Шаһар мұрасы — ұрпаққа мирас

Қарағанды шаһары. Қараған бұтаның сары гүлі Сарыарқаның орта жазығын сағымдай тербеткен еді бір дәуірде. Сол өңірдің Аппақ есімді баласы сары түбіт суырды індетіп, қара көмірді құдықтап қазып, қараша үйін жылытып еді бір заманда. Содан бері талай уақыт сырғыды. Ақ патшаның тұсында ағылшындар қазған кеніштер қызыл Кеңестің уысында жиырма тоғыз шахтаға айналыпты. Соларды айнала алқақотан қонған жұрт қаланың бас қабырғасын қалап, қазығын қағыпты. Мұның бәрі енді тарих қойнауындағы құбылыс. Осы аңыз бен ақиқаттың желісімен облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазыналы, кенді қала» атты көрме ұйымдастырып, келелі кездесу өткізді.

Көрмеге Қарағанды қаласының тарихынан сыр шертетін құжаттар мен суреттер қойылды. Өткен күннен қалған құнды мұраларды тамсана тамашалаған колледж студенттері көмірлі шаһардың құрылу кезеңі жайлы қызғылықты ақпарға қаныға сусындады. Қаланың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі мен майданнан кейінгі дамуы жайында толғанған көнекөз қариялар жаңа толқын жастарға қазақстандық патриотизм мен бірлікті өсиет етті. Музей басшысы Ержан Нұрмағанбетовтың өткенге қатысты ой-түйінін ҚарМТУ-дың ардагер ұстазы, архитектор Сергей Лебедев пен ҚарМУ-дан келген тарихшы ғалым Қымбат Әбдірахманова жалға ды. Жиында шаһардың кескіні келіскен ғимараттарын сомдаған сұңғыла сәулетші Иосиф Бреннер хақында, оның қирап келмеске кеткен ғажайып туындылары – «Жазғы театры» мен «Қаздрамтеатры» жайында және сол дәуірдегі кенші жұрттың тыныс-тіршілігі туралы көкейге тағылым түйер көп дүние айтылды. Сөйтіп, қаланың көне сәулеті мен салтанаты туралы естеліктер жалындаған жастардың зердесіне тоқылды.

Мазмұнды отырысқа қарт кенші Михаил Петраков пен ардагер ұстаз Зинаида Выходцева арнайы келіп, Арқаның ақ селеулі жазығында көмірлі кенттің қалай пайда болғанын және оның қалай «өндірістік астанаға» айналғаны туралы тебірене толғады. Бейнебір уақыт кемесіне мініп, өткен ғасырдың басына саяхаттағандай күй кешкен жастар қос қарияны аңтарыла тыңдап, қаз-қатар тізілген шахталар мен еңіске кеткен ескі қалаға қиялының қанатымен сапар шекті.

Осындай ғибраты мол шаралар – жас ұрпаққа туған өлкенің тағылымды тарихын насихаттап, қадір-қасиетін ұқтырса керек.