Бас тақырыпРуханият

Сана мен тұрмыс

Ежелгі Греция мен Римнен «Сананы тұрмыс билейді» («Бытие определяет сознание») деген сөз қалыпты. Осы тұжырым талай ғасыр филососфтарының дауына ұласып, бүгінге шейін жетіп отыр. КазГУ-де диамат, истмат (марксизм-ленинизм классиктерін) оқытты. Шыны керек, миыма қона қоймады. Сонда философиядан сабақ берген Сонарбай Таңқаев деген ұстазымыз «Неміс философы Иммануил Кант «тұрмысты сана билеу керек» деген. Негізі осы үрдіс дұрыс» деп айтып қалды да, басқа тақырыпқа тез ойысып кеткені ойыма оралып отыр бүгін. Неге екенін енді ұқтым. Маркс бұл ұғымды сәл өзгертіп, «Тұрмыс қоғамдық сананы билейді» деген ұстанымды ұстап қалыпты. Қоғамды қосып отыр. Батыс философтарының ішінде Кант бірінші болып, «тұрмысты сана билейді» деп тұжырымдапты. Меніңше дұрысы – осы.

Ал, Ұлы Далада өсіп-өнген қазақ бабамыз Кант, Гегель, Шопенгауэр, Маркс және басқа филососфтардан бұрын тоқетерін бір-ақ айтқан ғой. «Малым жанымның – садағасы, Жаным – арымның садағасы» деген. Мұны данышпан Абай атамыз қазақтың жалпақ тілімен Жетінші қара сөзінде мүлде мүшелеп береді. «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізден билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық»

Бұл енді Ұлы Даламыздың философиясы! Шын мәнінде, адамның жаны – Аллада, тәні өзінде ғой. Абай дәуірі басқа. Данышпан айтқандай, надандық иектеген заман. Бүгін ше? Бәрі хат таниды, цифрлы техниканың құлағында ойнайды. Әлемдік ақпарат алақандарында. Ал, саналары қалай? Қалай құйқылжытсақ та, саналарын қу дүние, жақсы тұрмыс, қымбат көлік, зәулім сарай үй, қап-қап ақша, үлде мен бүлде, бос мақтан меңдеп алғандай. Бір ғана мысал. Әйгілі спортшымыз Денис Тенді автомашинаның айнасы үшін қыршыннан қиды. Не үшін? Қу дүние үшін. Негізі ауыр қылмыстың барлығы дерлік материалдық игілікке, яғни, қу дүниеге ие бола кету үшін жасалады. Міне, сананы тұрмыс билеп алды дегеніміз – осы. Билемек түгілі сананың төбесіне шай қайнатып, әңгір таяқ ойнатып жатырмыз. Тағы ұлы Абайға жүгінейін: «Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алуға болады дейді. Оның діні, Құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме?» (Сегізінші қара сөз). Шымбайға батқанда да шырқырататын шындық

Сонымен, санамызды тұрмысқа жығып беріп, қарап отырамыз ба???

Мағауия СЕМБАЙ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button