Сенімді серіктестік

ЖЕКСЕНБІ КҮНІ ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНА МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН БАРДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ ХАБАРЛАДЫ.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Мемлекет басшысы жылы қарсы алып, қонақжайлық көрсеткені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылық білдіріп, осы мемлекеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.

– Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қатынастарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арысындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың сапасы мен ықпалдастықтың мазмұнына жоғары баға берді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізуге мүмкіндік туғызғаны үшін алғыс айтып, бұл шараның екі мемлекет халқын жақындастыру тұрғысынан алғанда аса маңызды екенін атап өтті.

Шавкат Мирзиёев Қасым- -Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Сол кісінің арқасында өзара қарым-қатынастарымыздың жоғары деңгейге көтерілуіне қол жеткіздік. Сіз де министр, Премьер-Министр, Сенат төрағасы қызметтерін атқарған кезіңізде екі ел байланыстарын жақсартуға септігіңізді тигіздіңіз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Сонымен қатар, Өзбекстан Республикасының басшысы қазақстандық тарапқа екіжақты байланыстардың нығаюына тың серпін берген Қазақстандағы Өзбекстан жылын табысты өткізгені үшін ризашылық білдіріп, атап өтті.

Жоғары дәрежеде өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамда кездесті.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізіп, оның Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарының дамуына сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті.

– Біз шағын құрамдағы кездесу кезінде сабақтастықтың сақталып, мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға уағдаластық, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі саясат екі мемлекеттің ұлттық мүддесіне толықтай сәйкес келетінін атап өтіп, келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру үшін үкіметаралық комиссияны Үкімет басшыларының деңгейіне көтеру туралы шешім қабылданғанын айтты.

Сонымен қатар, мемлекеттер басшылары кеңейтілген құрамдағы кездесуде екіжақты және халықаралық байланыстардағы өзекті мәселелер жөніндегі, нақтырақ айтқанда, БҰҰ, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Аралды құтқару халықаралық қоры аясындағы мүдделері мен ұстанымдары сәйкес келетінін атап өтті.

Келіссөздер барысында тараптар құқық қорғау органдары, арнайы қызмет және қорғаныс ведомстволары саласы бойынша қауіпсіздік пен тұрақтылықты, тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету, жолаушылар және жүк тасымалдау ісін, өзара сауда және өнеркәсіп кооперациясын жандандыру мәселелерін талқылады.