Біздің сұхбат

Сейфілмәлік СҰЛТАНОВ: «Мақсатымыз – Нұрмақов мұрагерлерін тәрбиелеу»

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВ – Арқаның інжу-маржаны Қарқаралының Егіндібұлақ өлкесінде туған. Киелі топырақтан түлеп ұшып, иісі Алаштың аяулы перзентіне айналды. Туған жұрты төл баласын елеусіз қалдырған жоқ. Облыс орталығында Нығмет Нұрмақов атындағы облыстық мектеп-интернаты бар. Саналы ғұмырын еліне арнаған еңселі ердің 125 жылдық мерейтойына орай, аталған білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында мектеп директоры Сейфілмәлік СҰЛТАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік…Сейфілмәлік Абзалұлы, мектептің жай-күйімен танысу барысында «Нығмет Нұрмақов» атындағы оқу залы бар екенін білдік. Әңгімемізді осыдан бастасақ…

– Иә, ол биылғы 125 жылдық мерейтойға арналып, жергілікті кәсіпкер, Ерлан Әшімнің бастамасы һәм демеушілігімен ашылған зал. Ішінде ұлт перзентінің өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген деректер, кітаптар бар. Жалпы, мектеп кітапханасында Нығмет Нұрмақовқа арналған кітап көрмесі оқу жылының басында жасалған болатын. Оқушылар осы залда отырып әр түрлі шараларға дайындалады, кітап оқиды. Тыныш әрі ыңғайлы, бар жағдай жасалған. Бір ерекшелігі Ерлан Әшім мұнда қазақ әдебиеті мен қатар, әлем әдебиетінің жауһарларын, оны қоятын сөрелері мен қоса сатып әкеліп, өзі орналастырды. Ерлан мырзаның бойында сол Нығмет атамыз сияқты ұлтқа деген үлкен махаббат бар. Бұл жас шәкірттерге үлгі­өнеге мен рух береді, оқу­білімге ынталандырады.

– Мектепте Нығмет атамыздың мұралары жинақталған мұражай да бар ғой?..

– Мұражай жеке залда бол ған еді. Ақылдаса келе, оны мектеп дәлізіне шығарғанды жөн көрдік. Өйткені, ондағы мұралар оқушыларға, келген қонақ тарға көрініп тұруы керек. Биыл жаңартып, қорын біршама толықтырдық. Онда мектеп оқушыларынан бөлек, Нығмет атамыздың өмірін зерттеп жүрген азаматтар да келіп тұрады. Ал, Нығмет Нұрмақов атындағы зал – кітапхананың бір бөлігі іспеттес. Онда оқушылардың Нығмет аталарына арнап жасаған дүниелері, жеткен жетістіктері, түрлі көркем әдебиеттер және ұстаздардың зерттеулерін қоямыз. Сонымен қатар, онда биылғы 125 жылдыққа орай, оқушылар жасап шыққан қойын дәптер де тұр. Мұнымен тоқ тамаймыз…

– Осындай алып тұлға ның есімімен аталатын, көп жылдық тарихы бар киелі білім ордасын бас қарудың жауапкершілік жүгі де ауыр болар?..

– Әрине. Біз өзімізді Нығмет Нұрмақовтың бауырлары, ізбасарлары деп есептейміз. Қарағанды шаһарымен құрдас мектеп – Нығметтің қара шаңырағы ғой. Оның есімі аталса алдымен біз тақым қысамыз. Қайда жүрсек те, батыр бабамыздың есіміне лайық болуды ойлаймыз. Оқушыларымыз үнемі  облыс орталығындағы, республика көлеміндегі білім бәсекелеріне, қоғамдық шараларға қатысып өз қарым­қабілеттерін көрсетіп жүреді. Қарашаңырақта 32 ғылым докторы, 70 ғылым кандидаты білім алған. 74 мәрте түлектерін ұшырған. Жамбыл Артықбаев, Аман Нұрмақов, Жақсыгелді Кемалов, Аман Жанғожин, Мақпал Жүнісова, Ақан Сатаев, Қайрат Асқаров және тағы да басқа  ұлт руханиятының қызғыш құстары мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан киелі білім ордасы – бұл.

– Биылғы 125 жыл дық мерейтойға орай ұйымдастырылған шаралардың нендей ерекшелігі бар?

– Кештер, кездесулер, ақпараттық сағаттар, марафондар, сайыстар өткіздік. Біразы еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты тоқтап тұр. Мектеп ауласына бьюстін орнатамыз. Ақша бөлінген, тапсырыс та берілген, бәрі дайын. Ерекшелікке келсек, Нығмет атамыз жайлы ақпараттық сағаттарды оқу шылармен қатар, ата-аналар үшін де ұйымдастырамыз. Балалары оқитын мектепке аты берілген тұғырлы тұлға жайлы білулері керек. Сондай­ақ, үш тілде білім беретіндіктен болашақта оқушыларымыздың Нығмет Нұрмақов жайлы зерттеулерін орыс және ағылшын тілдеріне де аудару жоспарымызда бар. Ұлт қайраткерін өзге жұрт өкілдері де білсін. Сонымен қоса, Нығмет Нұрмақовтың баспасөз саласындағы қызметі, Мәскеуде еңбек еткен жылдары жасаған ерліктеріне және басқа да зерттелмей жатқан қырларына үңілу ниетіміз бар.

– Нығмет атамыздың туған-туыстарымен қарым-қатынастарыңыз қалай?

– Өте жақсы. Алматыда тұратын бауыры, Медицина ғылым дарының докторы, академик Аман Нұрмақов, осындағы жиені Тамара смағұлова, бауыры Мұқан Нұрмақов және басқа да туыстарын мектептегі шараларға шақырып тұрамыз. Жуырда ғана өзі құрастырып жарыққа шығарған Нұрмақов жайлы мақала-естеліктерден тұратын «Аңыз адам» атты кітабын Тамара Смағұлова әкеліп, мектеп кітапхана сына тапсырды. Оқушылар оқып, танысуда. Бұдан бөлек, ұлт қайраткері туралы қандай да бір дүние жарық көрсе, міндетті түрде сабақ үстінде жоғары сынып оқушыларымен оқып, талдаймыз. Тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымовамен де үнемі байланыстамыз. Оқушыларды отаншылдық рухта тәрбиелеп, терең білім беру, Нығмет Нұрмақовтай рухты ұрпақ тәрбиелеу – басты мақсатымыз.

– Нығмет Нұрмақовтың қай қасиетін ерекше бағалайсыз?

– Өз басым оның «елім» деп емешегі езіліп тұратын патриоттығын, намысшылдығын, үлкен білімдарлығын, жан­жақтылығын, ержүректігін қатты құрметтеймін. Үлгі тұтып, үнемі айтып жүремін. Елі үшін атқарған кез келген ісінде ұлтына деген шексіз махаббат жатыр. Осы қасиеттерін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру – міндетіміз.

– Өзге оқу ордаларынан қандай да бір айыр машы лық та рыңыз бар ма?

– «Нығмет Нұрмақов» атындағы мектеп болғандықтан, мектеп формасына логотипіміз – қызыл түсті «N» әрпімен белгіленген. «N» әрпінің астындағы «үш жапырақ» – үш тілде білім береміз деген сөз. Мектепке 5 сыныптан бастап қабылдаймыз, ұлдар мен қыздар бірыңғай бөлек сыныптарда оқиды. 7 сыныптан бастап, түрік, неміс, француз тілдерін үйренуге де мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда 5­11 сыныптарда 523 бала оқып жатыр. 6 күндік оқу жүйесімен оқимыз, сенбі күні оқушылар қосымша сабақтар мен шығармашылық үйірмелерге қатысады.

Ұстаздар мен оқушылардың жетістігін санап шығу мүмкін емес. Бір ғана Ләззат Бәйішева сынды аты аңызға айналған ұлағатты ұстаздың біздің шаңырақта еңбек еткенін айтсақ та жеткілікті деп ойлаймын. ҰБТ көрсеткіші бойынша облыстағы үздік үштікке ендік. Мектебіміз ақпараттық­техникалық базамен және барлық қажетті құралжабдықпен толық жабдықталған.

– Сөз соңында мектептің қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігі жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

– Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты бүгінгі таңда барлық оқушылар үйлерінде қашықтықтан білім алып жатыр. Олар бұл жүйені бұрыннан біледі. Сондықтан, бәрі ойдағыдай. Сабаққа жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырманы уақытылы орындайды. Тех никалық база мәселесін де шештік. Бар жағдайды күнделікті қадағалап отырамыз. Сонымен қатар, мектептің «nurmakov.org.kz» сайтында оқушылардың қашықтықтан білім алуына барлық жағдай жасалған.

Мектептің ұраны – Қазақстанның болашағы үшін әлеммен жарыс қа түс!

– Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге көп-көп рахмет.

 Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button