Бас тақырыпОблыс әкімі

«Сарыарқа» газ магистралі: игілік бірінші кімге бұйырады?

БИЫЛ АЙМАҚТЫҢ ҮШ ҚАЛАСЫ – ҚАРАҒАНДЫ, ТЕМІРТАУ, ЖЕЗҚАЗҒАН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ. ДӘЛІРЕК АЙТҚАНДА, ҚАРАҒАНДЫДА БАДИН ЖӘНЕ ОЛИМПИЙСКАЯ КӨШЕЛЕРІ ГАЗДАНДЫРЫЛАДЫ. АЛ, ТЕМІРТАУДА САРЫАРҚА КӨШЕСІ, ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖЕКЕ СЕКТОРДАН БӨЛЕК, ТАЛАП АУЫЛЫ МЕН СТАНЦИОННЫЙ КЕНТІНЕ ГАЗ ЖЕТКІЗІЛЕДІ. АЙМАҚТА БҮГІНГІ ТАҢДА 756 ШАҚЫРЫМ ГАЗ ҚҰБЫРЫ ТӨСЕЛДІ.

Қазір Жезқазғанда монтаждау жұмыстары қолға алынды. Құрылыс жұмысына 20 жұмысшы жұмылдырылып, Талап ауылының тұрғын үйлеріне газ құбыры тартылуда. Барлық қажетті техникамен қамтылған. Жұмыстар кестеге сай.

Қарағанды мен Теміртауда мердігерлермен келісім жасалып, дайындық жұмыстары басталды. Жалпы, жыл соңына дейін Талап ауылы мен Жезқазғанның Станционный кенті, Қарағандының Бадин және Олимпийская көшелері газға қосылады деп күтілуде.

Осы орайда, облыс әкімі Ерлан Қошанов құрылыс жұмысының барысымен танысты. Қарағанды мен Теміртау құрылғыларды салуға осы аптада кіріседі. Жаңаарқа, Шет, Бұқар жырау, Осакаров аудандарында және Шахтинск қаласында жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов хабарлағандай, Қарағанды мен Теміртауда газ желтоқсан айының соңында, ал Жезқазғанда мерзімнен бір ай бұрын беріледі деп жоспарланған.

– Барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтауға үлгеру керек. Мәселелер туындаса, тездетіп, шешіңіздер. Сондай-ақ, халықпен жұмыс істеу қажет. Тұрғындарға газды қалай қосуға болатынын, қаншалықты тиімді екенін түсіндіріңіздер. Көмек көрсетіңіздер, – деп тапсырды Ерлан Қошанов.

Үй иелері газбен жылытуға қосылу рәсімін жеңілдетуді қалайды. Бюрократиялық қағазбастылықты болдырмау үшін барлық жағдай жасалады. Әзірге жылыту жүйесіне қажетті газ тек жеке сектордың тұрғындарына ғана қолжетімді. Уақыт өте келе, көпқабатты үйлерге де тартылмақ. Шешімді кондоминиумға қатысушылар мен қызмет көрсетушілердің өздері қабылдайды. Алдын ала есептеу бойынша Қарағанды облысында бір текше метр газ бағасы 47 теңгені құрайды.

«Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталды. Елді газдандыруды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған.

Басқа материалдар

Back to top button