Бас тақырыпРуханият

Сахнаның Жамалы

С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының белді әртісінің бірі – киелі сахнада 40 жылдан бері еселі еңбек етіп келе жатқан әріптесіміз, ҚР Мәдениет қайраткері Бижамал КЕМАЛОВА. Өнер шеберінің өрнегі мол өмір жолы – бүгінгі жастар үшін терең тағылым, өшпес өнеге.

Ол Мәшһүр Жүсіптей ғұламадан бастап, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаев сынды ұлтымыздың біртуар ұлдары дүниеге келген Баянауылда дүние есігін ашқан. Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айтып, би биледі, өлең оқып, көпшіліктің көзіне түсті. Бойындағы қасиетті топырақтан дарыған өнер ұшқынын осылай оқушы кезінен-ақ ұштады.

Бірде ауылға гастрольдік сапармен келген Сәкен театрының өнерін тамашалап, әртіс болсам деп армандады. Орта мектепті бітіріп, Қарағандыға жол тартты. Өзі спектаклін көріп, тәнті болған Сәкен театрының жанындағы театр-студиясына оқуға қабылданды. Оқи жүріп, театр әртістерімен бірге гастрольге шығатын. Сол кезде-ақ балауса Бижамал «Досымның үйленуінде» – Биғаным, «Қарагөзде» – Ақбала, «Ай тұтылған түнде» – Шафақ және тағы басқа рөлдерді сомдап, ерекше мектептен өтті. Ақбаланың рөлін сол кезде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханованың ойнағанын көріп, тәжірибелі әріптесінен көп нәрсені үйренгенін айтады.

Бижамал 1979 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтына қабылданып, Шолпан Жандарбекованың сыныбында оқыды. Театр өнерінің тарлан тұлғаларынан сабақ алды. Ұстаздары Б.Құндақбаев, Рудковскаяның айтқан өсиеттері әлі күнге құлағында. Драматургия тарихынан С.Жүнісов, Ә.Сығай сияқты мэтрлердің дәрісін тыңдады. Ұстазы – Асанәлі Әшімов дипломдық спектаклін қойды.

Институт бітіргенде басқа аймаққа жолдама берілгеніне қатты қиналды. Себебі, ол өзінің туған үйіндей болып кеткен Қарағанды театрына келмекші еді. Бақытына қарай ұстазы Рәбиға Қанабаеваның арқасында С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрына келіп, табан тіреді. Содан бері бар қажыры мен қайратын, таланты мен талабын сахна өнеріне арнап келеді.

Шығармашылық әлеуеті жоғары ол әлемдік классиканы да, ұлттық шығарманы да зор құлшыныспен, табыспен орындайды. Өзіне тапсырылған рөлдерге жауапкершілікпен қарап, түбегейлі зерттеп алады. Сахналық кейіпкерлерінің мінез-құлқын, ішкі жандүниесін ашып көрсетуге күш салатын еңбекқорлығына әріптестері де тәнті. Ешкімге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән шеберлікпен әр образды бүкіл жан-дүниесінен өткізеді. Сомдаған әр рөлі көрерменге ой салады. Шеберлігі соншалықты – көрген жанды сендіре, иландыра біледі.

Бижамал көптеген классикалық және бүгінгі заман тақырыбына арналған бейнелерді сахнаға өзіндік қолтаңбасымен шығара білді. Көп оқитын, эрудициясы жоғары әртіс үнемі ізденіс үстінде. Кейінгі буын, жастарға да қамқорлық танытып, білгенін үйретуден жалықпайды.

Ол А.Чеховтың «Шағаласында» – Полина Андреевна, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Гүлжамал, Ш.Мұртазаның «Домалақ анасында» – Зеріп, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» қойылымында – Елена, О.Бөкейдің «Желтоқсан желінде» – Анар, Ш.Уәлихановтың «Ағнұрында» – Жұпар, М.Байджиевтің «Ғашықтың тілінде» – Сүйімхан, Ә.Несиннің «Өлтірші мені, көгершінім» туындысында – Диха бола білді. М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиялық драмасында Ана рөлін сәтті сомдап, сыншылар тарапынан жағымды пікірлер айтылды.

«Мен классикалық шығармалардың талайын көрдім, Шекспирден бастап, орыс, қазақ классикасын зерделедім. Бүгінгі заманғы пьеасалар бойынша қойылған спектакльдер де тартымды. Кезіндегі Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Дулат Исабеков, Шерхан Мұртаза секілді жазушы-драматург ағаларымыздың қарымды қаламынан туған қандай шығарма болсын, әртістердің ойынына қанат бітіретін соқталы дүниелер. Өзім сол кездегі шығармаларды жақсы көремін. Айталық, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмасы қандай керемет дүние?! Адамды ойға қалдыратын осындай шығармаларда ойнаудың өзі шабытыңды еселей түседі.

Мәскеудегі, Санкт-Петербургтегі театрларда күні бүгінге дейін эксперименттік спектакльдер қоймайды. Оларда классикалық шығармаларды сахналап, бастапқы ұстанымдарынан айнымау салты бар. Ал, эксперименттік қойылымдар – жаңадан ашылған театрлардың еншісінде. Бізде де ұлттық мазмұндағы шығармалар көбірек сахналанғаны жөн. Найман ана, Қарқабат ана, Томирис секілді аналарымыз туралы спектакльдер қойылса, тәрбиелік мәні болар еді. Сонымен қатар, Мәншүк пен Әлия сияқты батыр қыздарымызды кейінгі буынға таныстыратын спектакльдер болса? Оларды біздің ұрпақ жақсы біледі, жас буын да білсе екен деген тілек – менікі» деген ойларымен бөліседі сахна саңлағы.

Кейіпкеріміз театрды биікке көтерген Жәмила Шашкина, Қайныкен Әлімбаева, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева, Мәриям Мұқатаева сынды майталман аға-апаларын үлгі тұтады. «Сол уақыттардағы керемет режиссердің бірі – Астана театрының іргесін қалаған, кезінде Қарағанды театрында қызмет еткен ұстазым, марқұм Жақып аға Омаров болатын. Сәкен театрында ол кісінің өзіндік қолтаңбасы қалды» дейді Бижамал Далабайқызы.

Ұстаздары мен аға әріптестерін ыстық ықыласпен еске алатын Бижамал Далабайқызы – белгілі театр және кино актері Қайрат Кемаловтың жары, отбасының ұйытқысы, балаларының анасы. Екеуі өмірде де, өнерде де қол ұстаса жүріп, қазақ театр өнері мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандар. Бірін-бірі толықтырып тұратын талантты әртістер шығармашылық жолда ынтымақтаса еңбек етеді. Ой бөлісіп, пікірлесу барысында рухани байып қана қоймайды, бейнелейтін образдарын қырлап, қашап, жетілдіру арқылы бірін-бірі өнер биігіне жетелейді.

Бижамал Кемалованың жарқын еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол 2000 жылы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2002 жылы Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. 2006 жылы «Ең үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша Қарағанды облысы әкімінің арнайы сыйлығын алса, келесі жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінң Құрмет грамотасына ие болды. Көптеген театр фестивальдерінің лауреаты және дипломанты.

Ұл-қыз өсіріп отырған өнерлі отбасының отанасы, әріптесіміз Бижамал Кемалованың көрерменді тәнті етіп, көкірегіне шуақ құяр сахналық образдары әлі де мол болары анық.

 Алма БЕКБОЛАТОВА,

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button