«Сен жанбасаң лапылдап…»

   Бейсенбі күні аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Абай ауданына ат басын бұрып, облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысына төрағалық етті. Аталған шараға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы Марат ӘЗІЛХАНОВ қатысты.

Қадірлі жастар! Бұл – менің облыс әкімі ретінде сіздермен алғашқы кездесуім. Өз басым, бүгінгі шара барлығымыз үшін маңызды деп есептеймін. Ең бастысы, сіздердің жастар мәселесіне қатысты пікірлеріңізді естігім келеді. Сондықтан, кездесуіміз жүйелі, ашық форматта өтсе деген ниетім бар. Бюрократтық формализм, ұрандату дегеннің қажеті жоқ. Нақты әңгіме жүргізейік. Түйткілді мәселелер де жоқ емес. Ал, оны шешу жолы – ашық әңгіме құру. Өздеріңіз естіп-біліп жүргендей, кейінгі төрт айдан астам уақыт көлемінде әріптестерімізбен бірге аймақтың түйіні тарқамаған мәселелерін дөп басып, оларды кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырып келеміз. Солардың басым бөлігі – жастар алдында тұрған мәселелер. Міне, бүгін сол туралы сөз өрбіткеніміз жөн болар. Сіздерді мазалаған сұрақтар маған да таңсық емес. Бір кездері өзім де жастар ұйымымен қоян-қолтық жұмыс жасадым. Әсіресе, ауыл жастарымен, еңбекшіл жастармен тығыз байланыста болдым. Дегенмен, ол кезеңде қазіргідей мемлекет тарапынан қолдау болмаған еді, – деп бастады сөзін аймақ басшысы.

Жасандылыққа жаны қас облыс әкімінің бұл сөзі кеңес отырысын әрмен қарай еркін өткізуге жол ашқандай болды. Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай баяндама жасап, өңірдегі жастар тынысынан кең ақпар берді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жастар мүддесін қорғайтын көптеген маңызды бағдарламалар іске асырылуда. Бұл игі істерден тыс, бұл салада өзекті мәселелер да аз емес. Жастардың нақты жағдайы зерделеніп, қоғамдық-саяси үрдістеріне талдау жасалынды. Бүгінгі таңда облысымызда 304269 жас азамат бар. Оның 72536-сы (23,8%) ауылдық жерде тұрып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл жастарының саны 19,5%-ға өскен. Соған орай, ауыл жастары мәселелерін шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни, жастардың бос уақытын тиімді өткізу қолға алынған. Бұл ретте, атқарылған жұмысқа сараптама жасау мақсатында жергілікті жастар рессурстық орталықтарының рейтингісі енгізілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде, өңірлерде бірқатар жүйелі іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Нұра ауданында – еріктілер қозғалысы, Қарқаралы ауданында дәстүрлі ойындарды қайта жаңғырту мақсатында – Ұлттық ойындарды ұйымдастыру қолға алынды. Сонымен қатар, жастардың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қамту мақсатында футбол және баскетбол лигалары құрылды. Дегенмен, көптеген шаралар мемлекеттік мерекелерді атап өту кезінде өткізілуде. Бұл шараларға жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары қатысуда. Қалған уақыттарда – ұйымдастырылған шаралар саны азайған. Соның салдарынан, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз жастар қамтылмауда. Соған байланысты, ауыл әкімдерінің жастар мәселесі бойынша тәжірибе алмасуы, жастардың бос уақытын жіті назарда ұстауы – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болмақ. Бұл ретте, ауылдық жерлерде жастар мәдениет үйінің болуы қажет-ақ.

Шешімін таппай келе жатқан ендігі мәселе – ауыл жастарының жұмыспен қамтылуы. Өткен жыл қорытындысы бойынша ауылдағы жұмыссыз жастар саны – 4,8%-ға жетті. Абай ауданында – 5%, Жаңаарқа ауданында – 7,3%, Осакаров ауданында – 4,9% және Ұлытау ауданында – 8,1%. Яғни, жұмыссыз ауыл жастарының үлесі облыс көрсеткішінен асып түседі. Биыл шілде айында «Жасыл Ел» бағдарламасы шеңберінде ауылдық жердегі 320 жас азамат уақытша жұмыспен қамтылды. Өткен жылмен салыстырғанда жастардың еңбекақысы 18000 теңгеге ұлғайып, 60000 теңгені құрады. Бұл бағыт бойынша аймақта тиісті жұмыстар ұйымдастырылды. Бұдан өзге, ауылдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету бойынша «Дипломмен ауылға» жобасы да мемлекет қолдауына ие. Бұл жоба жастар арасында да кеңінен танымал. 2009-2016 жылдар аралығында ауылдарға 2015 маман барған екен. Биыл 78 жас азамат аталған бағдарлама бойынша қызметке орналасты. Бұл ретте, ауыл жастары арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу жолы – кәсіпкерлікті дамыту. Жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында ауылдарда облыс әкімі гранты беріледі. 2015 жылдан бері жалпы сомасы 30 млн. теңгені құрайтын 158 грант тапсырылды. Тілге тиек етер үшінші мәселе – жастар арасындағы қылмыстың азаймауы. Мәселен, Осакаров ауданында биылғы алғашқы жартыжылдықта жастар тарапынан жасалған 66 қылмыс тіркелді. Өткен жыл қорытындысы бойынша аталған ауданда жастар жасаған қылмыс 10%-ға артқаны белгілі болды. Бұл жайт Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында да жат емес.

Қозғауға тура келген төртінші мәселе – жастар арасында отбасы құндылықтарының насихатталмауы. Статистика мәліметі бойынша, өткен жылы 10000 жас отбасы шаңырақ көтерсе, бүгінгі таңда соның 50%-ы некесін бұзған. Осы ретте, облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы АХАЖ бөлімдерімен бірлесе отырып, психолог мамандарды тарту арқылы жас отбасын сақтап қалу бойынша жұмыстар жүргізбек ойда.

Кеңес отырысы бұдан әрі сұрақ-жауапқа көшті. Шараға қатысқан жастар аймақ басшысына өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, мазмұнды жауап ала алды. Ұтымды ұсыныстар айтылып, жастар жағдайын жақсартуға қатысты тілек-ниеттер де аз болмады. Ал, талдау мен сараптауды қажет ететін өзге де мәселелер бойынша, өңір басшысы белсенді жастармен жеке кездесу ұйымдастыруға уағдаласты. Өз кезегінде, Астана қаласынан арнайы келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы қозғалған мәселелерге құлақ түріп, атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізді. Пайымды пікірін де білдірді.

♦ ♦ ♦

Бұдан кейін өңір жастарының өзекті проблемалары мен жасампаз жетістіктері облыстық Ауыл жастары форумында таразыланды. Осымен он төртінші мәрте шымылдық түрген шара бұған дейін облысымыздың бірқатар ауылдық жерлерінде өткізілген еді.

Мұндағы мақсат – ауыл жастарының өзекті мәселелерін ортаға салып, шешу жолдарын қарастыру. Аталған бағыттағы атқару органдары мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен іс-әрекетін үйлестіру. Жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру және оны жүзеге асыруда жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру.

Форум жұмысына облыс басшысымен қатар, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы Марат Әзілханов, облыстық басқармалардың, өңірлік жастармен жұмыс жасау орталықтарының басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды түсіндіру мақсатында жастарды жұмыспен қамтуға, жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған семинарлар өткізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген еді. Бұл ретте, ауыл жастарының Президент сенімін ақтайтыны сөзсіз. Себебі, ауыл – ғибраттылық мен рухани-адамгершіліктің өзегі, түптамыры, тұма бастауы іспеттес. Сондықтан, елімізде жастарды қолдау және оларды ел келешегін нық ұстауға бейімдеу мақсатында мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар мен жобалар жасалып, жүйелі жүзеге асып келеді. Соның бірі – ауылдың жас кәсіпкерлеріне берілетін дәстүрлі облыс әкімінің гранты. Сөйтіп, кәсібін нәсібі деп білген өңіріміздің белсенді жастары аймақ басшысының грантына да ие болды. Олар – Бұқар жырау ауданына қарасты Ботақара кентінің тұрғыны – Азамат Қанышев, осы ауданның Көкпекті ауылынан келген – Станислав Моцный, жаңаарқалық – Дина Талюкенова, Қарқаралы ауданының Жаңатоған ауылының жас кәсіпкері – Саян Ақыжанов, осы ауданның тұрғыны – Нұржан Еркін, Нұра ауданының Кертінді ауылынан келген – Әйгерім Асылова мен Ақбөпе Қоқанова, осы ауданның азаматшасы – Мақпал Жаңғарашова, Шет ауданының жас кәсіпкері – Қарақат Қанатбек және аталған ауданның Ақшатау ауылынан келген – Арайлым Оразбекова. Бұдан бөлек, ауылдың бірқатар белсенді жастары аймақ басшысының Алғыс хатына қол жеткізіп, марапат биігінен көрінді.

Қадірлі жастар! Сіздердің ел өмірінде алатын орындарыңыз ерекше. Бұл тұрғыда ауыл жастарының жігері мен қайраты, талпынысы мен серпілісі – аса маңызды. Жасыратын несі бар, бәріміз де ауылдан түлеп ұштық. Буынымыз ауылда бекіп, қанатымыз қатайды. Сондықтан, мемлекетіміз де ауыл жастарының жұмыспен қамтылуына жіті назар аударады. Бұл кездесу келешекте де өз жалғасын табарына сенімдімін. Жастар – еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан, келесі жылдан бастап біз грант көлемін екі есеге ұлғайтамыз деп шештік. Қазіргі ең жоғары грант сыйақысы 500000 теңгені құраса, алдағы жылы бұл сома 1 млн. теңгеге жетеді, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы да құттықтау сөзін сөйлеп, ауылға қамқор болар жастардың ролі мен маңызын айтып, жастардың рухын жаныды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.