Поэзия

Үшқара

Арғы атам – әулие өткен ер Қазыбек,

Бекболат – оның ұлы болыпты бек.

Тіленші – одан туған абзал шері,

Қарадан хан боп өткен бері асыл тек.

Атамыз одан кейін Алшынбай-ды,

Аруағын естіген жан қалшылдайды.

Атағың Алатаудай бабаларым,

Көрдің бе осы күнде біздің жайды…

Сұрасаң Мәди еді менің атым,

Кем емес еш адамнан салтанатым.

Кешегі Бауыр-Бошан ортасында,

Жаралған артық болып менің затым.

Қақабай, Бәпи еді бір туысқан,

Аянбай өле-өлгенше кек қуысқан.

Ақымақтық, надандықтың бәрін тастар,

Болмады жаны ашитын бір туысқан.

Үшқара басың биік мұнар шалған,

Сұмпиып өте шықты мына жалған.

Тар есік, тар босаға жаман екен,

Ер едім ел ішінде сайран салған.

Жаралдым жалғыз болып әуел бастан,

Қайтпаған қайран маңдай қара тастан.

Мөр басса басқа болыс не қылайын,

Мөр басып туған ағам болды-ау қастан.

Шоқпардың жылқы жайдым даласында,

Не қылдым Қақабайдың баласына.

Өрісте жылқы жайып жатқанымда,

Бес солдат алып барды қаласына.

Абақты қатар-қатар болады екен,

Ішіне жақсы, жаман толады екен.

Ішіне абақтының кіріп барсаң,

Көңілің су сепкендей болады екен.

Сүйендім абақтының шарбағына,

Сыйындым бабам Қазыбек аруағына.

Бір кезде қаршығадай қалықтадым,

Бұл күнде мен аңшының қармағында.

Басынан Үшқараның аса алмадым,

Жайқалтып жапырағын баса алмадым.

Есіме қайран елім, сен түскенде,

Көл болған көздің жасын баса алмадым.

Мәди БӘПИҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button