Сағат БАТЫРХАН. Бастық

Біз Арқаға Мағаштан 2 жыл кейін келдік. Ол «Орталықтың» ал, мен радио мен телевидениенің қазанында қайнадым. Әріптестігіміз бен құрдастығымыз өз алдына, Мағаш «сен, менің ер-азамат қатарындағы досымсың», – деп Сашка деуші еді. Қанша ауырса да, дәл осылай жылдам жоғалтып аламыз-ау деп ойламаппыз. Өйткені, оның рухы мықты, азаматтығы асқақ, жаны таза, жүрегі ақ, пейілі кең еді. Ешкімді алаламайтын, бәрін бауыр көретін. Жасы кіші әріптестерден ақылын аямай, журналистерге идеясын да төгіп-төгіп тастайтын. Сондай көшбасшылығынан мен оны бұрыннан «Басеке» дейтінмін. Кейін «Орталықтай» ордалы басылымның тізгінін ұстап, 21 жыл Бас редактор болғанда, «Басеке, басеке», – деп жүріп, «осы сен мені бастық қылған», – деуші еді. Журналистің ғажабы да, азабы да мол шығармашылық жолында жан досым Мағаштан үйрендім, үлгі алдым. Оның қасында әлсіздерге жол жоқ, нашарлық пен надандыққа орын болмайтын. Сондықтан сен де алға ұмтылып, дәл сондай бола алмасаң да, деңгейінен табылуға тырысасың.

Ол жалғандыққа жаны қас, көлгірсіп, өтірік күлетіндермен жау болатын.

 Қысқа сөйлеп, нұсқа жазумен-ақ ұлттық, мемлекеттік мәселені көтеріп, елге, Тәуелсіз қазақ жұртына перзенттік адал қызмет етті.

Мен Прагада жүргенде екі рет іздеп барды. Жалғыз емес. Мейраш екеуі «Сендер Еуропада ұлттық болмыстарыңды жоғалтып барасыңдар», – деп әнші-күйші жігіттерді ерте келіпті. Сол шақта Прагада тұрып жатқан классик жазушы М.Мағауиннің 70 жылдығын Влтава өзенінің бойымен жүзген алып кемеде тойлап, үйге қайтып келе жатқанымызда түн жарымнан асқан, бәріміз улап-шулап соңғы трамвайға мініппіз. Қолымызда домбыра, жанымызда Құрмаш әнші трамвайдағы чехтардың құлақ құрышын қандырдық. Сонда трамвай жүргізуші чехтың кабинасының есігін ашып қойып, әуелеген қазақ әнін тыңдап, «Айта түсіңдер, тағы да, тағы» – дегеніне Мағаш балаша қуанып, жүрегі жарылардай болып еді. Тау тұлғасымен балаша секіргенде одан бақытты жан жоқ еді әлемде.

Балаларымыздың барлық қызық-қуанышын бірге тойлап, кем-кетігін бірге толтырып жүруші едік. Орның ойсырап қалды.

Бақұл бол, қош, Мағаш, қош, Бастық!