Қарқаралы

Сауапты істің сардары

Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жерің, өскен ауылың, қалаң мен аймағыңа деген сүйіспеншіліктен басталады. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жан-жақты жеткізді. Азат рухты ұлы дала ұрпақтарына атаның қаны, ананың ақ сүтімен берілген тектілік пен намысты сақтай отырып, ізгі қасиеттер мен рухани құндылықтарды жоғалтып алмау қажеттігін баса айтты.

Бүгінгі таңда «Елім» деген әр азамат өзінің туып-өскен жерінің гүлденуіне сүбелі үлес қосуда. «Ауылды көркейту – перзенттік борышым» деп білген азаматтардың қатары күн санап көбейіп келеді. Сондай азаматтың бірі – Қуантай Мұқтаров. Кәсіпкердің сауабы мол ізгілікті шаруа – мешіт салуды қолға алғанына біраз жылдар өтті. Осы уақытқа дейін облыстың әр жерінде мешіт салып, қайырымдылық шарасын іске асырып жүрген Қуантай Мұқтаров жайлы кездейсоқ естіп қалдық. Аудандағы біраз елді мекендердегі мешіттер осы азаматтың қолдауымен салынған. Естуімше, он шақты мешіт тұрғызған екен. Аз қаражат жұмсамағаны анық.

Қуантай Мұқтаров – Қарқаралы ауданы, Аппаз ауылының тумасы. Ақтылы қой өргізген қарапайым шопанның баласы. Әкесі Амангелді мен анасы Бибінұрдың берген тәлімді тәрбиесі өмірдегі адастырмас темірқазығына айналған. Мал шаруашылығын дамыту жолында еселі еңбек еткен отбасында өскен Қуантай Амангелдіұлы еңбекпен ерте есейеді. Он екі жасынан бастап спортпен айналысып, он бес жасында облыс орталығындағы спорт мектебіне оқуға түседі. Жасынан еңбекқор отбасында өскен азамат «ел үшін қызмет қылу – парызым» деп түсінеді.

Алғаш мешіт салу идеясы өзінің балалық шағы өткен ауылы Аппазға барғанда туған екен. Ауылда мешіт жоқ. 2010 жылы Аппазда мешіттің құрылысын бастап, сәтімен аяқтап шығады. Ауыл азаматы, ел ағасы Разақ Мұқанұлы зор қолдау көрсетеді. Ауыл тұрғындары да өз үлестерін қосады.

  • Елімізді, жерімізді көркейту үшін әр адам өзі бір үлесін қосуы керек деп ойлаймын. Осы оймен, Алланың үйі, руханияттың ордасы, ізгілік тұнған орда – мешіт салуды жөн деп таптым. Әрі бұл жобамнан айнымауға уәде еттім. Егемен еліміздің еңсесі биік, туы тұғырлы, тәуелсіздігі баянды болсын десек, адам баласын бейбітшілік пен ізгілікке үндейтін мешіт салуды дұрыс деп шештім. Осы арқылы, ата-бабаларымыз ұстанған ақ дінімізді жастарға насихаттау, дәстүрлі ислам дінімен бірге жасасып, біте қайнасқан, біртұтас ұғымға айналған дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, көздің қарашығындай сақтауға жастарды тәрбиелеу мақсаты тұрды. Міне, осындай мақсатпен, кәсібімнен тауып отырған несібемнің жартысын осы мешіттердің құрылысына жұмсап отырмын. Және де менің бұл жобама қаржылай көмек көрсететін азаматтар да бар. Өзім Алланың қалауымен 2002 жылдан бері намазға жығылдым.

Ауылға келіп жүргенде жол бойындағы ауылдарда мешіттің жоқтығы көңілімді едәуір құлазытты. Сондықтан, алдымен, мешіттерді жол бойындағы елді мекендерге салудан бастадым. Бұл жол-жөнекей мінәжат етуге өте қолайлы. Алла қаласа, Қарағанды облысы бойынша 70 мешіт салу ойымызда бар. Қазақ жастарын жат ағымдардың жетегінен алып қалу, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге құрметпен қарау, дұрыс жолды көрсету – ағалық борышым деп білемін, – дейді Қуантай Мұқтаров.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Алла Тағалаға қаланың өте жақсы орындары – мешіттер», – дейді. Хакім Абай да «қияметшіл дүниенің кірінен тазарып, бар арман, үмітінің ақталуын тілеп, дұға жасайтын қадірлі үй – мешіт» деген екен. Мешіт салып, сауапты іс атқарып жүрген кәсіпкердің жоспары жүйелі, мақсаты айқын.

  • Қуантай – көпсөзділіктен аулақ, тік мінезді, жұмыстың адамы. Ойға алған ісін аяғына дейін апарады. Әрі қолынан келгенше қайырым жасағанды жақсы көреді, – дейді, жолдасы Нұрлан Қалтаев.

Иә, Қуантай Мұқтаров шынымен де қаракөз қандастары үшін жаны ауырып, олардың Алланың ақ жолымен жүріп, салт-дәстүрге, атаанаға құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеу жолында ерен еңбек етуде.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button