Басты тақырыпРесми

Сенаторлар – ел арасында

Сәуір айының басында Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген болатын.

Сенаторлар, алдымен, облыс орталығында болып, аймақ басшылығымен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен, студенттерімен, магистранттарымен және докторанттарымен кездескен-ді. Әрбір жиында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының мол мүмкіндіктері сарапқа салынды.

Бұдан кейін Сенат депутаттары Рысқали Әбдікеров пен Марат Тағымов Шет ауданы Ақжал ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде ауыл халқымен кездесті. Жүздесуде Мемлекет басшысының әлеуметтік саясатының негізгі бағыттары туралы ашық әңгіме өрбіді. Парламент депутаттары халық өмірінің деңгейін көтеруге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ұсыныстардың маңыздылығын атап өтті. Ауыл еңбеккерлерін, шағын және орта бизнес өкілдерін мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін және жаңа несие саясатын пайдалану мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Ақжалдықтар кенттегі аурухананың материалдық базасын жақсарту және кенттің ішкі жолдарын жөндеу мәселелеріне тоқталды.

Сенаторлар «Nova-Цинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен де кездесіп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жан-жақты түсіндірді. Президенттің ұсыныстары кәсіпорын жұмысшылары тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Сондай-ақ, өндіріс қуатын жаңғырту және жаңа технологияларды қолдану мәселелері де талқыланды.

Бұдан кейін депутаттардың жұмыс сапары Балқаш қаласында жалғасты. Сенаторлар «Kazakhmys Stelting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Жалпы, Балқаш өндіріс алаңдарында 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Депутаттар жұмысшылардың еңбекақысы, өндіріс жағдайы, техника қауіпсіздігі сияқты өзекті мәселелерге назар аударды.

Кәсіпорынның техникалық директоры Гуламидин Камирдинов жұмысшылардың еңбекақысы биыл 30 мың теңгеге көтеріліп, орташа есеппен, 170 мың теңгеге жеткенін хабарлады. Кездесу барысында Президенттің елімізді газдандыру жөніндегі бесінші бастамасы ерекше ықылас туғызды. Кәсіпорын өкілдерінің пікірінше, көмір мен мазуттан бас тарту және газбен қамтамасыз етуге көшу экономикалық көрсеткіштерді ғана емес, аймақтағы экологиялық жағдайды да жақсартатын болады. Сенатор Р.Әбдікеров мәлімдегендей, бұл мәселе облыстық деңгейде шешілетін болады.

Парламент депутаттары күкірт қышқылды мыс балқыту өндірісінде де болды. Сондай-ақ, №15 мектеп-лицейінде оқу орындарының басшыларымен және Балқаштағы студент жастармен кездесті.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтардың өмір деңгейін жақсартуға бағытталған. Біз осы құжаттың маңыздылығы мен өзектілігін терең түсінуіміз қажет, – деді Рысқали Әбдікеров.

Сенаторлар әркімнің кәсібін ашудағы тетіктер, тиімді ипотека шарттары, елді мекендерді газдандыру, салықты төмендету туралы айта келіп, отандық нарықта қандай мамандықтар қажет екеніне тоқталды. Қала әкімі Александр Аглиулин кездесуге қатысқан сенаторларға алғыс айтып, балқаштықтар Елбасының үндеуінде айтылған барлық бағыттарды жоспарлы түрде және толықтай іске асыруға бар күшін салатынын айтты. Депутаттарға Балқаш қаласының жағдайын жақсартуға арналған бірқатар ұсыныстар айтылды. Атап айтқанда, тұрмыстық қатты қалдықтардың жаңа полигонын белгілеу, Саяқ кентін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, Балқаштан Қарағандыға, Астанаға, Алматыға және басқа да қалаларға жүйелі әуе қатынасын субсидиялау мәселелері қозғалды.

Бұдан соң Сенат депутаттары Сарышаған кентінде болып, орта мектептің жай-күйімен танысты. Ұстаздар ұжымымен емен-жарқын әңгімелескен Рысқали Қалиақбарұлы Елбасы жүктеген міндеттер мен жаңадан қабылданған заң жобаларына жан-жақты тоқталды. Мұндағы кездесуге Ақтоғай ауданының әкімі С.Әбеуова және аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Сенат депутаттары Сарышаған кентіндегі жаңадан салынып жақан 460 орындық мектептің құрылысымен де танысты.

Сарышаған кентіндегі кездесуден кейін Рысқали Әбдікеров пен Марат Тағымов Приозерск қаласына барды. Депутаттар қорғаныс министрлігі 06708 әскери бөлімінің жұмысымен танысты. Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында қала басшылығымен және қалалық мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлер мен мекеме басшыларымен кездесті. Сенаторлар Елбасының маңызды бастамасының бірі – Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша салынатын газ құбырының құрылысы туралы айтты. Бұл құбыр біздің облыс тұрғындарының үштен екісінің өмірін жақсартатын болады. Ол дегеніміз – миллионға жуық адам. Сонымен қатар, сенаторлар Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларына егжей-тегжейлі тоқталып, студенттерді жатақханамен қамту, оқу гранттары және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ, әр отбасына тұрғын үй сатып алуға арналған тұрғын үй ипотекасының шарттарын жеңілдету жөніндегі бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

Сенаторлар жұмыс сапарын Осакаров ауданында түйіндеп, аудан активімен кездесті. Аталған кездесуде сенаторлар заңнамалық қызметтің негізгі тұстары туралы баяндады. Президенттің әлеуметтік бастамалары да жиынның өзегіне айналды.

Жазыкен ТОМПИЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button