Салқар көшін тәуелсіздік бастаған

Бостандық. Тәуелсіздік. Азаттық. Еркіндік. Құдіреті күшті Жаратқан ием қалыптаған он сегіз мың ғаламның жанды-жансызында мағынасы мөлшерлес осы төрт сөзге тәу етпейтін болмыс-бітім бар ма екен?! Әй, жоқ-ақ шығар. Ұшқан құс торға түскісі келмейді, жүгірген аңның қораға қамалғысы жоқ, адамзат біткен қапастан қашады, тіпті, үйде өскен өсімдік те мойнын терезеге созады. Қоғамың да солай. Бірақ, күнделікті өмірде біз бұған мән бере бермейміз.

Алланың алқауымен сан ғасыр бойы сайын далада азаттық деп алысқан ата-баба арманы орындалып, толық тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де ширек ғасырдан асқан екен. Ғаламдық мөлшермен алсаң, қас-қағым сәт, адамдық өлшеммен келсең, бірғауым ғұмыр. Дегенмен, тәубе дейміз. Ел іргесін бекітті. Көк аспанмен ұласқан туын тігіп, төрткүл әлеммен Астана төрінде отырып тілдесер болды. Кеңес кезінде томағатұйық жатқан қазақтың адамзат қоғамдастығымен алыс-берісі, барыс-келісі ұлғайды. Орман елімен одақтаса, Қытай жұртымен қолтықтаса тірлік жасаудамыз. Атланттың әр жағы да, Батыс делінетін бер жағы да енді бөтен жұрт емес. Мұның бәрі – экономика мен мәдениеттің, саясат пен адам капиталының интеграциясы деген үдерістен туған қажет қарекеттер.

Алайда, қазақ қамсыз болмағаны жөн. Жалғанның жартысындай жеріміз бар, жарлының жалғызындай еліміз бар. Тұнған байлық, тусыраған дала. Бұл жұрт көңілін теспей ме, түрлі қиял кешпей ме?! Бармақтай бақты басып тұру үшін де бақырдай қорғасын керек екен. Бізде сол қорғасын бар ма? Қорғасын дегенім – халқың. Ұлтыңның, жұртыңның саны мен сапасы. Қазақ әуелден басқа жарымаған жұрт. «Әлхәмділдә, алты миллион қазақ бармыз», – деп іштей тоғая шүкіршілік еткен Ахмет Байтұрсынов атамыздан бері де талай тас тозып, талай су ағыпты ғой. Өскеніміз, өзгергеніміз қане? Ата жұртта әлі он миллионның әр жақ, бер жағынан асар емеспіз.

Жасыратын не бар, кешегі Кеңестік кеңістіктің құрсауында болған он-он бес елдің бәріне де тәуелсіздік Тәңірдің сыйындай болып келді. Негізінде, тәуелсіздікті барып, алатын…

«Барып алу» дегеннің мағынасы – белгілі бір тараптың бостандық жолында қамал алып, қаһар көрсетуі деген сөз. Тарлан тарихтың сәтті бұрылысы бізді ондай бұрқаныстан аман алып өтті. 1991 жылдың жазғы бір түнінде әбден бойымыз үйреніп кеткен кезекті бір тәуелділік ұйқысына бас қойған біз – ертесіне басымызды жастықтан Тәуелсіз ел болып көтердік. Ата-бабамыздың мыңдаған жылдар бойы қаны мен терінен түлеген Азаттық біздің есігімізді өзі ашып кірді. Көбіміздің «тәуелсіздік» деген ұғымның қаншалықты қастерлі, оған қол жеткізудің қаншалықты бақыт екеніне жете мән бермей жататынымыз – содан. Оның ың-шыңсыз келе қалғанынан.

Бірақ, тегін нәрсе болмайды. Тәуелсіздік – бір берілсе бедері таймайтын мерзімі шектеусіз құжат емес. Оны үнемі жасампаз іс, жанды әрекеттермен қуаттандырып отырса игі. Елдің экономикасы дербес, рухы мықты, сырттың ықпалынан ығыспайтын болғанда ғана саяси тәуелсіздік салтанат құрмақ. Әйтпесе, мәртебесі майысып, мұнарасы төмендейді. Осыны білген Алаш арыстары елді ел қылудың әйгілі бес мұратын белгілегенде ең алдымен жер мәселесіне көңіл аударған екен. Өйткені, жер дербес болмай, ел дербес болмайды.

Шыны керек, ел аумағының қызыл сызығын жүргізуді шешкенімізбен, қызығын көруді біз әлі бір ізге түсіре алған жоқпыз. Жертану ғылымының теңдесі жоқ ғалымы ретінде Орыс географиялық қоғамы білімдарларының бәрі мойындаған Әлихан Бөкейханның «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді» деген тұжырымы әлі өзекті. Қазақ енді ғана қалыптасып жатқан мемлекет. Экономиканың нарықтық қатынасына кіргеніне кемінде жүз немесе одан да көп уақыт болған қайсыбір елдер жерін жалға беріп, әйтпесе, сатып жатыр екен, – деп, егемендігін енді ғана есейтіп жатқан біздің де жүгіре жөнелуіміз жөн емес. Қайтарылуы тиіс нәрсеңді беру үшін де, қайтара алатындай қауқарың болуы керек. Бізде ондай қуат бар ма? Жоқ болса, оған қашан жетеміз. Ойлантатын-ақ сұрақ. Мәселен, шығыстан шұқшиып тұрған көршіңнің барған жерінен кетті, алған нәрсесін қайтарды, – дегенді ешкім естіген емес. Қазаққа қамсыз болма, – деудің бір мәнісі осы.

Алаш идеясының екінші бір ұстанымы – қазақ жеріндегі қазына атаулының бәрі ең алдымен сол жұрттың игілігіне бұйырсын болатын. Біздің де түп мұратымыз – осы. Бірақ, икемге көнбей, иеліктен кетіп қалған игіліктеріміз де жоқ емес. Соның бәрі сырттан инвестиция тарту дегеннен шығатын тәрізді. Қазына-байлыққа да, ішкі ресурсқа да осыншама бай елде қит етсе қарыз сұрап, қаймана жұртқа шаба жөнелуді – экономиканы дамыту тұтқасында отырған кейбір шенеуніктер жан қинамаудың тәсіліне айналдырып алған тәрізді. Әйтпесе, қайтарымы тез болатын бір салаға қолда бар қаржыны құйып, оны қалжырап жатқан екінші бір саланы сүйрейтін локомотив етуге, өз кезегінде орнынан тұрған оны шамасы келетін үшінші бір саланы көтеруге жегуге болар еді ғой. Сөйтіп, бір-бірін жетелеп өскен көп балалы үйдей, экономиканы да бір-біріне неге селбестіріп жібермеске?! Бірақ, бұған көп уақыт, төзім мен жігер керек. Олай ететіндей біздің шенеуніктердің «ақылын» біреу арқалап алып кетіп пе?! Одан да қаржысы қомақты біреуді шеттен алып келіп, келушіні де, өзін де майшелпекке мелдектеткені жөн емес пе?! Әрі шала-шарпы болса да шаруа бітіп қалады. Ал, қарызбен салынған нысан өзін-өзі ақтай ма, ақтаса қанша мерзімде? Оған бас қатырар бұлар емес. Өйткені, оны төлейтін өзі емес, келер ұрпақ. Мұндай мұратсыз ұстанымнан түбегейлі арылмасақ, елдің өз дәулетін өзіне енші етем деу бос сөз болып қалмақ. Тәуелсіз елдің ортақ қазанына ырысты салатын да, алатын да сол елдің сүттей ұйып отырған азаматтары болса қандай ғанибет?! Ал, бізде үлеске келгенде біреудің қолында «ковш», біреудің қолында шөміш жүретіні жасырын емес қой. Сондықтан, әлеуметтік әділеттілік «әткеншек» тепкен жерде Тәуелсіздік те теңселіп кететінін ескере жүрген жөн.

Алаш идеясының үшінші ұстанымында Ә.Бөкейхан: «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек», – деген екен. Яғни, шикізатыңды «пісіретін» өңдеуші кәсіпорының көп болсын. Бейнелеп айтсақ, тәуелсіздік те тірі жаратылыс. Ол – пенде баласынан бас құраған қоғамның саяси сипатта мәртебе алған рух бостандығының болмысы. Демек, мемлекеттің материалдық негізі нығыз болмайынша, тәуелсіздіктің де өркеші биіктеп, өзегі жалғанбақ емес. Әрине, ел экономикасын әртараптандырып, түпкі нәтижесін дайын өнім етуде бірталай тірлік жасалып жатқаны да рас. Бірақ бұл тоқмейілсуге себеп емес. Ішіп-жем, күнделікті тұрмысқа қажет заттардың көбі әлі де сырттан тасымалдануда. Бізге технологиясы жаңарған өндіріспен қоса, ауыл шаруашылығы дамыған аграрлы ел болу қажет-ақ. Бұл ретте ширек ғасырдан аса тәуелсіз ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстанның тындырған ісі сол ширек пайызға жетер ме екен деп күмілжісек, өзімізді төмендеткендік емес. Себебі, ең дамыған елдердің өзінің ішкі жалпы өнімінде аграрияның алатын орны осындай мөлшерде ғана. Соған жетер күн жақын болғай. Қазақ азық-түлік түрлерімен өзін-өзі толық қамтамасыз еткен күн – барша қауымның бақытқа кенелетін күні болары анық. Өйткені, бұл – бір азық-түлік молшылығының жетістігі ғана емес, басқа салаларымыздың дамуының да көрсеткіші болар еді. Осы орайда, бұрынғы колхоз-совхоздың міндетін мойнына алатын бүгінгі кооперативтерге артылар жауапкершілік жүгі ерекше.

Алашордашылар бағдарламасында белгіленген бес міндеттің төртіншісінде мемлекет құрушы ұлттың тілі мен дінінің үстемдігіне назар аударылғаны белгілі. Ұлттық идеологиямыз бен рухани ұстынымызды құрайтын бұл категориялар азат Қазақстанның Ата Заңында айқын көрініс тапқан. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болуы – барша қазақстандықтар үшін мақтаныш. Бірақ, нағыз мақтаныш оны өмірдің әр саласына дендей енгізгенде ғана мүмкін болмақ. Мемлекеттің мәйегі есептелетін жұрттың қазіргі тіл жағдайы оны хан тағына мінгізу үшін әлі де қыруар жұмыс жасау керектігін көрсетеді. Ол тілмен әуелі кеңсе сөйлеп, кеңсе жазуы керек. Кеңсесі жоқ заманда кемеңгерін сыйлаған қазақ, кеңсесі көп заманда соны ғана мойындайтынын жасырып қайтеміз. Кемеңгер айтса құлақ аспайтын кеңкелестің өзі, емен есіктен шыққан шешімге елең етуі мүмкін. Тек, осының бәрін үйлестірер кеңсесінің иесі кең, кемел болсын деңіз. Осы орайда мемлекеттік тіл кеңсеге кірмей көсегесі көгермейді, – дегенді айтқан ұлы Сәкен Сейфуллиннің ұлағаты еске түседі. Осы ұлағатты ұғып қана қоймай, іске асырғанда ғана мемлекеттік тіл тәуелсіздік тіліне, тәуелсіздікті тәу етуші барша жұрттың ұйыстырушы, ұғыстырушы тіліне айналмақ. Ал, дін, сенім әркімнің өз қалауындағы шаруа. Тек, имандылық пен адамшылық жолынан айнымаса болғаны.

Біз әңгімемізді Тәуелсіздік туралы ұғымнан, оның болашағына алаң-көңіл білдіруден бастай отырып, неге елдің экономикасы мен рухани өміріне қарай ойысып кеттік? Себебі, қазір мемлекеттер бір-бірін бағзы кездегідей ашық соғыспен емес, озат ғылым, өнегелі дәстүр, өміршең экономикасымен алатын болды. Бұрын қарсы тарапты қыдиып отырып икемге келтірсе, енді жымиып отырып жайыңды табады. Шартқа отыру үстінде сәтімен ойналған бір күлімсіреудің құны қаншаға түсетінін басқа білмесе де, біз білсек керек. Бәрі де «аларманға алтау аз, берерменге бесеу көптің» бәсіресі. Берекемді молайтып, беделімді асырсам, – деген бәсеке көңілдің желігі. Қоғамдастықта ондай кәделі орында тұру үшін не керек? Дәулет керек. Әрине, жеке адамның емес, жалпыға шапағаты тиер мемлекеттің дәулеті. Ал, оны жасау үшін не керек? Ұлтым, – деп соққан жүрек, жұртым, – деп жайылған ниет керек. Сонда ғана құйғаның қидаланып, жиғаның жұлмаланбайды.

Қазақ «малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», – деп бекер айтпаған. Мемлекетің малды, рухың әлді болғанда ғана тәуелсіздігің тәкаппар тұлғасымен асқақтамақ. Ал, барды ұқсата алмай, басқаға қолын жайған елден азаттық та алыстай бермек. Тәуелсіздіктің тірегі – халықтың қайсар рухы мен бәсекеге бекем экономикасы, – дейтіні содан. Ендеше, бір уыс халқымыздың басын көбейтіп, байлығын еселейік. Бостандықтың бойын сонымен өсіріп, буынын сонымен бекітейік. Елбасымыздың әуелі экономика, содан кейін саясат дейтіні әлі де көкейкесті. «Англияның қасы да, досы да жоқ, мүддесі бар» демеп пе еді бір кезде премьер У.Черчилль. Жұрттың бізде мүддесі болғанда, біздің жұртта неге мүддеміз болмасқа?! Мүдде дегеніміз – ұстағанның қолында арқанымыз кетпей, өзге жұрттан бір суыртпақ болса да жіп тарту. Тең атаның ұлы боп иық теңестіру. Сол күндерге жетейік салқар көшін Тәуелсіздік бастаған, салиқалы жұртым.

Абзал Бөкен

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.