Бас тақырып

Сары майдай “Сыбаға” етке қашан жарытады?

Аты да, заты да зор «Сыбаға» бағдарламасы бүкіл елді етке қарқ қылады дегелі бақандай сегіз жыл өтті. Сегіз жыл бұрын алынған асыл тұқымды бұзау ендігі қартайды. Математикалық есепке салсақ, содан бері табынның тең жартысы асылдануы тиіс-ті. Алайда, сыбағамызды әлі жеп көрген жоқпыз. Себебі неде? Сыбағаның несиесін алып, той-томалақ жасап кеткен фермерлерде ме, әлде, берілген қаражаттың іздеушісінің жоқтығынан ба?

Содан бері біраз жылдың жүзі болса да, экспортқа ет өткізбек түгіл, өзіміздің де етке жарығанымыз шамалы. Еттің құны қымбаттай түспесе, арзандамады. Әлбетте, көпке топырақ шашу ниетіміз жоқ. Облыста бағдарлама арқылы алған қаржыға шаруашылығын дөңгелетіп, тіпті, ұсақ шаруа қожалықтарына да қол ұшын созып отырғандар қаншама. Мемлекеттің қалтаңызға салып берген ақшасымен мұхит асып, асыл тұқымды мал іздеп әуре болмай, іргеңіздегі ірі шаруашылықтан сатып ал да, қалағаныңша өсіре бер.

Бағдарлама бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» мен «Аграрлық несие корпорацияда» акционерлік қоғамдары несие беруде жұмыстарын қалтқысыз атқарып келеді. Оның үстіне, мемлекет сенім артып, миллиардтаған қаржыға ие болуды тапсырғаннан кейін де үддеден шығу керектігі тағы бар. Мәселе, қолға тиген қаржының сиыр құйымшақтанып, су аяғы құрдымға айналуында.

Мысалы, былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ арқылы асыл тұқымды сиыр сатып алу үшін 87 шаруашылық қаржыландырылған екен. Яғни, 3 миллиард 410 миллион теңгеге 5514 сиыр шетелден әкелінген. Ал, 12 шаруашылыққа асыл тұқымды ұсақ мал алуға 103 миллион 600 мың теңге берілген.

Биылғы көрсеткіш те жаман емес. Қазірдің өзінде жеңілдетілген несие алып, 1478 бас сиыр әкелуге 1 мииллиард 32 миллион теңгеге 23 өтініш түссе, 8 шаруашылықтың өтініші қанағаттандырылыпты. 339 миллион 500 мың теңгеге 515 сиыр әкелінген.

 Ұсақ малға бөлінген қаражат та қомақты. Ресми деректер 4665 бас қой үшін 20 өтініш түскенін көрсетеді. Қажетті сома – 174 миллион 600 мың теңге. Оның ішінде 16 шаруашылықтың өтініші қолдау тапқан және 129 миллион 800 мың теңгеге 3555 бас сатып алынған.

Бұл тек «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ мәліметтері шығар. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін қаржы тағы бар.

Есепке жүйрік болмай-ақ, қарапайым көзбен шолғанның өзінде, бір облыс үшін аз мал емес. Дұрыстап еңбек етіп, өсіріп берсе, мыңғыртып мал айдамаса да, мемлекеттің жасаған жеңілдігі арқылы облысты етпен толық қамтуға мүмкіндік бар.

Бұл өз алдына, өзге облыстармен салыстырғанда Қарағанды облысы – мал жайылымы үшін де, мал азығын дайындау үшін де қолайлы аймақ. Жер қайыстырмаса да, халықтың етке деген қажеттілігін қанағаттандыратын мал өсіруге мүмкіндік жетерлік. Осындайда судың да сұрауы болуы керек ғой деген ойға қаласың. Мал басын өсіруге құйылған қаржы құмға сіңген судай болмауы үшін құзырлы органдар қаржының мақсатты жұмсалуына қадағалау жасағаны жөн болар, бәлкім?..

Салтанат Ілияш

Басқа материалдар

Back to top button