Саябақтағы салиқалы жиын

Алғыс айту күніне орай Қарағандының Мәдениет және демалыс саябағындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан ҚҰСАЙЫН бастаған этномәдени бірлестіктер, облыстық ҚХА өкілдері, қарағандылық белсенділер және «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері гүл шоқтарын қойды.

Облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш орталығының төрағасы Увайс Джанаев өз сөзінде Алғыс айту күнінің маңыздылығы мен мәні туралы кеңінен тоқталды.

«Бұл – біздің өткенімізді жадымызда бір мәрте жаңғыртуға, бір-бірімізге құрмет көрсетудің, өзара көмек және қолдауымыздың қаншалықты маңызды екендігін саралауға негіз қалайтын күн. Қазақстанда ризалық білдіру ұғымының мәні ерекше. Өзгелерге жақсылық жасауда алдына жан салмайтын қазақ халқының ұлттық кодының айқын айғағына көрсетілер құрмет деп түсінгеніміз жөн», – деп атап өтті.

Тарихи-танымдық мәні зор шараға орай ұйымдастырылған жиында сөз алған «Ахыска» түрік орталығының жас өкілі Мұхаммед Сафаров өз ойын жеткізді.

«Менің атам – күштеп қоныс аударылған зобалаң жылдары небары 14 жаста екен. Олар Қарағанды аймағының біріндегі ұжымшарға түсіпті. Ол кезең қазақ халқы үшін де ауыртпашылық жылдары болғаны белгілі. Соған қарамастан, көңілдері өздерінің даласындай кең, дархан халық қолындағы барымен бөлісіп, бірнеше отбасын үйлеріне паналатыпты. Сондықтан да, менің шын жүрегімнен айтатыным – «Қазақ еліне мың алғыс!» – деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, Қарағанды саябағындағы «Қазақ еліне мың алғыс» монументін өткен жылдың қыркүйек айында Қарағанды облысының корей этномәдени бірлестігінің өкілдері қиын-қыстау жылдары оларға пана бола білген қазақ халқына деген алғыстарының белгісі ретінде тұрғызған болатын.

Өз тілшімізден.