Бас тақырыпЖезқазған

Салмақты пайым алаңы

Облыс басшысы Жеңіс Қасымбектің қолдауымен ұлы ойшылдар әлеміне бойлау мақсатында «Сарыарқа саңлағы» тақырыбымен қолға алынған ауқымды жоба Жезқазғанда желкен жайды. Биыл туғанына 1150 жыл толатын «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-ФАРАБИ мен 175 жылдығы тойланатын «Қазақтың бас ақыны» Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ асыл мұрасы пайымды пікірталас алаңының арқауына айналды.

 

Жалпы биыл мерейтойы атап өтілетін қазақтың маңдайына біткен біртуар танымал тұлға мен ұлы ойшыл бабаның маржандай мұрасын ой елегінен өткізу, жүрекке жеткізу арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік дамуына, тәлімді тәрбие алуына бағытталған осындай тұрақты дебаттық турнир мен пайымды пікірталас алаңын осы оқу жылында ай сайын облыстың әр өңірінде өткізу жоспарланған. Ондағы ойдың өзегі: білім-ілім мен тәрбие, адамгершілік пен рухани тазалық, жалқаулық және ысырапшылдық, әділдік пен адалдық, қамқорлық пен қайырымдылық, кәсіп пен біліктілік, азамат және қоғам, ұлт және мемлекет, ұстаз бен шәкірт

Металлургтер мекеніндегі Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өткен дебатта «Назарбаев зияткерлік мектептері» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова оқушыларға ыстық лебізін жеткізді.

– ХХІ ғасыр – ғылым-білім мен техника жетілген заман. Сәт сайын тың жаңалық ашылып жатады. Дегенмен, ешқашан түп тарихымызды, салт-дәстүріміз бен жүрек түпкірінен орын алған ата-баба ұлағатын ұмытпау керек. Біз Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы сияқты дара тұлға арқылы әлемге ұлттық болмысымыз бен мәйекті мәдениетімізді таныта білдік. Ал, бізде мақтанарлық ойшыл, ғұлама өте көп. Біздің заман – бір-бірімізден, кіші – үлкеннен, үлкен – кішіден үйренетін заман. Соның ішінде, жастар жағы айналада болып жатқан кез келген оқиғаға немқұрайлы қарамауы керек. Сондықтан, өзіндік пікір мен көзқарастың иесі болуға талпыныңдар. Бұл тұрғыда бүгінгі дебаттың қосар үлесі зор деп білемін, – деді Күләш Ноғатайқызы.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов те қатысушыларға сәттілік тіледі.

 – Облыста ұйымдастырылып жатқан дебат – республикада үлкен маңызға ие. Жастар үшін тәрбиенің алар орны ерекше. Ел болашағы жолында жастар білім мен тәрбиені қос қанатындай қатар, тең ұстауға міндетті. Ойлы жас қана өзгеден оза шабады. Алдымен, бойға жақсы ой қалыптастыр, ол ойдан асқақ арман туады. Арман мақсатқа ұласып, одан жоспар туындайды. Міне, сол жоспарды орындауда талмай еңбектенетін болсаң, бастапқы кішкентай ой орындалғанда шынайы өмірді құрайды. Мен шын жүрегіммен сіздердің армандарыңыз ақиқатқа айналуына тілектеспін. Абыз Абай айтқандай, әрқайсының мына өмірден өз орныңды тауып, берік кірпіші болып қаланып, ата-ана мен ұстаздың үкілеген үмітін ақтаңыздар! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Британдық парламенттік үлгіде өткен дебат тізгінін Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәні мұғалімі Ғабит Мұхтарұлы ұстады. Пікірсайысқа Сәтбаев қаласы оқушылар сарайының – «Парасат», қарағандылық «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының – «Өркен», Жезқазғандағы Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейінің «Сұңқар» және №3 Білім-инновация лицейінің «Зияткер» командасы қатысты. Оқушылардың өресі мен қабілет-қарымына Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі мен ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Күліш Төлеуханова, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Арман Кенжебек пен доцент, филология ғылымының кандидаты Алмагүл Үмбетова, «Ютария ltd» өндірістік-инновациялық компаниясы жанындағы «Жарқын ақыл» білім және даму орталығының директоры Ақансері Сүлейменов сараптама жасады.

Дебатқа қатысушылар мен олардың жетекшілеріне облыс әкімінің Алғыс хаты және облыстық білім басқармасының дипломы тапсырылды. №3 Білім-инновация лицейінің оқушысы Нұрмұхаммед Еркін «Үздік спикер» атанды.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button