Жаңалықтар

“Шұбаркөл көмірде” – қоныс той

Еуразиялық Топтың (ERG) құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» АҚ «Орталық» разрезінің вахталық кентінде вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған ауысымаралық демалыс үйі салтанатпен ашылды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.

«120 адамды бір мезгілде орналастыруға арналған ғимарат сапалы, заманауи құрылыс материалдарынан салынған және тұрмысқа қажетті барлық талаптарға сай. Тұрғын үй-жайлар жеке санитарлық тораптармен жабдықталған және жиһазбен толығымен қамтамасыз етілген.

 Разрез жұмыскерлері үшін қоныс той үлкен мереке болды, үй тапсыру рәсімінде ұлттық салт-дәстүр бойынша шашу шашылып, кәсіпорынның шығармашыл қызметкерлері өз өнерлерін паш етті.

– Бүгін біз зор қуанышпен мына заманауи ғимараттың есігін айқара ашамыз, осы үйді салуға қатысқандарға, оның жылы әрі жайлы болуына зор үлес қосқандарға – барлығына алғыс айтқым келеді, – деп атап өтті «Шұбаркөл көмір» АҚ президенті Андрей Сафонов» делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

А.Сафоновтың айтуынша, ауысымаралық демалыс үшін жаңа үйді пайдалануға беру – кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында жүргізілетін үлкен жоспарлы жұмыстың бір бөлігі ғана көрінеді.

 Санитарлық-тұрмыстық үй-жайларды Еуразиялық Топтың бірыңғай стандартына сәйкестендіру бағдарламасы бойынша 2018 жылы «Шұбаркөл көмір» АҚ-ында 12 блокты-модульдік тұрғылықты, тұрмыстық және өндірістік ғимаратты монтаждау жоспарланған. Сонымен қатар, «Орталық» разрезі вахталық кентінің 45-ші жатақханасын және «Батыс» разрезі вахталық кентінің №5 ауысымаралық демалыс үйін күрделі жөндеуден өткізу көзделген. «Орталық» тау-кен цехының 60 орынды жатақханасын жөндеу сондай-ақ, «Орталық» және «Батыста» әрқайсысы 120 орынды тағы 2 жаңа тұрғын үйге қоныстандыру жоспарланып отыр. Осы бағдарлама бойынша шалғай учаскелердегі жұмыс бригадаларының тамақтануын ұйымдастыруға арналған үш жылжымалы асхана сатып алынды.

Баспасөз қызметі таратқан деректерге сүйенсек, барлық вахталық кенттерді көптеген өзгерістер қамтиды деп күтілуде. Атап айтқанда, ескі коттедждер блокты-модульдік немесе Еуразиялық Топтың бірыңғай стандартына сәйкес, соңғы озық техникамен жабдықталған, қаңқалы-панельді заманауи ғимараттарға ауыстырылмақ екен. «Орталық» разрезінің монша-кір жуу комбинатының жабдықтары ауыстырылып, қазіргі заманғы жабдықтар орнатылып, жөнделеді деп межеленуде. «Орталық» разрезінің әкімшілік-тұрмыстық кешеніне жөндеу жүргізілуде, кокс-химия цехының әкімшілік – тұрмыстық кешенін күрделі жөндеу жоспарланған.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button