Бас тақырыпРесми

«Сериялы кездесудің» соңғы нүктесі

Сәрсенбінің сәтінде, кеше, облыс жұртшылығы Сәкен театрына жиналды. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақтың жыл он екі айдағы тыныс-тіршілігі мен жергілікті биліктің мойнына алған міндеттердің орындалысы туралы есеп берді. Биылғы жылға  бағыт-бағдарды мәлім етті. Ел адындағы әкімнің есеп беру кездесуіне ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей БЕКБЕРГЕНОВ, Сенат депутаты Сергей ЕРШОВ қатысты.

Әдеттегідей облыс әкімінің есебі өзге әкімдердікінен өзгерек реңк алды. Жиналған халықтың қарасы – қалың. Бұған қоса, онлайн тәртіпте аймақтың барлық өңірімен байланыс орнатылды. Облыс  әкімдігінің сайтында  және «Saryarqa» телеарнасынан трансляцияланды. Кездесу барысында жедел желі телефондары да іске қосылды.  Мұның сыртында, кездесуге дейін әр қала, ауданда әкімге жолданған сауал, өтініш, ескертпелерді қабылдайтын мекенжайлар белгіленіп, сауалға арналған жәшіктер  қойылды. Жылына бір кездесетін жиында көпшілік көкейіндегісін айтып, мәселесін шешіп алуға ұмтылды. Мұны жолданған сауалдардың саны мен тікелей қойылған сұрақтардың ауанынан аңғаруға болады.

Облыста жыл бойы жүргізілген жұмыстардың жай-жапсарына аз-кем тоқталған Жеңіс Махмұдұлы  осы жылға межеленген шаруалардан да жұртшылықты хабардар етті. Аймақтың қол жеткізген жетістіктерге тоқмейлісіп тоқтап қалмайтынын аңғартты. Сонымен, былтыр жергілікті  билік неге бас ауыртып, қандай түйінді шеше алды?  Әлі де шешімін күткен жайттар не?

Көп алдына шыққан Жеңіс Махмұдұлы өзінің есебін облыстың әр өңірінде бір ай бойы өткен әкімдер есебінің қорытындысы ретінде атады. Сериялы кездесулердің осымен аяқталатын және еске салды.

–  Бүгінгі менің есебім барлық деңгейдегі әкімдердің бір ай бойы өткен қорытынды кездесулерінің сериясын аяқтайды. Мен біздің облыстың өткен жылғы даму қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлар туралы айтып өтейін. Сіздердің сұрақтарыңызға көп уақыт бөлу үшін мен баяндамама қысқаша тоқталамын, –  деді Жеңіс Қасымбек.

Аймақ басшысы сөзін халықты толғандырған мәселелердің негізгілеріне тоқталудан бастады. Әкім болып тағайындалған 5 ай аралығында Қарағандының барлық өңірінде болғанын айта келіп, тұрғындарды алаңдатқан проблемаларды жетік білетінін көрсетті. Аймақ басшысының мәлімдеуінше,   облыс жұртшылығын жақсы өмір сүру үшін соған лайықты жағдайлар жасауға қатысты жайттар толғандырған. Ол – тұрғын үй,  инфрақұрылым, білім беру, сапалы медицналық қызмет, атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларды қолдау сынды қадау-қадау мәселелерді қамтиды.

  • 5 ай ішінде мен облыстың барлық аймақтарында болдым. Кездесулерде халық, негізінен, әрбір тұрғын үшін өзекті бірдей мәселелерді көтереді. Ең алдымен, бұл өмір сүру үшін лайықты жағдай жасау  – қолжетімді тұрғын үй, сапалы жолдар, сенімді коммуналдық инфрақұрылым, абаттандыру, жұмыс орындары мен лайықты жалақы, білім беру, медицина қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасыларды, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, жетім балаларды қолдау мәселелері, – деді облыс әкімі.

Уәдесінше шағын баяндамадан кейін әкім тұрғындарға сөз берді. Дұрысы,  сұрақтарына жауап іздеп келген тұрғындардың базына, өтініш, уәжін тыңдауға зейін аударды. Ал, бұл тарапта сұрақ көп. Өтініш те аз емес. Базына да жетерлік. Осы орайда облыс әкімі кездесуден соң тұрғындарды жеке қабылдайтынын тұрғындардың есіне салып отырды…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

(Облыс әкімінің есебі туралы кеңейтілген ақпарат газеттің алдағы санында жарияланатын болады).

Басқа материалдар

Back to top button