Сегіз грант — сенімді қолда

Кәсібін дөңгелетуді көздеген жастарды мемлекет үнемі қолдайды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында. Мәселен, жуырда әлеуметтік маңызы бар жобаларын қорғаған жаңаарқалық жастарға аудан әкімі Юржан БЕКҚОЖИН 500 мың теңге көлеміндегі гранттар тапсырды.

Дәстүрлі шараға қатысуға биыл 24 жас кәсіпкер ниет білдірген. Әрқайсысы арнайы комиссияның алдында өз жобаларын қорғап, аудан, халық үшін пайдалы әрі тиімді тұстарын алға тартқан. Барлық ұсыныс жан-жақты талқыланып, арасынан 8 жоба маңызды деп танылған.

Жеңімпаз жастарды марапаттау рәсімі ҚР Тәуелсіздік күніне орайластырылды. Салтанатты шарада аудан басшысы Юржан Асанұлы жас буынға ақжарма тілегін арнап, елдің гүлденуі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.

Сонымен, үстіміздегі жылы осы байқауда үздік шыққан жастардың қатарында Азамат Данияров, Алданыш Айтбекова, Ерасыл Шәмшиев, Ерсінай Рашитова, Гүлшахар Қадірбаева, Шұға Совет, Бекмұрат Алпысов және Алмат Алин бар.

Жас кәсіпкерлер үкіметтің қамқорлығын игілікке жаратып, өңірдің өркендеуіне үлес қосуға мүдделі.

ЖАҢААРҚА ауданы.