Жаңалықтар

Салғырттық салдары өкіндірмесін

Адамның жаны – Алланың аманаты. Аманатқа қиянат жасау дінімізде де, қазақы салт-санамызда да жат нәрсе. Десек те, өзіміздің немқұрайдылығымызбен басты байлығымыздың бағасын білмей келеміз.

Medical Doctor holding a world gobe in her hands as medical network

Қарапайым ғана мысал. Темекші шегудің денсаулыққа зиян екенін біле тұра, темекі қораптарындағы неше түрлі ескертулерді оқи тұра, тіпті, оның бағасы қымбаттаған сайын темекі тартуды тоқтатпаймыз.

Түрлі аурулардың алдын алу шарасы саналатын екпені жасатпаймыз, тегін жүргізілетін скринингтік тексерулерге бармаймыз, жыл сайын өтіп тұруы керек флюорографиялық тексерістен де өтпейміз көбіміз. Учаскелік медбикеңіз күн сайын хабарласып, ақыры аяғы «келіп, тексеріліп кетіңізші» деп жалынады. Әрине, «бұл – оның жұмысы» деушілер табылар. Десек те, өз денсаулығымызға өзіміз жауапты болуымыз керек емес пе? Біздің денсаулығымыз – дәрігер үшін, балаларымыздың білімі мен тәрбиесі – тәрбиеші, не мұғалім үшін қажет сияқты көрінеді. Өміріміз бен қауіпсіздігіміз МАИ қызметкері үшін керектей, соны көргенде ғана жанталасып қауіпсіздік белбеуіне қол созамыз. Түптеп келгенде, барлығы әркімнің саналы түрдегі іс-әрекетіне байлаулы.

 Көпшіліктің санасына әсерету, қоғамдық денсаулықты дамыту мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Аталмыш қызмет 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының негізінде жасақталды. Оның үстіне, Елбасы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революциялық жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек» деп тапсырма берген болатын.

Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі – әлемдік тәжірибеде бар жүйе. Ол – мемлекеттің қолдауын, қоғамның және тұрғындардың өз денсаулығын сақтау мен нығайтудағы бірлескен жұмысын білдіреді. Кеңес беру, ақпараттандыру, насихат жұмыстары арқылы саламатты өмір салтына дағдыландыру, қоғамда қалыптасқан сыңаржақ пікірлерді өзгерту – аталмыш қызметтің міндеттері. Сондай-ақ, санитарлықэпидемиологиялық қадағалау қызметтерінің міндеттерін де қоғамдық денсаулық сақтау қызметі атқарады. Бұл жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар жұқпалы емес ауруларға, психикалық денсаулықтың бұзылуына, тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және мониторинг жасауға бағытталған. Еліміздегі ұлттық скрининг бағдарламасы арқылы ерте анықталған қауіп-қатер факторлары мен ауруларға мониторинг жасау, сауықтыру, кәсіби және өндірістік ауруларды емдеуге көмектесу, сапалы тамақтануды ұйымдастыру, жалпы жұртшылықтың белсенділігін арттыруға атсалысу жұмыстарын қамтиды. Бұл жұмыстардың барлығы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарымен, санитарлықэпидемиологиялық, экологиялық, ветеринарлық қызмет көрсететін органдармен бірлесіп атқарылады.

– Біздің облыстағы қоғамдық денсаулық сақтау қызметі биылғы жылдың басында құрылды, – дейді аталмыш қызметтің басшысы Бибігүл Төлегенова. – Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Қоғамдық денсаулықты сақтау қызметі облыс бойынша иммундау шараларын, атап айтқанда, вакцинациямен қамту, мониторинг, екпе жасатудан бас тартушылармен жұмыс жүргізеді. Аймақтағы барлық скринингтік бағдарламаларды жоспарлаудан бастап, орындалуына дейін жауапты. Мектептердегі медицина мен суицидтердің алдын алу, облыс бойынша мемлекеттік міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын да жүргіземіз.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі саламатты өмір салтын қалыптастыру бойынша 12 ұлттық бағдарламаны жүзеге асырыпты. Жалпы саны 17 665 іс-шара өткізіп, оларға қатысушылардың қатары 350 мыңнан асып жығылған. Оның ішінде, медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерінде ашылған тоғыз жастар орталығын айрықша айтуға болады. Орталықтардағы гинекологтар, урологтар, дерматовенерологтар мен психологтар жастарды қабылдап, қажетті кеңес пен көмек беруде.

Аталған жұмыстар бір ғана қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің аясында емес, жалпы денсаулық сақтау саласына қатысты ведомстволардың бірлескен қызметі. Оның ішінде, тұрғындардың бастамалары мен жауапкершілік танытуы – басты басымдық. Жауапкершілік саналы қадамнан басталады. Елбасының «қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс» дегені ата-бабамыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген даналығына саяды.

 P.S. 15 қазан – сүт безі обырына қарсы халықаралық күрес күніне орай, қазан айының әр сенбі күндері (13, 20, 27) аймақтағы барлық емханалар мен облыстық онкологиялық диспансерде онколог-маммологтар жазылусыз қабылдайды. Мүмкіндікті мүлт жібермеңіздер!

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button