Жаңалықтар

Шағын бизнес шағымы жоғарыға жете ме?

Кәсіпкерлер палатасында Мемлекеттік кіріс департаменті өкілдерімен кездесуде шағын дүкен егелері кәсіптерімен шұғылдануда қолбайлау болған мәселелерді жария етті. Нақтыласақ, мәліметтерді беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдану, мемлекеттік кіріс органдарының рейдтік тексерістері, «Wipon Pro» қосымшасын қолдануы және айыппұл санкциялары дөңгелек үстел барысында кеңінен сөз болды.

Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі лицензиялық алымдардың мөлшеріне қатысты. Алкогольдік сусындар сату үшін лицензияға төленетін 100 айлық есептік көрсеткіш шағын бизнес үшін оңай емес екеніне шағынған.

«Алкоголь сусынын сатудан біз аса бір үлкен табыс таппаймыз. Бірақ ірі дүкендер және супермаркеттермен бірдей лицензиялық алым төлейміз. Бізді ірі, орта, шағын бизнеске қатысты сатылау бар, дегенмен, мәселе лицензияға келгенде айырмашылық жоқ болып шыға келеді. Осындай сатылық жүйені алкоголь өнімдерінің айналым көлемінен шығара отырып, лицензиялауды енгізуге бола ма? Сонда бізге де оңай соғар еді» дейді дүкен иелері. Сол себепті дүкен қожайындары қызмет түріне және ауқымына қарай лицензиялық алымдарды санаттар бойынша алу немесе жоюға қатысты ұсыныстар білдірді.

– Алкоголь өнімдерін лицензиялау жөніндегі қатаң шарттарды енгізу көлеңкелі экономиканы арандата түседі. Бірақ, мәселенің мәнісі тереңде. Біз бұл мәселені бірнеше рет айтып, түрлі инстанцияларға ұсыныстар жолдадық. Әлі де жауапсыз қалдырмаймыз. Енді Үкімет деңгейінде көтереміз мәселені,– дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Жмук.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерді алаңдатқан жаңалық тағы бар. Атап айтқанда, ол – заңсыз алкоголь өнімін анықтауға арналған «Wipon Pro» қосымшасын барлық дүкеншілердің орнатуға міндеттілігі. Олардың айтуынша, бұл – текке шығындалу.

Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері түсіністікпен қарайтындықтарын жеткізді. «Wipon Pro» қосымшасын орнатпағандар жазаланатындығын мәлімдеді. Заңсыз алкоголь өнімін саудалап, арандап қалмау үшін жеткізушіден соған сай құжат талап ету жайы да айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар жаңалықтардың шағын бизнеске әсеріне талдау жасап, мәліметтерді өкілетті органдарға жолдап, Үкімет деңгейінде көтеру қажет деген мәмілеге келді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button