Жаңалықтар

Сенімді серпілткен сәт

      Кеше облыс орталығындағы Кеншілер Мәдениет сарайында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ атқарушы биліктің бір жылдық жұмысына шолу жасап, халық алдында есеп берді. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Оның сыртында облыстың барлық қала, аудандары ашық пікірге онлайн режим арқылы араласып, жалпы 6000-нан астам тұрғын қамтылды. Ол аз десеңіз, есептік кездесуден үш телеарна және облыс әкімінің ресми сайты арқылы тікелей хабар таратылды. Яғни, билік бұқарадан оқшауланған жоқ.

Алқалы жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Праламент Сенатының депутаттары Рысқали Әбдікеров, Сергей Ершов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидулла Әбдірахимов, ҚР Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бақбергенов қатысты.

Ең бастысы, кездесу шынайылықпен шырайланып тұрды. Жасандылық, арнайы сценарий, сұрақтар мен сұрақ қоюшыларды сұрыптаудың болмағаны «соқырға таяқ ұстатқандай» айқын аңғарылды. Ашық сұхбат, өткір сауал, өтімді жауап, бүкпесіз пікір…

Асыра мақтап, жасыра жақтап қайтейін, барша облыс тұрғындары көзімен көріп, құлағымен тыңдаған есеп қой. Әкім есебі жинақы, сөзі салмақты шықты. Әрине, жұмыс бар жерде – ырыс бар. Күнделікті көзіміз көріп, көңіл марқайып жүрген істің ілкімді тұстары тағы бір пысықталды.

– Есептік кездесудің негізгі мақсаты – аймағымыздың бүгіні мен ертеңін бірлесе талқылау, ойымызды ортаға салу. «Дұрыс шешім қашанда – егесе жүрген елде емес, кеңесе білген жерде» деген. Баршамыз осы жерде аймағымыздың, айнала жүрген ортамыздың бүгіні мен келешегінің мәселесін шешу үшін жиналып отырмыз. Сондықтан, бүгінгі жиын – халық пен биліктің арасындағы ашық сұхбат және Сіздермен көзбе-көз өтетін сынақ деп айтуға болады, – деп сөз сабақтаған Ерлан Жақанұлы өңірдегі өркенді істердің Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы»  Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында қамтылған міндеттер негізінде жүзеге асқандығын тілге тиек етті.

Экономиканың барлық саласы бойынша көшелі көрсеткіштерге қол жетті. Аймақ экономикасындағы 4,1 пайыздық өсім нақтыланды. Атқарылған жұмыс, ақтарылған сұрақ-жауапқа газетіміздің келесі санында кеңірек тоқталатын боламыз. Әзірге биліктің берекелі ісі мен кездесуге қатысқан тұрғындар белсенділігі ғажап үйлесім тапқандығы найтсақ – болар.

Иә, кездесу төрт сағатқа созылды. Мұнша уақыттың барлығы әкімнің есебіне кеткен жоқ. Жарты сағаттан сәл асқан мұғдарда түйінделген есепті баяндамадан кейінгі ашық әңгімеге арнадық алтын уақытымызды. Бұқара алдында төрт сағат бойы аяғынан тік тұрған облыс әкімін шын мәніндегі халықтың адал қызметшісі ретінде таныдық. Сауал – сан алуан. Шымыры да бар, қыңыры да бар. Алайда, бірде-бір сауалды жауапсыз қалдырмай, кейбір сұрақтар бойынша жауапты лауазым иелеріне шұғыл тапсырма да беріліп жатты. Не керек, халық риза болып тарқасты. Шаршап, қабақ шытып шыққан ешкімді байқамадық. Халық пен атқарушы билік арасындағы бұл түсіністік осы жылдың да берекелі боларын меңзеп тұрғандай.

(Облыс әкімінің есептік кездесуінен жазылған кеңейтілген ақпаратты газетіміздің сейсенбілік санынан оқитын боласыз­дар).

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button