы уақытқа дейін біршама жер-су атаулары, елді мекендер өзінің тарихи атауын қайта алса, әлі де қазақыланбай отырған қала, аудан, көше атаулары қаншама екенін есімізге алдық. Бүкіл республика көлемінде атқарылып жатқан іске сараптама жасамай-ақ қоялық. Облысымыздағы оң істерге баға бере кеткен жөн.

1991 жылдан бері облыстағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге ат қою және олардың атын өзгертуге, атауларының транскрипциясын нақтылау жөнінде жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізіліп келді. Облыстағы 3 ауданның атын қазақша қаріптеп, мейілінше дәріптедік. Оның ар жағында ұлттық рухқа қозғау салу жатыр. Мичуринді – Абай еттік. Ульяновты – Бұқар жырауға ауыстырдық, Советті – Қазыбек биге бердік. Бір қаланың атын Никольскийден – Сәтбаевқа қайтарттық. Айтуға жеңіл болғанымен, істі байытуға келгенде шабан көрінгеніміз де өтірік емес.

Әйтпесе, елдің шетіне жау, ішіне дау кіргізбей жанын пида еткен атақты аталық Барқы Нияздың есімін Осакаров кентіне сұрап жүргенімізге қай уақыт?!

Биылдан қалдырмай, егемендігіміздің жиырма бес жылдығында аталмыш ауданды тарихи «Сары бел» атымен, ал Осакаров кентінің өзін «Нияз батыр» есімімен атауды кешіктірмеу керек. Бәтуаға бір ауыздан келіп, нақты іске көшу шарт. Аруақты атаның назасына ұшырап қалмауды да ойлайтын уақыт.

Жуырда өткен жиынның бірінде белгілі журналист, көсемсөз шебері Нұртөре Жүсіп керемет сөз айтты. «Қазақта «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөз бар. Қазан революциясына жүз жыл толуына аз-ақ қалды. Ал, Қарағандының білдей бір ауданы сол «Октябрь» ауданының атын әлі ауыстыра алмай отырсыздар. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлап жатқан ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның есімін беретін уақыт болды» деді.

Бұл сөзге алып-қосарымыз жоқ. Тура шындық.

Сондай-ақ, Қарағанды мемлекеттік политехникалық университетіне Алаш орданың соңғы тұяғы – Әлімхан Ермековтің есімін беру жайы да сиырқұйымшақтанып кете береді. Халқының дауына араласып, «жауына» айналған заманда есімін естіртпеуге әдейі жұмыстар жүргізілген шығар… Ендігі қимылымызға не жорық?

Асты-үсті байлыққа тұнған құнарлы өлкелер жаттың қолында кеткелі тұрған қысылтаяң шақта алып империяға Арыстанша ақырып, айбатымен жауды ықтырған Жұмабек Тәшеневке бір көше тұрмақ бір қаланың аты аздық ететінін Сіздер жақсы білесіздер!

Қасиетті Сарыарқаның киелі кіндігі Қарағандыны – Хан Жайлауы дейтініміз бар. Дейміз де, осы мемлекеттің іргетасын қалап, үш жүздің басын қосқан Абылай хан, Кенесары хан сынды ұлы қолбасшылардың, арғысы Жошы хандай кемеңгер тұлғалардың Қарағанды қаласынан есімін кездестіре алмайтынымыз қызық.

Абылай ханның Ақсораңда шатыр тіккенін, хан Кененің Ақтауда бекінгенін айтып босқа бөсе бергенше, көше бергеніміз абзал еді! Өлке құрмет көрсетіп, есімдерін мәңгілікке дәріптесек, Тәуелсіздікке деген тартудың үлкені сол ғой!

Асыл бабаларымыз ат үстінде арып, найзаның ұшымен қорғанған Даласын, қаламның ұшымен қазақшалап алсақ мұрагер ұрпақтың мәнді өмір сүргені – сол.

Әзірлеген: Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button