Санда бар санатта жоқ көлік халі

Бұрнағы жылдары Ресей мен Қырғызстан елдерінің сериясымен жүрген темір тұлпардан көз сүрінетін-ді. Соңғы екі жылда Армения арғымақтары аңсарымызды арбап алды. Ішкі істер Министрлігінің өкілдері жол ережесін жиі бұзатын да, айыппұлдан айналып өтіп, салықтан жалтаратындар да осы санаттағы көліктер екенін айтып, Құдайдың зарын қылуда. Мәселен, 2018 жылы осы үш мемлекеттің сериясымен таңбаланған көліктердің қатысуымен 42 мың заң бұзушылық тіркелсе, оның 3200-і ғана әкімшілік жауапқа тартылған. Ал, осы жылдың өткен 5 айында 41 мың заң бұзушылық фактісі тіркеліп үлгерген. Бұл дегеніміз – еліміздегі жол қауіпсіздігін күрделендіріп қана қоймай, ресми биліктің басын қатырып отырған ауқымды мәселе. Ереван асып, елге келген арзан көліктердің аса қымбат проблемасы да – осы. Иә, бұл мәселе қоғамда да, жоғары билік деңгейінде де қызу талқылануда. Заңға өзгеріс енген күні кеше ғана арзанға сатып алған «қосмекенді» көлігіңіз қос елдің салығын арқалатып, барынша қымбат проблемаға жолықтыруы мүмкін ғой. Сондықтан да, осы мәселеге байыппен үңіліп, байсалды зерттеу жасауды жөн көрдік. Әлқисса…

 

Алдымен «Koleso.kz» бағдарламасын ашып, жарнамаларды жата-жастана ақтарып шықтым. Несін жасырайық, біздің елдегі көліктің бағасы әлдеқайда шарықтап тұр. Жарнамаларға көз жүгіртіп отырып, бағасы арзан көлікті көріп, көңіл аудара қалсаңыз – Армения тіркеуіндегі көлік. «Біреудің қаңсығын таңсық көретін» ежелгі әдетімізге басамыз келіп… Жарнамада жарқырап тұрған көліктің өзін емес, сипаттамасын «сипалаймыз» әуелі. Көңіл құлайды. Сатып алғың-ақ келіп тұр. Тек қана, сол көлікті тұрғылықты мекенжайың бойынша тіркеу мәселесінде туындайтын кедергілер ойыңа шырмала қалса, күдіккүмәнға бой алдырасың…

Сонымен, Армениялық көліктердің дені – Атырау облысында. Тіпті, іnstagram желісінде де қарқынды жарнамаланып жатыр. Мәселен, «аtyrau_armenia_club» парақшасының көрсетер қызметін айта кетейін. Әр аптаның бейсенбісі күні Ереванға жолға шығады екен. Қалтаңызда көлік алатын қомақты қаражатыңыздан бөлек, 60 мың теңгеңіз болу керек. Бұл соманы сіз жол бастап алып барған азаматқа табыстайсыз. Ол сізге керек құжаттарды реттеп, көлікті атыңызға рәсімдеп береді. Анығында сіз көлік сатушының үйіне 3 айға уақытша тіркеуге тұрған соң ғана таңдаған тұлпарыңыздың иесі атанасыз. Сонымен қатар, сізге жақсы көлік таңдасуға қол ұшын бермек.

Автонарықтағы ең көп сұранысқа ие – «Toyota Camry» маркалы көлік. Қазақстанда көлік саудасына қатысты келісімнің әрбір алтыншысы осы маркаға тиесілі екен. Армениядан тасымалданатын көліктің ең көп түрі де – осы марка. Мәселен, 2010 жылы шығарылған «Camry 45» көлігінің біздің нарықтағы бағасы – 5-6 миллион теңге. Тіпті, бұл көрсеткіштен де жоғары болуы мүмкін. Ал, Армениядағы құны шамамен 3-4 миллион теңгені құрайды екен.

«Арзанның сорпасы татымас» деуші еді атам қазақ. Біз бұл қағиданы естен шығарғанбыз. Бейресми дерек көздері Арменияға арзан көлік қайдан келіп жатқаны туралы деректі таратып-ақ жатыр. Дені – апатқа ұшыраған көліктер. Кәнігі маманның әрлеуімен «ине-жіптен жаңа шыққандай» кейіпке енгізіледі-мыс.

Тағы да дана қазақ айтатын: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп. Осы жерден бір ойланып алыңыз…

***

Қай күні Нұр-Сұлтан қаласына жол түсті. Қаладағы жолдардың қоғамдық жолаушы тасымалдау көліктерінің арнайы жолақпен сызылған жолы бар. Өзге көліктерге жүруге тыйым салынған сол жолға армениялық сериямен «Hundai sonata» маркалы көлігі түсіп алып, жанымыздан жүйткіп өтті. Алдында – бейнебақылау камерасы. Оны пысқырып бара жатқан жүргізуші жоқ. Мен мінген такси жүргізушісі: «Міне, осылар жол ережелерін жиі бұзады. Қызығы шетелден көлік тізгіндеп келген-ау деймін. Айыппұл төлеп, басыңды қатырмайсың» деп жымиып қояды. Бірақ, ертең заң өзгеріп кетсе, қызықтың көкесі сонда болатынын ойлап отырған жоқ таксист көкем.

Егер шет елден келген көлікті елімізге тіркеуге қоятын болсаңыз, утилизациялық жинақ, кедендік баж салығы сияқты бірнеше төлем төлейсіз. Яғни, шығынға екі есе батасыз. Оның құны алған көлігінің құнымен бірдей болып кетуі әбден мүмкін. Сол себепті, шетелдік тұлпарларды қолжетімді бағаға сатып әкелгендер көліктерін тіркетуге құлықсыз. Ал, жол ережесін бұзып, фото, бейне бақылауға түскен жағдайда әкімшілік хаттаманы жіберу үшін оның иесін анықтау қажет болады. Ал, көліктің нағыз иелері – Армения, Ресей, Қырғызстан сияқты елдерде. Тіпті, мұндай көлік тізгіндегендер жыл сайынғы салықты да төлемейді. Мамандардың айтуынша, шетелден сенімхатпен келген көлікті қайта сата алмайсыз, техникалық бақылаудан да өткізу қиынға түседі. Аталған құжатсыз жүрсеңіз айыппұл төлеуге тура келеді. Айыппұлдан ауылыңызды аулақ ұстау үшін жыл сайын Кавказ асуға тура келеді. Бірақ, қазақтарға сатқан көлікті армяндар есептен шығарып жіберсе, бұл көліктер «төркініне» қайта кіре алмайтыны анық. Я болмаса төленбеген салық үшін Арменияға қарыз болып шығуыңыз да мүмкін. Көлікке іздеу салатындай жағдай туса, одақтас елдер полициясының құрығы ұзын екенін жақсы білесіз. Сондықтан, делдалдар берген сенімхатқа сеніп, күмәнді көлікті сатып алмастан бұрын әбден ойланған жөн. Санда бар, санатта жоқ көліктер қазір мамандардың өздерін дағдартып отыр.

***

ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жақын арада осы мәселеге қатысты Армения, Қырғызстан және Ресейдің көліктерін бақылауға алып, уақытша тіркеуге алуды ұсынған болатын. Сол себепті, «көшелерде толып жүрген шетелдік сериямен жүрген темір тұлпарлардың қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін» деген өз сөзінде.

Қарағанды облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, 2018 жылы Қырғызстан Республикасының автокөліктерімен 4 жол көлік оқиғасы тіркелген, онда 1 адам қаза тапқан және 5 адам жарақаттанған. Ал, шетелдік сериялармен жүрген көліктерге қатысты сауалымызға төмендегідей жауап алдық.

  • Еуразиялық Экономикалық одақ құрамындағы елдерден басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына енгізілген көлік құралдарының барлығы уақытша есепке алынуы керек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағына уақытша енгізілген көлік құралдарының бір жылға дейінгі мерзімде қайта шығару міндеттемесі, кедендік құжаттарда көрсетілген мерзіміне дейін көлік құралдарын тіркеу куәлігін және мемлекеттік нөмір белгілерін алу заң негізінде талап етіледі. Қазіргі уақытта шетелдерден Қазақстан Республикасының аумағына енгізілген көлік құралдарының жеке түрлерін мемлекеттік тіркеуді және есепке алуды реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар мен өзгертулер енгізу сұрағы пысықталуда, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Құрманғали Ысмағұлов.

Осы түйткілдердің алдын алу мақсатында, шетелден келген көліктер Қазақстан аумағында 10 күннен артық жүретін болса, уақытша тіркеуге алып, бақылау қажеттігін алға тартады құқық қорғау органдарының өкілдері.

***

Статистикалық мәліметке қарағанда, 2018 жылдың 1 желтоқсанына тіркелген жеңіл көліктердің саны 4 миллион 48 мыңға жеткен, соның 63,5 пайызы – пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер. Демек, еліміздегі автомобиль паркінің ескіруі экологиялық мәселелерді ушықтыра түсуімен қатар, экономикалық шығындарды да еселей түсуде. Бұл санатқа Армения, Қырғызстан мен Ресей, тіпті, Моңғолиядан келген ескі көліктер де жатады…

Күні кеше ғана «Егер жұрт сол жақтан көлік сатып алғысы келсе, мархабат, біз қарсы емеспіз. Тек заңдастырсын. Транзиттік нөмірмен әкелудің қажеті жоқ. Одан да осында әкеліп, заңға сай тіркеуге қойып, сосын емін-еркін теуіп жүре берсін» деген индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Аманияз Ержановтың хабарламасы тарады телеарналар мен әлеуметтік желілерде. Аталған министрліктің көтерген бастамасы – осы. Яғни, шетелдік сериялы көліктерге тиісті шектеу қойылмақ. Анығында, өзге елдің тұлпарын заңдастыру арқылы ғана өз еліңізде еркін тізгіндей аласыз. Ертеңгі күн опық жеп, өкініп қалмас үшін көлігіңізді заң шеңберінде рәсімдеп алғаныңыз абзал…

Қасымхан ҒАЛЫМ.