Бас тақырыпЖаңалықтар

Сананы серпілткен сенбілік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВТІ қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді. Осы негізде Экология министрі #Birge #TazaQazaqstan акциясын жариялаған. Шара қолдау тауып, ел аумағында қарқынды белең алды. Аталған акцияға қарағандылықтар да білек сыбана кірісіп, белсенділік танытты. Экологиялық челленджге облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бастаған бір топ мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері және еріктілер қатысты.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, Қарағандыда ұйымдастырылған акцияның өзіне шамамен 7 мың адам қатысып, 4 мың тонна қоқыс шығарылған. Облыс қалалары мен аудандарында су қоймалары мен жол бойындағы аумақтар қоқыстан тазартылды.

Бұл науқанға облыс бойынша 20 мыңнан астам адам еңбек сіңірген.

Федоров су қоймасының жағажайынан көктемгі тазарту жұмыстары кезінде 53 «КамАЗ» қоқыс шығарылды. Ал, жаз мезгілі кезінде ай сайын 100 тоннаға дейін қоқыс қалдықтары тасымалданады екен.

– Дәл қазіргі уақытта қала тұрғындарының көптеп жиналанатын жері осы – жағажай. Демалушылардың салғырттық танытып, қоқыс қалдықтарын арнайы қоқыс жәшігіне салмауы табиғатқа деген жауапкершіліктің жоқтығынан, – дейді Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина. Алдағы уақытта арнайы қоқыс жәшіктерінің санын арттыруды жоспарлап отырғандықтарын айтады аудан басшысы.

Экологиялық сенбілік кезінде Федоров су қоймасы, Кіші Бұқпа өзенінің арналары және тұрмыстық қалдықтар полигонына іргелес аумақтар толықтай тазартылды. Сонымен қатар, «Ғарыш сапары» бағдарламасы бойынша ғарыштық мониторинг көмегімен анықталған 12 рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылған.

  • Бүгін ҚР Экология министрлігінің бастамасымен ауқымды акция өтуде. Оған облыс әкімдігімен қатар, аймақтағы барлық аудан, қала әкімдіктері жан-жақты қолдау көрсетуде. Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының қызметкерлері де белсенділік танытып отырмыз. Федоров су қоймасының жағажайын күл-қоқыстардан тазартуға кірістік. Бұл шараның басты мақсаты – жер, су және ауа тазалығына баса мән беріп, табиғи экологиялық тепетеңдікті сақтау, – дейді облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жетекші маманы Бекзат Алтынбек.

Сондай-ақ, аймақ басшысының бастамасымен жаппай экологиялық сенбілік облысымыздың барлық қалалары мен аудандарында өтті.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button