Шахтинск

Шахандықтар қыстан қысылмайды

Шахан кентіне орталықтандырылған жылу беретін қазандықтың құрылысы бастау алды. Жылу қазандығы құрылысын бастауға арналған шараға кент белсенділері, мердігер және жауапты мекемелер, дін өкілдері де жиналды. Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов тұрғындарға жылу қазандығы және оған жауапты мердігерлер жөнінде баяндады.

  • Құрметті шахандықтар, сіздер көп жыл сарғая күткен армандарыңызға жеттіңіздер, мақсаттарыңыз орындалды. Қуаныштарыңызға ортақпын. Бүгін біз сіздерге жылу беретін қазандықтың орнын белгілеп, мердігер әрі жауапты мекемелермен таныстырғалы тұрмыз. Сондықтан, құрылыс жұмыстарына сіздер де атсалысып, халықтық бақылау жұмыстарын жүргізесіздер деген сенімдемін, – деді Сержан Жаңабекұлы.

Мұнан соң кенттің ақсақалы, ардагер кенші Рашит Фаткуллин батасын берді. Сонымен қатар, кент имамы Сырым Әмірханов, православ шіркеуінің өкілі Вячеслав Шкуропат, сондай-ақ кент белсендісі, қоғамдық кеңес төрағасы Светлана Ержуманова ақ тілектерін білдіріп, қуаныштарын жеткізді. Мердігер «Бестау – С» ЖШС басшысы Ғалым Нұртазин де өзіне білдірілген сенімге алғысын айтып, жылу қазандығын сапалы аяқтауға уәде берді.

Белгілі кәсіпкер Сапар Ибкеевтің қамқорлығы және демеушілігімен құрбандық шалынды. Әруақтардың рухына құран оқылды. Сойылған малдың еті аз қамтамасыз етілген отбасыларға бөліп берілді. Айта кететін жайт, Шахан кентіне жылу беретін жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 5350 метрді құрайды.

Осы күні Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекбаев Шахтинск аймағына табан тіреп, жылу қазандығының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аманкелді ТҰРЖАНОВ.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button