Спорт

Шеберліктері сыналды

Биылғы жылы салауатты өмір салтын насихаттауды мұрат тұтқан «Арай-2019» облыстық XIV жазғы спартакиадасы Шахтинск қаласында өткізілді. Байрақты сында облыс аумағындағы қалалардың командалары өзара бәсекеге түсті. Спартакиаданың ашылу салтанатының өзі үлкен мерекеге ұласты.

Спорт күніне орай ұйымдастырылған спартакиадада спортшылар армрестлинг, пауэрлифтинг, қазақ күресі, волейбол (ерлер және әйелдер), үстел теннисі, жеңіл атлетика, шағын-футбол, жазғы президенттік көпсайыс, тоғызкұмалақ, шахмат, дойбы және асық ату спорттарынан команда болып сайысқа түсті.

Ашылу салтанатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов құттықтауын жеткізіп, облыс спортшыларының жеткен жетістіктерін айрықша атап өтті.

  • Спортшыларымыз қай спорт түрінен болсын байрақты бәсекелерде топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүр. Жеңісті сәттерде бапкерлер мен спортшылардың аянбай тер төккен еңбегінің жемісі тұрғаны анық. Сондықтан, спортшыларымызды бабында ұстап, аймақта спорт саласының дамуына үлкен үлес қосып жүрген бірқатар бапкерлер мен спорт саңлақтарын атаулы күнмен шын жүректен құттықтаймын, – деді басқарма басшысы.

Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Қайыржан Тілеубергенов те лебізін білдіріп, спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі. «Шахтинск қаласында спорт айтарлықтай дамыған. Спортшыларымыз үлкен додаларда ел намысын барынша қорғап, жүлдемен оралып, мерейімізді үстем етіп жатады. Шын қуаныштымыз. Спортты дамытуға барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Аталған спартакиада Шахтинск қаласында өтіп жатқаны біз үшін мәртебе» деді өз сөзінде Қайыржан Кәрімұлы.

Аталған шараның көздеген мақсаты – облыстағы, оның ішінде қаладағы спортты дамыту мен халық арасында кеңінен насихаттау. Сан додаларда топ жарып жүрген саңлақтарды өскелең ұрпаққа үлгі ету. Сонымен қатар, спортта өз қолтаңбаларын қалдырған, өмірден озған спортшыларды еске алу тұрғысында өткізілуде. Яғни, рухани маңызға да ие салмақты шара. Осы секілді спорттық шаралар жас жеткіншектердің талабын шыңдап, үлкен жарыстарға бастама болатыны анық.

Сайыстардың барынша әділ өтуіне, төрешілердің мінсіз қызмет ететініне ант берді спартакиаданың бас төрешісі Олжас Темірханұлы.

Салтанаттың ашылу рәсімінен соң Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, ауыр атлетикадан спорт шебері Николай Снегуров спартакиада алауын акробатикадан екі дүркін Азия чемпионы, «100 жаңа есім» жобасы ның жеңімпазы Никита Амоскинге табыстады.

Спартакиада қорытындысы бойынша I орынды Қарағанды қаласы, II орынды Теміртау және III орынды Шахтинск қалаларының құрама командалары еншіледі. Спортшыларға мадақтамалар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жан-жақтан келген қатысушылар спартакиаданың ұйымдастырылуы мен жоғары деңгейде өткізілуіне, медициналық қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті қадағалау қағидаларына, спорт нысандарының жоғарғы дайындығына разылықтарын жеткізді.

Шара қонақтары Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің тамаша мерекелік тартуына тәнті болды. Тартымды концерт отшашуға ұласты.

Спартакиада жалауы Балқаш қаласына тапсырылды.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button