Жаңалықтар

Шамшырақ

Оңтайлы ой-толғау, маңызды құжаттар мазмұнын, жаһан жаңалығын жалпы халыққа жеткізу, әсіресе, жас өскіндердің бойына сіңіруде елеулі еңбек атқарушы – мұғалім. Мұғалім жетістігін қастерлеп, жария ету – ұлықты да ұлағатты істің бірі. Сондай желкенді жетістік иесі, аймаққа да республикаға танымал ұлағатты ұстаз – Ләззат Бәйішқызы.
…2000 жылдардың ортасы. Облыстық білім беру департаментінде еңбек етіп жүрген кезім. Жұртшылықты қабылдар кезекті күн. Есіктен еркін басып Ләззат апай кірді. Сәлем беріп отырғызған соң, Ләззат Бәйішқызы әңгімесін бастап кетті.
Осындай апалар мен аналарды көргенде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Тоғжан мен Әйгерім, Л.Толстойдың «Анна Каренина» романындағы Анна сынды әйелдер сипаты, Ғ.Мүсірепов пен М.Горькийдің аналар құдіреті туралы ой-түйіндері еріксіз еске оралғандай. Шіркін, қандай болған біздің апалар мен аналар?! Айтар ойын жайдары да жарқын жүзімен, парасатты да пайымды түрде қысқа да түсінікті тұжырымдауда. Қояр сұрағын ешқандай елеңдетер де бояулы сөз қоспай ашық та айқын жеткізуде. Сөз түйіні: білім, оқушы, ұстаз, мектеп, тіл. Тіл болғанда ана тілі – мемлекеттік тіл.
«Есенғазы Нұртөлеуұлы, айналайын, біраз уақытыңды алармын. Мұғаліммін ғой, оқушыларымның бәріне «айналайын» деп сөйлеп, үйренген дағды. Мен үшін, жалпы қазақ үшін бұл сырлы да сағынышты сөз. Бірінші айтарым – жұмыс істеп жүрген мектебім туралы. 1960 жылдан бұрынғы №2, қазіргі Нығмет Нұрмақов атындағы мамандандыры

 

лған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта еңбек еттім. Мектептің арғы тарихына үңілсек, сонау 1934-1958 жылдар аралығында оның тұрағы да, мақсаты да 4-5 рет ауысқан: мектеп-пансионат-училище-пансионат-интернат болыпты. 1941 жылы басқа мектеп жоқтай, осы мектеп (қазіргі мұғалімдердің білім көтеру институтының) ғимаратына Воренеж қаласынан көшірілген әскери ұшқыштар училищесін орналастырыпты. 1945 жылы Молотовтың атын берсе де қазақ орта мектебі аталып, 1958 жылы ауыл балаларына арналған мектеп-интернат болып халық қуанышқа бөленіпті. Одан ел ағаларының шешімімен жаңа мекенге көшіп тағы бір қуанған болатынбыз. Бірақ, қуанышымыз көпке созылмады, 1984 жылдың жазында сұрқия саясаткерлердің «мұнда әскери бағытта тәлім беретін интернат болады» деген суыт жеткізген суық сөзі жанымызды түршіктірді. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей талайдан астыртын да құйтырқы қимыл жасауға үйренген арам пиғылды, жат ойлылар қаладағы екі-ақ қазақ тілді мектеп-интернаттың бірін – біздің интернатты жапты. Ұстаздардың тиісті орындарға жазуымен, баруымен, ұлтжанды азаматтардың көмегімен, әм халықтың Аллаға жалбарына үн қосуымен болар, әйтеуір сол жылдың күзінде әупірім-тәңірім деп қалада қатар тұрған үш орыс тілді (№38, №93, №101) мектептің бірінің ғимаратына кіріп, жылай жүре күліп, күле жүре ширай қимылдап, мемлекет қайраткері Н.Нұрмақов есімін алып, мектебімізді қайтадан жандандыра бастадық. «Бір көшкенің жұт кіргенмен тең,

 

екі көшкенің жау шапқанмен тең» дегендей, ашылғаннан бері 6 рет көшу оңайға соқпағаны белгілі. Мұндай жағдайды басқа мектептер де басынан өткізген. Шет жағасын басқалар да айтқан шығар, өзің де жақсы білерсің. Менің айтарым, жаңа оқу орнын ашу-жабуға аса сақ болып, оның басшыларын өзгертуді мұқият ойластырған жөн. Әрине, жаңартқан да, жасартқан да дұрыс болар. Екінші ойым – тіліміз. Осы проблема туралы қаншама сөйлеп те, жазып та жүрмін. Қазір, міне, үш тілділікке көшу мәселесі көтерілуде. Үш тіл деп қазақ тілін құлдыратып алмас па екенбіз деген қаупім бар. Үшінші бір мәселе – мұғалімдер мәртебесіне мән беру, олардың беделін көтеру. Болашақта оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар бір мақсат қоя отырып, белгілі бағытта қимылдайтындай, тіпті, жалпы халықтың сана-сезімін оятатындай тәлім-тәрбиелік жоба жасау қажет сияқты».
Тәжірибелі де тұғырлы тұлғаның сондағы айтқаны әлі де ойымда сақтаулы.
Қарқаралыдай таңғажайып табиғат аясында жарық дүниеге келген бала, жасынан әке-шешесіз қалып, жақын туыстарының қолында тәрбиеленіпті. Сонау бір, жер жүзін тітіренткен сұрапыл соғыс Ләззат баланы да ерте есейтіпті. Соғыс аяқталған жыл. Арманшыл жас Абай атындағы ҚазПИ-ге түсіп, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов, әдебиеттанушы Қажым Жұмалиев сынды ұлы ғұламалардан дәріс алған. Ақындар мен жазушылардың шығармаларымен сусындап, театрдағы қойылымдарды көре, өнер иелерін тыңдаған.
1949 жылы дипломын қолға алған жас маман өзінің еңбек жолын туған жері Қарқаралыдағы №1 мектептен бастапты. Құнанбай қажы мешіт салған, Абай хакім білім-тәлім алған, Әлихан Бөкейхан халқының болашағын ойлай, азаттық жолына алғаш көз салған, Ахмет Байтұрсынұлы ел санасын оятарлық еңбектерін жазған тарихи тұрақта,

 

сол қасиетті де нұрлы жерде өсіп-өнген ұрпақтардың арасында он жыл бойы жеткіншектерді қазақ тілі мен әдебиетінің құдіретімен қауыштыра білімге, өмірге дайындаған.
Талантымен танылған дарынды жас 1960 жылы облыс орталығындағы №2 мектеп-интернатқа орналасып, жарты ғасырдан астам осы оқу орнында үздіксіз еңбек атқарған. Ғаламат еңбек! Ғажайып ғұмыр! 60 жыл бойы өзі армандаған ұстаздық! Ұстаздық кәсібі – бақыты да, бағы да, Мектебі – шыққан шыңы да асқан, асуы да. Шәкірттері – желкенді жетістігі. «Мектеп» деп таң атырып, «сабақ» деп түнін өткізіп, «шәкірт» деп жүрегін жылытқан. Мұғалімнің әрбір әсерлі «45 минутын» әр күнге, апта, ай, 60 жылға көбейтсек, қанша болар екен?! Ал, сол жылдарда қаншама шәкірттері қанаттанып, жаңа өмірге жолдама алып, сан қырлы мамандықтың иесі атанып, елінің өркендеуіне елеулі үлестерін қосқаны айқын. С.Ақылбай (сенатор, жоғары сатыдағы заң қызметкері), Қ.Асқаров (ақын), Б.Әбенов (заңгер), Г.Әкімбекова (қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі), М.Бексұлтанов (Парламент сенатында жұмыс жасаған), Қ.Бекшебаев (ғалым-зоотехник), Ө.Дәрібеков (Қазақстанға еңбегі сіңген энергетик), С.Жамкенов (подполковник), А.Жүнісбеков (аудандық мәслихат депутаты), Ж.Кемалов (әнші), Қ.Кемалов (актер), Б.Манкаева (адвокат), Ғ.Мағзумов (облыстық кардиологиялық орталықтың бас дәрігері), А.Нұрбеков (Қарағанды медицина колледжінің директоры, медицина ғ.к., доцент), Б.Хасенов (профессор), тағы басқалары бар. Бұлар әр салада қызмет жасап жүрген шәкірттерінің бірен-сараны ғана.
Ұлықты ұстаз 80 жасына дейін жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде тұғырынан таймай «Абайтану» таңдау пәнінен дәріс берді. Ұлы ақын туындыларын жатқа оқып, шәкірт зердесіне рухани, адамгершілік сезімдерін ұялата білді. Нәтижесінде «Көркем мәтінді проблемалық ізденіс туғыза оқыту» тақырыбында тұрақты жұмыс жасап, М.Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыту тәжірибесі туралы әдістемелік нұсқаулығы жарық көрді. Бұл еңбегі облыс және республика оқу орындарына кеңінен таратылды. Өзіндік оқыту әдістемесі қалыптасқан ұстаздың көптеген іс-тәжірибесі кезінде «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі», «Орталық Қазақстан», «Замандас», «Өзгеріс-Перемена» газет-журналдар бетінде жарияланған: «Ғылым таппай мақтанып, орын таппай баптанып жүре береміз бе?», «Ана – аққан бұлағың», «Мамандықты таңдай д

 

а, қадірлей де білу керек», «Махабатсыз дүние бос», «50 жылдан кейінгі кездесу», сынды ұрпақ тәрбиесіне, қоғамдық мәселелерге қатысты мақалаларындағы қозғаған соны пікірлері оқырмандар ойына қозғау салғаны да, әсерлі үлгі-өнеге болғаны да белгілі.
Облыстық, республикалық Педагогикалық оқулар мен мұғалімдер съезінің бірнеше дүркін делегаты, «Әдіскер мұғалім» (1979ж.) атағының иегері, көптеген шығармашылық еңбектердің авторы Ләззат Бәйішқызының есімі «ҚазКСР-нің Құрмет кітабына» (1977ж.), «Арқа арулары» кітабына (2009ж.), «Қазақстанның үздік адамдары» және «Қарағанды облысының ұлағатты ұстаздары» (2017ж.) энциклопедияларына енгізілген.
Еңбектері еленіп, «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысындағы тыл ардагері», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері» медальдарымен; «ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» (1973ж.), «Ыбырай Алтынсарин» (2006ж.), «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен; Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің, ҚазКСР Оқу министрлігінің, Қарағанды облысы басқару органдарының Мақтау қағаздары, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Еске ерекше аларлық тағы бір жәйт – 2008 жылы дәстүрлі мұғалімдер мерекесіне орай, облыс әкімінің білім саласының бір топ қызметкерлерін 250 мың, 500 мың, 1 млн. теңгемен марапаттауға арналған арнайы сыйлығына сай мұғалімдерді іріктеу кезеңі. Алғашқы бастама. Осы шараға сай жүргізілген қауырт жұмыс. Әр аудан-қаланың айтулы да айшықты ұстаздарының жетістіктері жинақталған портфолиосы. Комиссия мүшелерінің таңдауына – қатал талап. Ардагерлер алқасымен ақыл-кеңес… Нәтижесінде, әр 45 минутта Асан болып «Жерұйықты» іздеген, Абай болып поэзияның құдіретті күшін білдірген, Шоқан болып жер жаһанды аралатқан, Мұхтар болып Абайды әлемге танытқан, Қасым болып намыс, рухы бомба болып жарылып фашистердің көзін жойған, һәм өмірге «Қасымдардың» қайта келеріне сенген, Жұбан болып «Мен қазақпын» деп атой салған, сондай-ақ, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер болып шешендік өнерді, шексіз тіл байлығын шәкірттерінің санасын

 

а сіңірген «Абайтанушы», ұлағатты ұстаз Ләззат Бәйішқызы бірауыздан бір миллион теңгенің иесі атанды.
2011 жылдың 14 наурызында қаламыздағы білім шаңырағының бірі, өзі еңбек еткен білім ордасында «Ләззат Бәйішқызының атындағы қазақ тілі мен әдебиеті оқу кабинеті» ашылды. Кабинет төріндегі «Ұстаз жолы» тақтасында ұстаздың фото суреті ілініп, өмір жолы жазылған. Шкаф сөрелерінде оқу-ағарту саласындағы ұзақ жылғы еңбектері жинақталған. Бәрі де келешек ұрпақтарға арналған. Оқы да үйрен. Өнеге-үлгі ала, санаңды жаңғырт, туған жерге туыңды тіге, елеулі еңбегіңді сіңір деп тұрғандай.
Ұлықты ұстаз, қадірлі Кейуананы торқалы 90 жасымен құттықтай отырып, алдағы өміріне зор денсаулық, жолын қуып, тіл маманы, мектеп директоры болған сүйікті қызы Бақытқа анасының ақ жолын, немерелеріне әжесінің адами қасиетін, туған-туыстары мен әріптес-қызметтестеріне ұстаздық ұлағатты тілейміз!

Е.ИМАНҒАЛИЕВ,
Қарағанды облысы
білім басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button