Бас тақырып

Шетелдік көліктерді уақытша тіркеу басталды

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Үкімет отырысында шетелдік нөмірі бар көліктердің мәселесін шешу үшін оларды 2021 жылдың 1 наурызына дейін уақытша тіркеуді тапсырған болатын. Яғни, бір жылдың ішінде барлық алым-салықты төлеп, темір тұлпарды тұрақты тіркеуге қою қажет. Осы орайда, еліміздің мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында полицейлер ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөлік құралдарын уақытша тіркеу мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауда. Облыс бойынша ақпанның 1-нен бастап бүгінгі күнге дейін 100-ге жуық көлік иесі керек мәліметтеріне қол жеткізген. Аталған орталықтағы құрылым айдың соңына дейін қызмет көрсетуге әзір. Бірақ, әзірге нақты тіркеуге шешім қабылдаған ешкім жоқ…

Суретті түсірген автор

Автокөлік иелері уақытша тіркеуден өткен соң аймақ сериясының («09») орнына «18» саны бар сары тіркеу белгісі беріледі. Мұндай тіркеу – 2021 жылдың 1 наурызына дейін ғана жарамды.

  • Біз қазір қандай құжат керек екенін айтып, көпшіліктің сауалдарына жауап берудеміз. Бізге келушілердің дені – Ресейден көлік әкелгендер. Алдымен, құжаттарды тапсырған соң, әрі қарай көлік базада бар-жоғын білеміз. Егер бәрі талапқа сай болса, көлік құралы уақытша тіркеуге алынады, – дейді полиция майоры Аманжол Ахметов.

Мамандар уақытша тіркеу үшін алдымен қажет құжаттарды түгендеп алу керектігін айтады. Яғни, жеке куәлік, автомобильдің мемлекеттік тіркеу нөмірлері, техникалық төлқұжат (көлікті тіркеу туралы куәлік), техникалық байқаудан өткені туралы анықтама (7 жылдан аспаған көліктерге ондай анықтама алудың қажеті жоқ), көліктің меншік иесін куәландыратын құжат (сатып алу туралы келісімнің нұсқасы немесе мұрагерлікпен алғаны туралы құжаттар), көліктің салығы төленгені туралы анықтама (ондай анықтама арнайы ХҚКО-да беріледі), көлік қайта жабдықталған, иә болмаса, оған арнайы құралдар орнатылған жағдайда қосымша құжаттар қажет.

Келесі ретте утилизациялық алым бастапқы тіркеуге қоюдан бұрын төленеді. Айлық есептік көрсеткішпен есептелетін бұл алым түрі көлік қозғалтқышының көлеміне және базалық алым коэффициентіне тәуелді. 2020 жылғы утилизациялық алым мөлшері жайлы айтар болсақ, көліктің қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ге дейін болса – 3х50 АЕК (397 650 теңге), 1001-2000 текше см аралығы – 7х50 АЕК (927 850 теңге), 2001 – 3000 текше см – 10х50 АЕК (1 325 500 теңге), 3000 текше см-ден жоғары – 23х50 АЕК (3 048 650 теңге).

М1 санатына жататын жеңіл автокөліктерді бастапқы тіркеу құнына тоқталсақ. Соңғы 2 жылда шығарылған көліктер (2019-2020 жылдар) – 662,75 теңге, ал 2-ден 3 жылға дейінгі аралықта шығарылған көліктер (2018 жыл) – 132 550 теңге. Зауыттан шыққанына 3 жылдан асқан көліктерге (2017 жыл және одан бұрын) – 1 325 500 теңге төлеу қажет болады. Тіркеуге қойғанда нөмір мен техникалық төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеуге тура келеді. Мәселен, мемлекеттік нөмірге – 2,8 АЕК (7 423 теңге). Тіркеу рәсімі үшін – 0,25 АЕК (663 теңге). Техникалық төлқұжат үшін – 1,25 АЕК (3 314 теңге).

Айталық, егер көлік Еуро-4 стандартына сәйкес келмесе, рөлі оң жақта болса уақытша тіркеуге мүлдем қойылмайды. Сонымен қатар, күндіз қосылатын шамдардың болмауы, балалар креслосына арналған ISOFIX бекіткіші жоқ болса, қауіпсіздік көпшігі болмаса, көліктен шығатын газдарды нейтрализациялау жүйесінің жұмыс істемеуі, ABS (тежегіштің бұғатталуына жол бермейтін жүйе) істен шықса да уақытша тіркеуге айтарлықтай кедергі жасайды.

«Егер мұндай талапқа сай келмесе, көлікті тіркей алмаймыз. Амалы сол, көлігін жылына бір мәрте шетелге шығаруға тура келеді» дейді мамандар.

Уақытша тіркеуге қойған соң арнайы сары түсті нөмірлер беріледі. Оған қоса, техникалық төлқұжат рәсімделеді. Көлік иесі 2021 жылдың 1 наурызына дейін барлық алым-салықты төлеу керек. Сонда ғана көлік тұрақты тіркеуге қойылып, барлығына бірдей ақ түсті нөмір берілмек. Ал, егер осы уақыт ішінде тұрақты тіркеуге қойып үлгермесе, көлікті елден шығаруы керек. Немесе бөлшектеп ғана сата алады.

Қысқасы, осы мәселеге байланысты уақытша тіркеу қызметі 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап айдың соңына дейін күн сайын сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін облыстың барлық қала, аудандарында мамандандырылған ХҚКОда жүргізілетін болады.

Сондай-ақ, автокөлік иелері 8-775-617-96-18, 8 (7212) 55-87-06 нөмірлері бойынша жедел желіге хабарласып, ақпарат ала алады.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button