Шет ауданындағы күн электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын

Шет ауданының Ағадыр ауылына жақын маңыда салынып жатқан күн электр станциясының құрылысы биылғы жылдың маусым айында аяқталады.  Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.


Күн электр станциясы 120 гектар аумақты алып жатыр. Оның қуаттылығы 50 МВт құрайды. Келісімшартқа сай, бірінші электр энергиясы 30 маусымда өндірілді. Қазір электр қуатына қосылу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада мұнда 150 мың панель мен қуатты қосалқы станциялар жеткізілуі тиіс. 
Алмас Айдаров барлық құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Сондықтан да бар мәселелерді қысқа мерзімде шешу үшін қазірден қалдырмай ортаға салу керектігі айтылды. Оның ішінде жүк көліктерінің салмағына шыдай алмауы мүмкін кенттегі жолдар туралы сөз қозғалды. 
— Осыған дейін мұндай үлкен жүктер автокөлік арқылы жеткізілмеген еді. Сондықтан жолдарға қатысты сұрақтар туындады. Біз оларды жедел шешеміз, — деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.
Тағы бір мәселе – құжаттарды рәсімдеу. Бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары бақылауда ұстауға уәде берді. Неміс инвесторларының айтуынша, электр станциясының құрылысын жалғастыруға еш кедергі жоқ.
— Жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде. «KEGOC» қосалқы станцияларынан біздің қосалқы станцияларға дейінгі бұл желі бірнеше күннен кейін дайын болады. Біз үшін бұл жобаны осы жылдың 30 маусымында аяқтау өте маңызды, — деді «SES Saran» ЖШС Бас директоры Евгений Гребенников.
Жобаның құны — 55 миллион еуро. Үш-төрт жыл ішінде өңірге баламалы энергия саласында 500 миллион доллар тарту жоспарланып отыр. 
Шет ауданына сапар барысында облыс әкімінің орынбасары жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Олар Алмас Айдаровқа ауданда шағын және орта бизнестің қалай дамып жатқандығы туралы айтып берді.