Тарих

Семей полигоны – тарихтың қасіретті беттері

Қазақ халқына орасан зор қасірет әкелген Семей атом полигонына биыл 67 жыл толды.

Елбасының Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV Саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» Манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясы Қарағандыдағы Мұхтар Әуезов атындағы №5 балалар кітапханасында жалғасты.

«Ақ oрамал» акциясы негізіне дана халқымыздың ежелгі дәстүрі – татуластыру салты саналған әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласқандардың ортасына тастауы – олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған. Осы іс-шараны өткізудегі мақсат Семей өңіріндегі атом полигоны және ядролық қарудың зардаптары жайлы мәліметтер беру.

Кітапхана қызметкерлері 1991 жылы Президент Н.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғандығын, осы қасіретті тоқтатуға атсалысқан «Невада – Семей» қозғалысының маңызын атап өтті. Іс-шара барысында ашық кітап көрмесі «Тауқымет жаңғырығы. Семей ядролық полигонның жабылғанына – 25» ұйымдастырылып, «Атом проектісі», Кәріпбек Күйіков жайлы бейнебаяндар көрсетілген болатын.

Сондай-ақ, іс-шараға ядролық сынақтардың нәтижесінен зардап шеккен Роза Қосыбаева қатысты. Басынан кешкен оқиғаларымен бөлісті. Роза Смағұлқызының отбасы 1953 жылдан 1968 жылға дейін Бесқарағай ауданында тұрған. Айтуы бойынша күн сайын жарылыс болғанын аудан тұрғындары білмеген. Бірақ, бір жағдай болғанын сезген. Соққы толқындарынан терезелердің әйнектері сынған, үйдегі пештер ашылған. Кейін ғана аудан тұрғындарына ядролық қауіпсіздік жайында ескертілген. Тағы бір жарылыс болатын күні ауданға әскерлер мен құқық қорғау органдары өкілдері келіп, адамдар мен жан-жануарлардың қауіпсіз жерлерге шығарылғанын айтты. Бірнеше күннен кейін көп тұрғындар жұмыстарына, ал балалар сабақтарына барды. «Қарбыздың уақыты келгенде, ол мүлде жеуге келмейтін», –деді Роза Смағұлқызы. «Қарбыздың сырты жап-жасыл, ал іші тек бос күйінде болатын. Уақыт өте келе үй жануарлары ауыра бастады. Мысықтар мен иттердің жүндері түсе бастады. Оларды емдік дәрілермен емдеуге тырыстық, бірақ, ештеңе көмектеспеді. Кейбір сиырлар мүлдем жүнсіз қалды. Соған қарамастан ауыл тұрғындары сүттерді ішіп, сиырдың еттерін жеген болатын. Ауруханада жатудың өзі қиын болды. Перзентханада жатқан кезімде бір әйелдің қаңқасыз, сүйексіз бала туғанына көз жеткіздім», – деді Роза апай.

«Сол кездері Семей (бұрынғыСемипалатинск) қаласында осындай мүмкіндіктері жоқ балаларға аурухана болатын. Ол аурухананың маңынан бір тірі жан өтпейтін, ең болмаса қызметкерлердің кіргенін ешкім байқамаған. Бұл ғимарат қоршаулы болған. Сол ауруханада жатқан балалардың тағдыры не болғанын ешкім де білмейді. Ядролық қарудың осыншалық қауіпті екенін білмедім, балаларымның болашақтары мені көп алаңдатты. 1968 жылы Қарағанды қаласына көшіп келдік. Осы ядролық сынақтың кесірінен көптеген адамдар өмірлерімен қоштасты. Елімізде ядролық жарылыстың аяқталғаны қуантады»,–деп сөзін аяқтады.

А.БАЛДАЕВА,

Мұхтар Әуезов атындағы №5 балалар кітапханасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button