Саран

Сарандағы шырайлы шара

Бірлік пен ынтымақ күніне орай, Саран қаласының мәдениет үйі алаңында «Достық, түсіністік және келісім мерекесі» атты іс-шара көрініс тапты. Жастар жылы мен қаланың 65 жылдығы аясындағы мерекелік кеш қала жұртшылығына қуаныш сыйлады.

Айтулы мерекеге арналған бағдарлама қала әкімі Ержан Темірханов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Өміржан Баймағамбетовтің құттықтау сөздерімен басталды.

– Қазақстанның көпұлтты халқы арасындағы бірлік пен ынтымақтастық күн санап нығая түсуде. Елдің татулығы мен бейбіт тірлігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысайық. Береке-бірлігіміз арта берсін! – деді қала әкімі.

Сондай-ақ, қала басшысы қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып, бірлік ұстанымын насихаттап жүрген «Жас отау», «Россиянка», «Ақ шаңырақ», «Вайнах», «Якташлар», «Видергебурт» сынды этномәдени бірлестіктерге облыс әкімі мен қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

– Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін! – деді өз лебізінде Өміржан Зейнешұлы.

Қала тұрғындары мен қонақтары «Бір шаңырақ астында» этноауылын қызыға тамашалады. Орыс, кавказ, татар, неміс, украин, өзбек, беларусь және молдаван ұлт өкілдерінің мәдениетімен танысты.

Мереке аясында шахмат, кір тасын көтеру, қолкүрес, асық ату, тоғызқұмалақтан сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етілді.

– Бүгін қаламызда мереке өте жоғары деңгейде аталып өтуде. Ғажайып көңіл-күй сыйлап, тартымды концерттік бағдарламасын тарту еткен мәдениет үйінің өнерпаздарына алғысым шексіз. Бала-шағамыз мәз-мейрам. Этноауылдағы өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті балалардың қызығушылығын оятты. Еліміздің барша тұрғындарының ортақ мерекесі. Баршаңызға шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін, – деді өзінің әсерімен бөліскен қала тұрғыны Ақнұр мерекелік шаралардан қалмайтынын жеткізді.

Салтанатты кеште Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі мен қаладағы балалар өнер мектебінің тәлімгерлері де өнерлерін ортаға салды.

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button