Салиқалы әңгіме алаңы

Өткен аптада облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВА, қалалық мәслихаттың депутаты Төлеген ӘШІМОВ облыс спорт мектептерінің басшыларымен, спортшылармен және жастармен кездесті.

Кездесу кезінде сенатор Сергей Ершов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде айтқан әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған бес бастамасының жаңа бағыттарын қатысушыларға жеткізді. Ол бес бастаманың әрқайсысына жеке тоқталды.

Басты мақсаты бұрынғы 54 мыңның орнына жыл сайын қосымша 20 мың грант бөлу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік принциптерімен студенттік жаңа жатақханалар салу арқылы жоғары білімнің қолжетімдігі мен сапасын арттыруды көздейтін үшінші бастама бойынша түсіндірмелерден соң кездесуге қатысушылар арасында сұрақтар мен ұсыныстар пайда болды.

Орта білім алған, жетістігі жоғары спортшыларға жоғары оқу орнына түскен кезде ешқандай жеңілдік жасалмайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова. – Бұрын университеттер спортпен айналысатын студенттерді қабылдауға мүдделі болатын, қазір мұндай жастарды тартуға оқу орындарында ұмтылыс жоқ.

Осындай проблеманың салдарынан біз жас, болашағы бар спортшылардан айырылып қалып жүрміз. Олардың мәселесін шешуге, жоғары білім әперуге уәде етіп, басқа өңірлер өздеріне қарай тартып әкетіп жүр. Мәселен, спорт шеберлігіне кандидаттарды, спорт шеберлерін кем дегенде 50 пайыздық жеңілдікпен қабылдауға болады ғой, – деді жаттықтырушылардың бірі.

Ә.Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балалардың мектеп-интернатына колледж мәртебесін беру мәселесі де көтерілді. Мұндай өзгерістен соң орта арнаулы білім алған оның түлектері өздері келген аудандарына барып, спорт нұсқаушылары болып еңбек етер еді.

Сенатор бұл мәселелерді міндетті түрде талқылауға ұсынатынын айтты. Бұдан соң С.Ершов Президенттің әлеуметтік жаңғырту бойынша көптеген қазақстандықтың өзінің кәсібін ашу үшін шағын несиелендіруді ұлғайту және елімізді газдандыру туралы төртінші және бесінші бастамалары туралы түсініктер берді.

Сенатор атап өткеніндей, Президенттің бастамаларын жүзеге асыруды жеделдету үшін Парламент депутаттары өңірлермен танысып, олардың ерекшеліктерін ескере келіп, заңнамалық бастамалар ұсынуды көздеп отыр.

Кездесу барысында сенаторға тағы бірнеше ұсыныс түсті, оған ірі спорт нысандарының құрылысын салу үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу жөніндегі мәселені мысалға келтіруге болады.

Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов дене шынықтыру-сауықтыру кешендері сияқты нысандарды облыстың да қаржысына салуға болатындығын айта келіп:

Ал, халықаралық деңгейдегі ірі нысандардың құрылысын салу үшін республикалық бюджеттің көмегі қажет. Мысалы, Қарағандыға әлемдік стандартқа сай келетін жаңа стадион қажет. Қазіргі «Шахтер» салынғалы 60 жылдан асып кетті. Бірақ, мұндай аса ауқымды құрылысты жергілікті қаражаттың есебінен тұрғызу мүмкін емес, – деп тоқталды.

Сол сияқты Қарағандыда футбол және жеңіл атлетика манеждері, ұлттық спорт түрін дамыту үшін ипподром салынса жаман болмас еді деген тілектер айтылды. Ірі кәсіпорындардың қызметкерлерін бұқаралық спортпен қамту мәселесі де көтерілді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.