Коронавирус

Сақтықты ұмытпаған абзал

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq Qazaqstan

Төтенше жағдай режимі аяқталғалы аймақтарда карантин шаралары ахуалға сай біртіндеп алына бастады. Осы орайда, талап жеңілдетілді деп, тым еркінсіп кетуден абай болған жөн. Себебі, облыста инфекция жұқтыру жағдайлары әлі де тіркелуде. Бұл – коронавирус инфекциясына талдау ауқымының кеңеюімен түсіндіріледі. Өткен тәуліктің өзінде облыста инфекция жұқтырудың 24 жағдайы тіркелген. Сондықтан, әр адамның қауіпсіздік шараларын мұқият ұстануға пейілді болғаны абзал.

Covid-19 диагнозы расталғандардың 13-і – қарағандылық, 11-і – теміртаулық, 1-і – Ақтау қаласынан. Пациенттер бұған дейін коронавируспен ауыратындармен жақын қарым-қатынаста болған. Қазір олар инфекциялық стационарда ем алуда. Індеттің алдын алу мақсатында науқастармен байланыста болғандарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жұқтыру ошақтары залалсыздандырылады. Қазір, төтенше жағдай режимі алынып тасталғанда, сырқатты жұқтырмау тәсілдерін насихаттаумен қатар, дерттен айыққандар санының ұлғаюына тілектестік танытып, алдағы өмірді, яғни, вируспен бірге қалай өмір сүру қажеттігін айту – маңызды. Бұл – әлі де бірегей қажеттілік. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көпжасаров індеттің екінші толқыны алдағы күздің екінші жартысына болжанғанын айтқан болатын.

Ал, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантин шаралары коронавирус індетінің таралу қарқынын 52 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бергенін айтты. Демек, коронавирус жер бетінен жоғалып кетпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ол жер бетіне тұмау тәрізді асқан жылдамдықпен тарады. Оның басты ерекшелігі де осында. Мутацияға ұшырау жолымен жануарлардан жұққан вирустың жер шарына жасаған қарқынды «шеруінен» оның осы өміршеңдігін бағамдауға болады. Осы ретте көңілді бір тоғайтар тұсы – әрісі, кез-келген вирустың адамнан адамға жұққан сайын әлсірей беретіндігі, берісі, ғылым мен техника дамыған заманда дәрігерлер мен ғалымдардың оның жолын кесіп, мүлдем жойып жіберу мүмкін болмаса да, күшін әлсіретіп, маусым сайын айналып соғатын әдеттегі тұмау дәрежесіне жеткізері анық. Тек осы кезге дейін жұқтыру үдеп кетпеуі үшін, сақтық шараларын ұстанған жөн. 19 мамырдағы жағдай бойынша Қарағанды облысында инфекция жұқтырудың 287 жағдайы тіркелген, оның ішінде 3 науқас көз жұмды және 156 адам сауығып шыққан.

Басқа материалдар

Back to top button